Тараз филиалының атқарушы директоры Оралбай Исақаев осылай дейді
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізіліп, жүзеге асырылған «Амангелді ГӨЗ» ЖШС Тараз филиалының Асадағы мұнай өңдеу зауыты тоқтап тұр. Неге? Қандай себеп болды екен? Өңірдегі ірі кәсіпорындар қатарындағы зауыттың тоқтап тұруы облыс экономикасының дамуына аз да болса кері әсер етеді. Әсіресе, Жамбыл ауданы бюджетінің бүйірін толтыруға әжептәуір-ақ септігі бар еді. Осындай сұрақтарға жауап алмақ мақсатта филиалдың атқарушы директоры Оралбай Исақаевпен әңгімелесіп отырмыз.
– Зауыттың тоқтап тұрғаны рас. Әлемдік нарықта мұнай бағасының түсуіне байланысты, нақтырақ айтқанда бес айдан бері зауыт толық қуатында өнім шығарып жатқан жоқ. Өйткені, Үкімет мұнайды ішкі нарыққа жоғары бағамен босатады, ал, мұнай өнімдері бағасының төмен болуын талап етеді. Сәйкестік жоқ. Нарықтық экономика жағдайында кім тегін жұмыс істесін. Күреп пайда таппағанымен, кәсіпорын қорына көздеген кіріс түсуі керек қой. Зауыттың айына 30 мың тоннаға дейін мұнай өңдеуге мүмкіндігі бар. 10 мың тоннадан төмен болса, тиімсіз. Мысалы, біз әкеліп өңдейтін Қызылордадағы «Құмкөл» кен орны мұнайының құрамында парафин көп. Одан бөлек тұз, су сынды басы артық заттар жетіп жатыр. Осының бәрінен арылтып болғанда, шығысы 40-48 пайыз қарақошқыл өнімді құрайды, яғни осыншасы мазут. Қалғаны – «АИ-80» бензині, керосин, дизель отындары. Дизель отындары деп отырған себебім, оның 4 түрі шығарылады бізде. Осының бәрін есептегенде, өз шығынымыз ақталмайды екен. Биыл, мәселен, өткен 9 айда алғанымыз – 44 мың тонна ғана шикі мұнай. Жаңа айтқанымдай, айына 30 мың тоннаға дейін мұнай өңдеу мүмкіндігі бар зауыт үшін ол не тәйірі?! Түкке тұрғысыз. Сондықтан зауытта жұмысшыларды уақытша ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүрміз. «Дәл бүгінгі таңда қанша адам ақысыз демалыста жүр, енді осылай қол қусырып отыра бере ме екен?» деген сұрағымызға Оралбай Ыбырайұлы: «Үкіметке үміт артып отырмыз. Шешілмейтін мәселе жоқ қой. Ал жұмысшыларды ақысыз демалысқа кезек-кезегімен жібереміз. Қазір 40 адам осындай демалыста. Өйткені, олардың бәрінің отбасылары бар ғой», – деп жауап берді. Оралбай Ыбырайұлының орынды жауабы мен уәжіне айтарымыз жоқ. Тек мәселе тезірек шешімін тапса, өндіріс өрге басып, адамдардың жағдайы жақсарған үстіне жақсара түсер еді-ау. Енді тоқтап тұруы әжептәуір алаңдаушылық туғызып отырған кәсіпорынның өткеніне көз жүгіртіп көрелікші. Пайдасы мен зияны қанша? Алғашқы өнімін 2011 жылдың маусым айынан шығара бастаған зауыт сол жылдың өзінде 2144,4 миллион теңгенің 87600 тонна өнімін өндірген. Содан қарқынға-қарқын қосып, 2012 жылы – 10815 миллион теңгенің 205300 тонна, 2013 жылы 16324,4 миллион теңгенің 285700 тонна өнімін өндіруге қол жеткізді. Осы жылдарда аудан бюджетіне 623665 мың теңге салық түсімін түсірген. Ал биыл алғашқы 8 айда 66300 тонна ғана өнім өндіріп, тиісінше 124900 мың теңге ғана салық төлеп отыр. Себебі – жоғарыдағыдай. Зауытта жұмыс істейтін 500 адамның орташа еңбекақысы – 100 мың теңге. Кәсіпорынның даму перспективасына кісі қызыққандай. Серіктестік алдағы уақытта мұнда циоформингті мұнай өңдеу қондырғысын орнату арқылы «ЕУРО-4,5» стандартына сәйкес мұнай өнімдерін өндіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мазутты тереңдетіп өңдейтін «Висбрикинг» қондырғысын орнатпақ. Жобаның болжамды құны – 2 миллиард теңге, қуаты – 60 мың тонна жоғары октанды бензин өндіру. Әлеуметтік тиімділігі жақсы болмақ, жаңадан 100 жұмыс орны ашылады. Ерекше ескертеріміз, серіктестік екі жобаны да өзі қаржыландырып отыр. Алғашқысы 3 миллиард теңге болатын. Жобаға ауданнан қолдау көрсетіліп, қажетті 25 гектар жер телімі бөлініп те қойған. Жоба неміс фирмасымен бірлесіп дайындалуда. Украинаның Харьков, Луганскідегі