«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ресейлік жоғары оқу орнының филиалы ашылады

Ресейлік жоғары оқу орнының филиалы ашылады
ашық дереккөз
Ресейлік жоғары оқу орнының филиалы ашылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білікті техникалық мамандықтарды даярлау мақсатында өңірлерде әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл тапсырманы орындау бағытында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің өкілдерімен іскерлік кездесу өтті. Басқосуға көрші мемлекеттің іргелі оқу ордасы ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының докторы, профессор Илья Воротынцев, оқу ісі жөніндегі проректор, химия ғылымдарының кандидаты Федор Колоколов, аппарат басшысы Вера Леонова мен «УРАЛХИМ» біріккен химиялық компаниясы Бас директорының орынбасары Александра Глазкова арнайы қатысты. Жиын барысында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов университеттің технолог мамандар даярлау жұмысына кеңінен тоқталды. Мұхтар Қазбекұлы өз сөзінде білім беру бағдарламалары, дуальдық оқыту жүйесі және болашақ мамандар үшін ұсынылатын өндірістік алаңдар жөнінде тарқатып айтты. – Қазіргі таңда университет басшылығы тарапынан химия өнеркәсібінің барлық талаптарына жауап беретін түлектердің моделін әзірлеу және өзектендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Дәл осы міндеттерді шешу және жоғары білікті мамандарды оқыту мен даярлау сапасын арттыру үшін өткен жылдың тамыз айында «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің базасында өндірістік оқу бөлімін ашу туралы ұсыныс жасалды. Осы орайда, ұтымды ұсыныс білдірген серіктестігінің бас директоры Ғани Тоқсанбаевқа өз ризашылығымызды білдіреміз. Шын мәнінде, мұның бәрі студенттердің тәжірибесін толықтыруы үшін қолға алынып отыр. Бүгінде біздің университеттің базасында ресейлік жоғары оқу орнының филиалын ашу перспективалары талқылануда, – деді университет ректоры. Кездесу соңында қос елдің жоғары оқу орындары мен «Қазфосфат» серіктестігі арасындағы іскерлік байланысты арттыру үшін үшжақты келісім жасалып, меморандумға қол қойылды. Бұдан кейін мәртебелі меймандар Дулати университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының және ғылыми-зерттеу лабораториясының жұмысымен танысты. Сондай-ақ «Қазфосфат» серіктестігі «Минералды тыңайтқыштар зауытының жұмысын көрді.  

Есен ӨТЕУЛІ

     

Ұқсас жаңалықтар