«Медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді»

«Медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді»
ашық дереккөз
«Медицина – адамды, ветеринария – адамзатты емдейді»
Ветеринария саласына баса мән берілуінің арқасында мал ауруларының алдын алу жақсы жолға қойылып келеді. Жалпы қоғамда «Медицина адамды ғана емдесе, ветеринария – адамзатты емдейді» деген тәмсіл қалыптасқан. Сондықтан мал ауруларына қарсы жұмыстардың жоспарлы жүргізілуіне ветеринариялық зертханалардың да қосып отырған үлесі қомақты. Жалпы соңғы жылдарда осы салаға көп көңіл бөлінудің арқасында, әсіресе жұқпалы ауруларға қарсы іс- шаралар жүйелі атқарылуда. Нақты нендей іс-шаралар қолға алынып отырғаны туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ветеринариялық бақылау және қадағалау» комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Ерсін Замишевпен сұхбаттасқан едік. – Ерсін Рысбекұлы, бүгінгі таңда сіз басқарып отырған мекемеге жүктеліп отырған жүктің салмағы зор. Өйткені адамға малдан жұғатын аурулар көп. Сол ауруларды анықтап, көзін жою – сіздердің міндет. Бүгінгі таңда қандай жұмыстарды басшылыққа алып отырсыздар? – Дұрыс айтасыз. Ветеринария саласы жалпы адамзатты емдейді десек, артық айтқандық емес. Өйткені ауылды жердің тұрғындары күнделікті малмен жұмыс жасайтын болғандықтан, етін жеп, сүтін ішкендіктен де ауру малдың дерті адамға жұғу қаупі жоғары. Сондықтан да біз ауру малдың қан сынамасын немесе етін зертханада химиялық қоспалар арқылы анықтаймыз. Бүгінгі таңда біздің облыстық филиалдың құрылымында 9 аудандық ветеринариялық зертхана жұмыс істейді. Бес аудандық зертхана мен біздің облыстық филиал жаңа типті модульді ғимаратта орналасқан. – Мекеменің негізгі міндеті туралы айта отырсаңыз. – Біздің мекемеге жүктелген жауапкершілік жүгі жоғары. Яғни, мекеменің басты мақсаты – ветеринария саласындағы нормативтік- құқықтық актілерінің талаптарына сай жануарлар, құстар және жануарлар мен адамдардың ортақ аса қауіпті ауруларын анықтау. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдеріне зерттеулер жүргізу, бастысы, облыс аумағын жұқпалы аурулардан қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы біздің мекемеде «Ветеринария» туралы Заңының 11-бабына сәйкес төмендегідей функциялар жүзеге асырылады. Атап айтсақ, уәкілетті органмен бекітілген аса қауіпті аурулардың тізіміне, жергілікті атқарушы органмен бекітілген энзоотиялық аурулардың тізіміне сәйкес зерттеулер жүргізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу, ветеринариялық- санитариялық сараптама, биологиялық қалдықтарды жою, дезинфекция сапасын бактериологиялық зерттеулер. Жоғарыда аталған заңның 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Кеден одағына кіретін мемлекеттердің немесе өзге мемлекеттерден тасымалданатын тірі жануарлар мен олардан алынатын өнімдері мен шикізаттарын жеткізу барысында, мемлекетіміздің шекарасы арқылы жұқпалы аурулардың өтпеуіне бағытталған жануарларды карантиндеу кезеңінде балау жұмыстарын жүргіземіз. – Сіздердегі жұмыс бөлінісі қалай құрылымдалған? Барлығы бір орталықтан ба әлде жеке-жеке бөлімде зерттеу жұмыстары жүзеге асырыла ма? – Біздің филиалдың жұмыс құрылымы үш бөлімнен тұрады. Атап айтсам, бірінші бөлім – сынама қабылдау және ақпарат беру бөлімі, екіншісі – жануарлар ауруларын балау зертханасы, үшінші бөлім – азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы. Сынама қабылдау бөлімі филиал басшысымен бекітілген қызмет тізіміне сәйкес ветеринария саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді қолдана отырып сынамаларды қабылдау, зертханалық зерттеулерге бағыттау, бақылау сынамаларын сақтау және сараптама актісін беруді жүзеге асырады. Екінші бөлім – жануарлар ауруларының балау зертханасы серологиялық, вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Барлық зерттеу түрлерінен 2021 жылы 10 943 364 зерттеу, былтыр 10 863 467 зерттеу жүргізілген. Азық-түлік қауіпсіздігі зертханасы ауылшаруашылық өнімдеріне 12 түрлі зерттеу жүргізеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық көрсеткіштері бойынша 2021 жылы 105 994, былтыр 93130 зерттеу жасалды. Облыс аумағында ішкі сауда объектілерінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында филиал қызметкерлерімен ветеринариялық- санитариялық сараптама жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне ветеринариялық-санитариялық сараптаманың барлық көрсеткіштері бойынша 2021 жылы 21597 зерттеу, өткен жылы 69443 зерттеу жүргізілген. Осы жүргізіліп жатқан барлық зерттеулер аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және халық тұтынатын мал өнімдерінің сапасын қадағалаудың нәтижесінде облыс аумағының ветеринария саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. – Зертханалар бүгінгі уақыт талабына жауап беретін құрал- жабдықтармен қамтылған ба? – Филиал бойынша қызметкерлердің штаттық саны – 219. «Республикалық ветеринариялық зертхана» орталық аппарат басшылығы халықаралық сапа стандартының талаптарына және уақыт талабына жауап беретін барлық керекті зерттеулер жүргізу үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Сонымен қатар жұмыс барысында қауіпсіздікті сақтау үшін қызметкерлер арнайы жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Жануарлар ауруларына зерттеу жұмыстары классикалық әдістермен қоса, ветеринариядағы ғылымның соңғы зерттеу әдістері – «иммуноферментті талдау», «полимеразды тізбектелген реакциясы» кеңінен қолданылуда. Зерттеу жұмыстарына қолданылатын барлық диагностикумдар, реактивтер халықаралық стандарттарға сай келеді. Мекеме қызметкерлері коронавирус індетіне қарсы күресте де өз міндеттерін абыроймен атқарды. Үкімет бұйрығына сәйкес 2020 жылы біздің филиал және санитарлық- эпидемиологиялық департаменті екі мекеме арасында коронавирус індетімен күресу мақсатында диагностикалық зерттеулерді бірлесе отырып жүргізді. Біздің филиалдың мамандары Қордай аудандық ветеринариялық зертханасында «полимеразды тізбектелген реакциясы» әдісімен зерттеу жүргізіп, облыс аумағында коронавирус індетінің таралмауына өз үлестерін қосты. Мекеме бұдан ары да өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен және жауапкершілікпен атқаратын болады. – Сұхбатыңызға рақмет.  

Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.

 

Ұқсас жаңалықтар