зауыттарынан қондырғылар алынуы керек екен. Оған сол елдегі жағдай кедергі келтіруде. Жасыратыны жоқ, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС Тараз филиалының осы зауыты ашылғалы асалықтарды Құдай жарылқаған жағдайы бар. Кәсіпорында жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Бұрын екі қолға бір күрек таппай жүргендер қазір осы жерден нәпақасын айырып отыр. Оның үстіне аудан бюджетін молайтуға үлкен үлес қосып отырғанын жоғарыда айттық. Бірақ асалықтардың, асалықтар ғана емес іргелес көптеген ауылдар тұрғындарының зауытқа қатысты зары да бар. Ол – қолқаны қапқан сасық иіс. Оның да шуы аз болған жоқ. Оның құрамындағы күкірт, сутегі және көміртегі қосындысынан тұратын меркаптан жай күкірттен 900 есе қауіпті дегенді естігенбіз. Бірақ, зауыт тоқтап тұрғаннан кейін бе, әлде басқа себебі бар ма, шу басылып қалғалы біраз болған. Жуырда дау-дамай қайта шықты. Шыққанда да қатты шықты. Қазанның 23 жұлдызында Аса ауылындағы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің оқушылары белгісіз газдан уланғаны жөнінде. Біреу ғана болса бірсәрі ғой, бірнешеу. – Ойбай, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС зауытының газынан. Басқа ешнәрседен де емес! – деп аттан салды мектеп директоры. Құсқан, лоқсыған, басы ауырған балалар жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Онда қойылған диагноз – белгісіз газдан улану. Зауыт басшылығы кәсіпорынның тоқтап тұрғанын айтып сендіре алсайшы! Оралбай Ыбырайұлының сөзіне сенгісі жоқ ешбірінің. Зауыттың тоқтап тұрғанына қарамастан, үрей үйдей пәлеге қалдырды. «Бала – адамның бауыр еті», директордың аттаны ата-аналардың айқайына ұласып, аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық аурухана, тұтынушылар құқығын қорғау, білім, төтенше жағдайлар бөлімдері аяқтарынан тік тұрды. Енді ше! «Ауырған» балалар саны 20-дан асып жығылды. Айқай облысқа да жетіп, облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов бастаған өкілдер де келіп кетті. Зауыттың тоқтап тұрғанын көріп кетті. Бәрібір күдік зауыттан... «Бақсақ, бақа екен» демекші, балалардың басын ауыртқан мектептегі жылу батареяларынан сырдың буланған иісі болып шықты. Жазғы жөндеу жұмыстары кезінде жылыту батареяларына сыр қалыңдау жағылып кетсе керек. Қазандықтан қатты берілген ыстық сырды ерітіп, буландырып жіберген ғой. Содан балалар иістенген. Ал жауаптылар біреуді бекер жазғырған. – Бәленің қайдан келгенін біліп алдық. Барлық бөлмелерді желдетіп, ондай жағдай қайталанбайтындай еттік, – дейді осынау аттанға айқай қосқандар. «Ұялған тек тұрмастың» кері ғой. Сонда да болса білгіміз келгені рас. – Меркаптанның сасық иісі Ресейден алынған шикізаттан шығатын. Біз қазір Ресейден шикізат алып жатқан жоқпыз. Алда-жалда ала қалған жағдайда, оның экологиялық зардаптарын болдырмау жайын қарастырамыз ғой. Біз аймақта экологиялық тазалық сақтауды басты назарда ұстаймыз. Өндіріс болған соң, қалдық шығуы заңдылық. «Нефтешлам» деп аталатын осы қалдықты Ақтөбе, Оралдан келіп, арнайы цистерналы көлікпен алып кетеді. Өзіміз әр тоннасына 75 доллардан төлейміз, – деп «сасық иіс» пен экологиялық тазалық жайын қысқаша баян етті кәсіпорын басшысы. Кәсіпорын өз өнімдерін бөлшек саудаға шығарған емес. Оның тұрақты тұтынушылары – республиканың Қорғаныс және Төтенше жағдайлар (бұрынғы, қазір ІІМ құрамында) министрліктері және «ҚазАтомпром» ҰАК» акционерлік қоғамы. Жамбыл ГРЭС-і мазутынан алады. Мысалы, өткен жылы 27000 тонна алған. Оларға мазутты осыннан алған тиімді, «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген бар ғой. Кәсіпорында өнім сапасына баса назар аударылады. Мұнда өте қуатты зертхана бар. Басты ұстаным – тұтынушыға сапалы өнім ұсыну. Сонда сұраныс өз-өзінен туындайды.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді