Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың жайы қалай?
Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен облыс әкімі аппаратының кеңесі өтті. Онда облыстың үстіміздегі жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздік күні мерекелеріне дайындық барысы күн тәртібіне қойылды. Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады.
Басқарма басшысы хабарлама барысында Елбасының 2014 жылы экономиканың өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп, инфляция деңгейін 6-8 пайызбен ұстап тұру жөніндегі міндеті қойылғанын атап өтті. Дегенмен, ел бойынша жыл басынан бері экономикалық баяу өсім орын алып, инфляциялық үрдістердің күшейе түсуі байқалып отыр. Соған байланысты Үкіметте экономика салалары және еліміздің өңірлері аралығында мақсатты индикаторлар мен шаралар нақты белгіленген экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіліпті. – Осы іс-шара жоспарының мақсатты индикаторларына сәйкес 2014 жылы облыста өнеркәсіпте нақты көлем индексі – 102,1, ауылшаруашылығында – 98, құрылыс жұмыстарында –109,3, саудада – 114 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілуі қажет. Инфляция деңгейі жыл қорытындысы бойынша 104,8 пайыздан аспауы тиіс. Облысымыздың үстіміздегі жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы өнеркәсіптегі нақты көлем индексінің 102,5 пайыз деңгейінде қалыптасқанын көрсетеді. Бұл жоспарланған мақсатты индикатордан 0,4 пайыздық пунктке артық, – деді Жомарт Әмірханов. Бұған қоса хабарламашы осы іс-шара жоспарын жүзеге асыру шеңберінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кейбір мәселелері шешімін тапқандықтан, химия өнеркәсібінде өндіріс көлемінің 3,1 пайызға артып, бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінде 1,2 пайыз өсімге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін де айта кетті. Өнеркәсіп саласы шеңберінде де кен өндіру және электрмен жабдықтау, ауа баптауда жақсы өсу серпіні байқалады. Сондай-ақ, химия, тамақ, өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, машина жасау салаларында көрсеткіштердің артуына байланысты өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсіміне қол жеткізілген. Сонымен қатар, өткен жылдың деңгейіне 2013 жылдың сәуір айынан бері «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-ның жұмысы тоқтап тұруына байланысты металлургия өнеркәсібінің өндірісі – 3,8 пайызға, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС кәсіпорнында өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты мұнай өнімдері – 60 пайызға, «Тараз былғары аяқкиім» ЖШС өнімдеріне тапсырыстың болмауына және «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-ның ұзақ мерзімге тоқтап тұруына байланысты жеңіл өнеркәсіп өндірісі 20,7 пайызға жетпейді. Ал ауылшаруашылығында жалпы өнімнің нақты көлем индексі ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында мақсатты индикатордан 1,2 пайыздық пунктке төмен. Автобан мен газқұбыры магистраліндегі құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі жоспардағы 109,3 пайыздық жылдық мақсатты индикаторға жете алмай, небәрі 87,4 пайызды құраған. Инфляция төңірегінде де облыста анау айтқандай ауытқушылық жоқ екен. Облыстың бас экономисінің хабарламасына сүйенсек, инфляция деңгейі 2014 жылғы қазанда 2013 жылғы желтоқсанға 106,6 пайызды құраған, мұнда мақсатты индикатор – 107,8 пайыз. Тағы бір айта кетерлігі, азық-түлік тауарлары 6,1 пайызға, азық-түлік емес тауарлары 6,7 пайызға, ақылы қызметтер 7 пайызға өскен. Өңірлер бөлінісінде Шу (145,3 пайыз), Қордай (122,7 пайыз), Мойынқұм (112,5 пайыз) аудандарында өнеркәсіп өндірісінің айтарлықтай өсімі байқалып отыр. Керісінше үш ауданда – Жамбыл (53,2 пайыз), Меркі (12,4 пайыз), Жуалы (7,3 пайыз) аудандарында өнеркәсіп өндірісі төмендеп кеткен. Осылайша экономиканың әр саласы бойынша жоспардағы мақсатты индикатордың қамтамасыз етілу деңгейін шолып шаққан басқарма басшысы экономика салалары бойынша биылғы қаңтар-қазан айларындағы қорытындыны ескере отырып, мақсатты индикаторлар өсімін қамтамасыз ету үшін жылдың соңына дейін қабылдануы қажет төрт пункттен тұратын шараларды атап шықты. – Негізі бізде барлық көрсеткіштер орындалған. Тек қазіргі таңда жыл соңына дейін инвестиция мен құрылыс жұмыстары мақсатты индикаторының қамтамасыз етілуі қауіпті болып тұр. Егер, өткен жылғы газ құбырларын есепке алмасақ, бұл көрсеткішті де жақсы деуге болады. Өйткені өткен жылғы соңғы екі айда 100 миллиард теңге көлеміндегі құрылыс жұмыстары тек осы газдандыру саласы бойынша тапсырылған. Сондықтан осы жерде аздаған қауіп бар, – деді сөзінің соңында Ж.Әмірханов. Бұл бойынша облыс әкімі бірден облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевке сауал жолдады. «Газ құбыры мен жолды есептемейтін болсақ бүгінде облысқа салынған инвестицияның нақты көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 180 пайызды құрады», – деген С.Мәдиев газ бен жол бойынша көрсеткіштер шықпай тұрғанын растады. Осы бойынша облыс әкімі Сырым Мәдиевке жыл бітуіне аз-ақ уақыттың қалуына байланысты тез арада жұмысты жоспарлап, аудан әкімдерімен бірлесе тиісті шараларды қолға алуды тапсырды. Облыстың өнеркәсіп саласында қалыптасқан жағдайға байланысты индустриялық жобалардың ашылуы уақытынан кешігіп жатқанына Кәрім Нәсбекұлы ренішін білдірді. Мәселен, Мойынқұм ауданындағы «Компания Мың-Арал» ЖШС, Қордайдағы «Vista international» ЖШС-дағы қайта жаңғырту жұмыстарының шегерілуі, «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-ның әлі іске қосылмай жатқаны облыстың көрсеткішіне едәуір кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиевке штаб құрып, аудандарға шығып, жұмыс істеуді тапсырды. Сондай-ақ, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС-дағы проблемаларға байланысты зауыттың мазут өндірісінде қиындықтар орын алуы мүмкін. Ол өз кезегінде «Жамбыл ГРЭС»-ке меморандум бойынша жеткізіп беруі тиіс 20 мың тонна мазутты өндіруге кедергі болатын сыңайлы. Бұл бойынша аймақ басшысы Жамбыл ауданының әкіміне қосымша міндеттер жүктеді. Аппараттық кеңес күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов баяндады. Ол хабарламасында аудан әкімдері мен мүдделі басқармаларға, оқу орындарына бағдархат жолданып, іс-шаралар жоспарының бекітілгенін жеткізді. Жалпы, ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай облыста 135 іс-шара белгіленіп отыр. 28 қарашада облыстық қазақ драма театрында «Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы Тұңғыш Президенттің рөлі» атты ғылыми-практикалық конференция, «Кемелді келешекке – кемеңгер басшымен!» атты облыстық жастар форумы өткізілмек. Сондай-ақ, кеңес соңында облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова Алматыдағы колледжде орын алған жарылыстан кейін облыстағы барлық оқу орындары тиісті мамандардан құралған арнайы жұмыс тобымен тексеріліп шыққанын және оқушылар өміріне қауіп төндіретін ешқандай да қарулардың кездеспегенін мәлімдеді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді