Алғабас мектебінің жарығы
(Эссе)
Соғыстан кейін ауылдарда болған ірі өзгеріс – кеңшарлардың құрылуы еді. Әйтеуір көшеде тырылдаған тірәктір, гүрілдеген мәшине қаптады. Содан соң орта мектептер ашылды. Бірақ біздің Бостандық кеңшарының орталығында алғашқыда лайық жай болмады да, орта мектеп Алғабас жетіжылдық мектебінің негізінде ашылды. Бірнеше жылдан кейін ғана кеңшар орталығына көшіп келгенімен атауы күні бүгінге дейін сол күйінде қалды. Ал Алғабас деген ұзын бір көшеден тұратын ауыл Бостандық кеңшарының құрамына кіргенге дейін іргесіндегі Бірлік, Жәрдемші, Шаруашылық ауылдарын біріктірген ұжымшардың орталығы болыпты. Сол кездегі ұжымшар басшыларына рақмет, әйтеуір, он екі майда ұжымшардың балалары сыйып оқиды осында он жылдық ашылған соң. 1959 жылы бұл мектепке 9-сыныпқа мен де келдім. Аққұмда жетіжылдықты бітірген соң бірден келе алмап едім. Өйткені Бірлік ауылында біздің әулеттің түп нағашылары Сейіт пен Мұсаның үйінде әпкелеріміз бен ағаларымыздан бос орын болмады. Сондықтан олардың алды, оқудан кеткен соң барып Сейіт аға мен Жәсира жеңешемнің үйіне сыйыстым. Орта мектептің жөні бөлек екен. Әсіресе мұғалімдерін айтсаңызшы. Аққұмда жоғары оқу орнын күндіз оқыған бірде-бір мұғалім болған жоқ еді. Ал мұнда біз үшін қол жетпес арман болып есептелетін ҚазҰУ мен ҚазҰПУ-ді күндіз оқып тауысқан мұғалімдер дәріс береді. Тіпті директорымыз Шайбек Шоңов ҚазҰУ-ін үздік бітіріп шығыпты. Математик Нұрғали Аманбаев, химик Бегалиев, орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Вера Сергеевна Симбиркина, Надежда Петровна Мохначева сырттай оқыса да өзінің әдебиетке деген шексіз құштарлығы біздің де көкірегімізге от жаққан Рымбек Дүйсенбеков, бәрі де ғажайып ұстаздар еді. Жер ортасынан асқан жасымда олар есіме жиі түсетінді шығарды. Тіпті оқыған дәрістері ғана емес, түр-тұрпаты, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзінің өзі үлгі еді ғой ол аға-әпкейлеріміздің. Жалпы, бір тірлікті бастау алдында күні бүгінге дейін Ырғалбай Төлегенов ағайды еске аламын. Шаңы бұрқыраған Алғабаста көйлегін кір шалдырмаушы еді-ау. Ал ми батпақта бәтіңкесі тап-таза жүретін. Бірақ сондай бола тұра кез келген іске білек сыбанып кірісіп кететін еңбеккеш те болатын. Ал бұл мақаланы мен солардың бірі – Елден Аққошқаров ағайдың өмірден озғанының жыл толуына орай жазып отырмын. Ол кісі физик болғанымен әдебиетті де, тарихты да жақсы білетін еді. Керек болса науқандық саясатты да сауатты түсіндіре алатын бірегей ұстаз-ды. Сондықтан да біз тоғызыншы-оныншы сыныптың оқушылары пәніне қатысы жоқ сұрақтарды да жиі қоятын едік. Тіпті әдейі қиын сұрақтар әзірлейтінбіз. Ол кісі білмесе «білмедім» деп еш қысылмай айтушы еді. Содан соң жауабын кейінірек берейін дейтін. Шынында да келесі жолы қанағаттанарлықтай жауап алып, көңіліміз марқаятын, қиялымыз қанаттанатын. Ол кісі қай кезде, қандай жағдайда сұрасаң да жауап беруден әсте жалықпайтын-ды. Қайта сұраған сайын уақытпен еш санаспай шаршағанын да білдірмей, ықыласын да кемітпей жауап беретін еді-ау! Шәкірті бірдеңені білген сайын жүзі нұрланып, шуақтана түсетін. Енді білдік. Тек осындай қасиеті арқылы ғана таниды екенсің ғой нағыз ұстазды. Содан соң... құр аузымен ақыл айтып, түсіндіріп қана тынбайды екен нағыз ұстаз. Қай істі болмасын өзі бастап көрсетіп, саймандарын да тауып беретін. Өйткені мектептерде шеберхана дегендер жаңадан ашылғандықтан онда құрал-сайман жетіспейтін. Мектебіміз Алғабас ауылының шығыс жағындағы ашық алаңға орналасқан болатын. Ортасын үлкен арық бөліп жататын. Ал оңтүстіктегі Бірлік ауылы осы мектепке қарай созылып, едәуір жақындап қалды. Мектеп ғимаратының пішіні П тәрізді еді. Міне, сол «П»-ның дәл ортасы әжептәуір төбе болатын да біздерге көп қиындық тудыратын. Сондықтан басшыларымыз бізге сол төбені тегістетті. Әрқайсымыз үйімізден кетпен, күрек алып келіп, сол шодырайған жотаны қанша күнде екені есімде жоқ, әйтеуір жермен-жексен еттік. Мұғалімдеріміз де қарап тұрмады. Тіпті іштеріндегі ең әлжуаз деген Елден ағайдың өзі де қатарымызда болды. Төбені көшіріп жіберген соң енді мектепті айнала қоршау жұмысы басталды. Біздің Таласта ағаш, темір жағы тапшы болғандықтан әдетте шеңгелмен қоршайтын. Бұл ең арзан, әрі сапалы құрылыс материалы болғанмен ондай қоршаулар онсыз да тал-дарағы аз ауылдардың сұрқын келтіріп тұратын-ды. Ал жиілеп қада қағып сым тартқанмен қанша қабаттасаң да ауылдың есектері мен сыйырлары бұйым құрлы көрмей бұзып өтіп кете беретін. Шарбақтың да шешімін физик Елден ағай тапты. Ол мәшине-тірәктір шеберханасынан сымдарды тор көз сетка тоқитын станоктар жасатып әкелді. Сөйтіп жоғары сыныптың балалары сетка тоқуға шұғыл отырғызылып, көп ұзамай мектеп ауласы темір торлармен қоршалды. Қадасы мықты болса, көпке шыдайтын мұндай қоршау көзге сұрқайы көрінетін шеңгелге қарағанда әжептәуір мәдени-техникалық ілгерілеу болғаны сонша, кейіннен Талас бойының барлық ауылдары дерлік осынау станоктардың қызметіне жүгінетін болды. Көп ұзамай қараша келіп, ауа райы бұзылды. Ол ештеңе емес, күннің қысқарғаны қиын болды. Бірінші ауысымдағылар алғашқы, екінші ауысымдағылар соңғы сабақтарын білтелі шамның жарығымен оқуға мәжбүр болдық. Бір жыл қала маңындағы мектепте оқып келген маған сығырайған май шамға қарап қалған күніміз тіпті ерсі көрінді. «Электр тогын алу қиын емес, балалар тек двигатель табылса болғаны» деп жүретін Елден ағай. Ақыры біздің мектебіміз ескі бір шағын моторға қол жеткізді. Содан соң Елден ағай шаһарға шығып, қалған керек-жарақтың бәрін сатып әкелді. Ең бастысы, ток жүретін изоляцияланған қос сымдар, шамдар және оларды орнықтыратын майда-шүйделер. Ол сымдарды барлық сынып бөлмелеріне басқа да жайларға, дәліздерге тарту, шегемен бекіту жұмыстарының бәрін Елден ағай бізге көрсетіп басшылық жасап жүрді. Ал ол кісінің ең жақын көмекшісі оныншы сыныпта физикадан үздік оқитын Тұңғыш Ахабаев болды (Тұңғыш қазір ҚазҰПУ-нің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты). Сым тарту жұмысы да бітті-ау! Бірақ әлгі ескі мотордың үнін шығару оңай болмады. Оныншы сыныпта Шапай Мырзалиев және Мақан Көдеков деген балалар болатын. Екеуі де сыныптастарынан көп ересек еді. Жетіншіден кейін бірер жыл жұмыс істеп, орта мектеп ашылғанда оқуға қайта оралғандар тәрізді. Міне, сол екеуі моторды ашып, шашып ауыстыратын немесе жетіспейтін бөлшектерін кеңшардың механизаторларынан сұрастырып жүріп түгендеген. Әлі көз алдымда. Шапай моторды қолмен шыр көбелек айналдырады, ол шаршағанда Мақан кіріседі. Сөйтіп жүріп мотор да от алды-ай әйтеуір. Сол-ақ екен Елден ағай әлдебір түймені басып қалғанда мектебіміз самалдай жап-жарық болып шыға келді. Мұнда қуанбағанда қайда қуанасың?! Біз шынында да бөркімізді аспанға атып қуандық. Тіпті электр жарығын көрмеген ересектер де келіп тамашалады. Сол күннен бастап Алғабас мектебінің электр шамы ауылдың сәні да, мәні де болып шыға келді. Ымырт түсе маңайдағы ауыл біткен қараңғылықтың қойнына жұтылса, қайта мектебіміз жарқырап сол ауылдардың тұрғындарын өзіне тартады. Түрлі мерекелік шаралар, ойын-сауықтар осында өтетін болды. Ток берілісімен-ақ Елден ағай қасына Тұңғышты қосып алып фотолаборатория ашты. Екеуі қап-қараңғы бөлмеде түрлі түсті сәулелер шашыратып бізге түсініксіз бірнәрселермен айналысып жатады. Әйтеуір ертеңіне суретімізді шығарып бергеніне мәзбіз. Елден ағайдың тағы бір қасиеті – оныншыны өз пәнінен жақсы бітірген балаларға жол-жөн көрсетіп жоғары оқу орнына өзі ертіп апарып құжат тапсыртып, емтиханға дайындығына да барынша қолғабыс беретін-ді. Көбіне жағдайы жоқ балаларға солай ететін. Әйтеуір мектебімізді алғаш бітіргендердің ішінен туыстығы болмаса да Әлжанов деген баланы Шымкент пединститутына апарып түсіріп қайтты деп ел гу-гу әңгіме етіп жүретін. Сыныптасым ақын Рафаэль (Рәпілбек) Ниязбек мына бір әңгімені жиі есіне алушы еді. Рәпілбектің әкесі соғыста қайтыс болып, атасының қолында тәрбиеленіпті. Ол жетіншіні бітіргенде атасы да дүниеден озады. Соғыстан кейін әлі де тұрмыс оңала қоймаған кез ғой. Енді ешкімге масыл болмайын деп жалданып кірпіш құйып кетеді. Қыркүйекте сабаққа келмегенін білген Елден ағай Рәпілбекті іздеп тауып алып, оқулықтарыңды өзім алып берейін, бірақ сен оқуыңды тастама, мектепке орал деп үгіттейді. «Елден ағай болмағанда менің қазіргі күнім не болатын еді» деп отырушы еді Рафаэль ақын. Шындап келгенде Елден ағай барлық шәкірттеріне, тіпті мұғалімдерге де әсер етті деп ойлаймын. Әлі есімде, ол кісі барлық жоғары сыныптардың оқушыларын жинап, «Әлем қалай жаралған?» деген тақырыпта лекция оқыды. Сол лекцияны оқу ісінің меңгерушісі Ырғалай Төлегенов бастаған мұғалімдер де бізбен бірге отырып тыңдады. Тіпті сұрақтар қойды. Сол лекция менің де әлем, ғарыш, жаратылыс туралы ұғымдарымның негізіне айналды. Соның арқасында кейін бұл тақырыптағы ғылыми әдебиеттерді де оңай түсініп кеттім. Ұстаздың шәкіртіне әсері деген осындай-ақ болар. Елден ағай қызмет бабымен де тез өсті. Біз оныншы сыныпқа өткенде ол кісі оқу ісінің меңгерушісі болды. Ал бітіріп кеткен соң өзі туып-өскен Амангелді ауылындағы жеті жылдық мектептің директорлығына бекітілді. Бір қызығы, ол кісі коммунист емес еді. Басқа мұғалімдер өтуге ұмтылып жатқанда тіпті жайбарақат жүретін. Балаларға бәрі қызық қой. «Ағай, сіз партия қатарына неге өтпейсіз?» деп сұрайтынбыз. Сонда «менің бастық емес, өз пәнімнің нағыз маманы болғым келеді» деп жауап беретін-ді. Шынында да солай болды. Елден ағай мектеп директорлығын көп ұзамай Қазақ ауыл шаруашылығы институты физика пәнінің оқытушылығына айырбастады. Сөйтіп, біздің артымыздан Алматыға келді. Енді біз ол кісінің есімін «Білім және Еңбек» журналынан жиі көретін болдық. Қазақ балаларын ғылым мен техникаға баулитын бұл басылым ол кезде кез келген мектептен табылушы еді. Сондықтан кешегі мұғалімнің мақалаларын жерлестері ғана емес, бүкіл Қазақстанның ғылым-техника құмар жастары да қызыға оқыды деп ойлаймын. Сөйтіп жүріп Елден Аққошқаров «Физика терминдерінің орысша-қазақша сөздігін» (1974) жасап шығарды. Алаш арыстарының бұл саладағы еңбектері әлі көмулі жатқан шақта осындай еңбек жазып шығуы ерлікке тән батылдық еді. Қазақ балалары үшін бұл еңбектің ауадай қажет екенін терең сезінген нағыз патриоттың жұмысы еді бұл. Іле-шала «Физика терминологиясы және аударма терминдер» деген кітабы жарық көрді. Міне, жас ғалымның осы екі еңбегі физика пәнінен сабақ беретін мыңдаған қазақ мұғалімдерінің көзін ашты десе де болады. Ол бұдан кейін де, әсіресе қазақтың байырғы төл өлшемдерін түбірлеген орыс және қазақ тілдерінде көптеген кітаптар жазды. Сөйтіп, бұл еңбектері арқылы физикалық ұғымдардың қазақ санасына жат емес екенін, ежелден-ақ қолданатынын дәлелдеп еді. Ал «Физикалық тәжірибелері» (1993) бұл пәннің оқытушылары мен оқушылары үшін нағыз таптырмайтын құралдар болғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені физика пәнін қазақ балаларына оқытудағы өзінің ұзақ жылдардағы ізденістерінің жемісі болатын. Елден Аққошқаровқа А.Байтұрсынов атындағы сыйлық та осы еңбектері үшін берілді. 1968 жылы тұңғыш «Қазақ энциклопедиясын» жасап шығаратын бас редакция құрылды. Оның бас редакторы Мұқамеджан Қаратаев пен бірінші орынбасары Әбен Сатыбалдиев физика саласынан қазақша ғылыми еңбектер жазып жүрген маман ретінде Елдекеңді жұмысқа шақырды. Ол келісімін беріп, осында алдымен аға ғылыми қызметкер, көп ұзамай бөлім меңгерушісі қызметтерін табаны күректей алты жыл атқарды. Физика саласының энциклопедияға енуге тиісті түрлі ұғымдарын, терминдерін, ғалымдарын және басқаларының сөзтізбесін өз қолымен жасап, кейін сол сөзтізбе бойынша мақалалардың жазылып жарық көруіне де жауапты болды. Тіпті едәуір бөлігін өзі жазды. Осы жұмыстың бәрін еңсергеннен кейін, ең бастысы осы жұмысқа қабілетті ізбасарлар даярланған соң ол өзінің үйреншікті ұстаздық жұмысына қайта оралды. Елден Аққошқаров зейнетке шығарда да тек өзіне ғана тән мінез танытты. Ғылым кандидаты, профессор ретінде әлі де жұмыс істей беруге мүмкіндік бола тұра ол зейнет жасына тола салысымен арызын берді. «Неге олай еттіңіз?» деген сұрағыма «Ақысын төлегендіктен балалардың көбісі оқуды қойды, оларға өтірік баға қоя алмаймын» деп жауап беріп еді. Өмір бойы қазақ балаларына, жалпы қауымына материалдық әлемді тек физиканың заңдары арқылы ғана игеруге болатынын ұғындырып келген оның ұстаздық жолы осылай сәл көңілсіздеу аяқталды. Бұл елімізде байлық талан-таражға түсіп, соның салдарынан мораліміз де құлдырап кеткен 1995-1996 жылдар еді. Бірақ Елдекең қарап отырмады. Ауылдардың, мектептердің, қоғамның жағдайын проблема етіп көтерген оның мақалаларын енді «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаш» газеттерінен оқитын болдық. Әсіресе «Жас Алашта» жарияланған «Дат, тақсыр!» деген мақаласы қоғамды әжептәуір елең еткізді. «Ол, сонда өз сөзін сол кездегі мемлекет басшысына қаратып айтып, елімізде орын алған көптеген жолсыздықтарды қадап-қадап көрсетіп еді. Ел үшін еңіреген жүрегі еді осылай батыл айтқызған. Денсаулығы төмендеп жүрсе де бар күшін жинап жазу үстелінде жарты сағат болса да жұмыс істеуге тырысатын кейінгі жылдары. Сол жарты сағаттардан жинала-жинала қоғамның қаны жерге тамбай тұрған ауадай қажет проблемалары туралы мақалалары туушы еді-ау! Ол осылай маман ғана емес, аласапыран аумалы-төкпелі заманда абдырап қалмай жекешелендірудің жөні осы екен деп, талан-таражбен айналысқандарға дауыс көтеріп қайраткерлік мінез көрсеткен қарымды азамат болды. Сонау 1959 жылы Алғабас мектебіне электр жарығын әкелген ұстаз өмірінің соңына дейін өз жүрегінің жарығымен өзгелерді сәулелендіріп өтті.Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы,
Халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының иегері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді