Егер біз жұмыр жерді ортақ үйіміз десек – онда сол үйдің бір мүшесі ретінде қазақ елін де айтар едік. Өйткені, баршамызға ортақ – жалғыз аспан, жалғыз жер, жалғыз ауа екендігі белгілі. Осы үйге қатысты барлық ішкі және сыртқы саясаттың мәселелері біздің елге де қатысты. Одан өзіңді сырт ұстау – әлемдік өркениеттен қалыс қалу деген сөз.
Бүгінгі таңда мұнай бағасының құлдырауы, әлемдік экономиканың әлсіреуі қаржылық дағдарысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Егер ел басына күн туған жағдайда қиын-қыстау кезеңнен халқымызды аман-есен алып шығуға ең алдымен Елбасы сонан соң іс басында отырған азаматтарымыз мүдделі болады. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан Президентіміздің көреген саясатының нәтижесінде сүрінбей өткенімізді әлі ұмыта қойған жоқпыз. Осындай дағдарыс елімізде тағы да қайталану мүмкіндігін дер кезінде ойластырған Елбасы жылдағы Жолдауын халқымызға әдеттегіден ерте жариялады. Оны жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп берді. Шынында да бұл Жолдауды басынан аяғына дейін теледидардан көріп, тыңдаған адам қызу қуаттады деп ойлаймын. Жылқы жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Жолдауда белгіленген жоспарлар мен бағдарламаларды жыл басына дейін әрбір ұжымдарда талқылап, тиісті шаралар қабылдап, келер жылдың басынан іске асыруға кірісу керектігі айтылды. Биылғы Жолдау несімен құнды, қандай мәселелерімен халықтың жүрегінен жол тапты? Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында былай деп атап көрсетті. «Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үрдістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда». Міне, осы жағдайларға байланысты Елбасымыз Үкіметке шұғыл тапсырмалар беріп, оның алдағы жылдан бастап орындалуын талап етті. Сонымен еліміздің өсіп-өркендеуі үшін ең бірінші мақсат – көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды қарқынды түрде дамыту болып табылады. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды, энергетиканы, тұрғын үй-комуналдық шаруашылығын, су және жылумен қамтамасыз ету желілерін жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді белсенді түрде дамыту, шағын және орта бизнесті іскерлікпен қолдау сияқты өзекті және өміршең мәселелерді шешу – Жолдаудағы негізгі атқарылар ауқымды шаралар екендігі белгілі. Осы қыруар істер әрине өздігінен шешіле қоймайды. Оған қомақты қаражат керек. Осы мәселені тереңінен қарастырған Президентіміз ұлттық қордан жыл сайын 3 миллиард долларға дейін қосымша қаражат бөлуді ұйғарып отыр. Мұның өзі қаражат дағдарысынан сүрінбей өтудің тиімді бір жолы деп ұғынуымыз керек. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы ауқымды қадамымыздың бірі болмақ. Сондықтан Жолдауда көрсетілген халқымыз үшін қажетті құнды мәселелердің нәтижелі болуы үшін билікпен қоса қарапайым еңбек адамдары да жұдырықтай жұмылып, атсалысқаны дұрыс болады. Сонда ғана «Қазақстан-2050» Стратегиясының алға қойған бағдарламасы ойдағыдай орындалатыны сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында айтқан мына сөздерін қалайша тебіренбей оқи аласың. «Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, Тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі» деген болатын.Бұл Жолдауды оқыған сайын «шіркін-ай, Елбасы көздеген, ел армандаған сол заманда өмір сүріп, қуатты Қазақстанды өз көзіммен көрсем-ау» деген ұшқыр ой бойыңды билейтіні сөзсіз. Алла нәсіп етіп, Мәңгілік Елдің ғажайып кездерін көретін ұрпақ – бақытты. Тәуелсіздігімізді бекітіп, көршілес мемлекеттермен шекарамызды айқындап алғаннан кейін өз халқымыздың тарихына да үңіле бастағанымыз да – ұрпаққа өнеге боларлық қасиетті іс. Елбасы Жолдауында нақты айтылған ұсыныс – қазақ хандығының 550 жылдығын ұлт болып ұйысып, атап өту. Сондай-ақ келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу де Жолдаудың салмағын арттырып тұрғандай. Жолдауда айтылған іс-шаралардың ойдағыдай орындалуы үшін Алла Тағала халқымызға тыныштық пен береке-бірлік, таусылмас ерік-жігер мен күш-қайрат берсін, – деп тілейік. Қорыта айтқанда Президентіміздің халқына ұсынып отырған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты мазмұны терең Жолдауы Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен оның халқының баянды да бақытты, бейбіт өмір сүруінің кепілі болар деп сенеміз.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді