Таразда ауылшаруашылығы тауар өндірушілері маңдай терімен өндірген өнімдерін қалалық тұрғындардың игілігіне ұсынып, жәрмеңкеге шығарды. Баға – қолжетімді. Базардағыдан 15-20 пайызға арзан. Анығында, сұранысқа қарай тауарлар бағасының арзандығы 5 пайыз бен 39 пайыз аралығында.
– Бұл жолғы жәрмеңкеге Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т. Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері келді. Облыс әкімдігі тұрақтандыру қоры ұсынып отырған тауарларды қосқанда шамамен 40 миллион теңгенің 190 тоннадай өнімдері саудаланып жатыр, – деді іс-шараны ұйымдастырушы облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы мониторинг және тұрақтандыру бөлімінің басшысы Нұрлан Нұрғазиев. – Барлығына сауда орындары белгіленіп, шатырлар құрылып, сөрелер дайындалған. Айтса айтқандай-ақ, қаз-қатар тігілген шатырларға саудаланып жатқан тауарлар бағалары ілініп қойылған. Сатушылар қызмет көрсету мәдениетін қатаң сақтап, тұтынушы сұраған тауарды дұрыс өлшеп, өткеріп жатыр. Жәрмеңкенің көрігі қызған тұста сауда қатарларын аралап көрген облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов ауа райының қандай жағдайына да қарамастан қалалықтарға қызмет көрсетіп жатқан ауылдықтарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Олай болатын жөні де бар, ауылдықтар өткен бір жолы қар аралас жаңбыр астында тұрып та жәрмеңке өткізген. Бүгін де таңертеңнен тұман қоюланып тұр. Бетті шымшитындай шыңылтыр аяз да байқалады. Түске дейін солай болып тұрды. – Саудалауға қалалықтардың сұранысына ие, өтімділігі жақсы тауарларды таңдап әкелеміз. Алған да риза, әкелгенін түгел өткізген біз де риза, – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов. – Біздің сегіз ауылдық округтен тауарлар әкелінген. Түгелдей сатып, қайтып барамыз. Аудан жәрмеңкеге төртінші рет қатысып отыр. Бәрінде де әкелгеніміз өтпей қалған кез болған жоқ. Бақыттың айтқанын растағандай, ауданның Жамбыл, Қарой ауылдық округтері шаруаларының қырыққабаты, Тоғызтараудан әкелінген сүт өнімдері қолма-қол өтіп жатқанын көзіміз көрді. Мақаланы дайындау барысында бізді ақпаратпен тұрақты қамтамасыз етіп тұратын Нұрлан Нұрғазиевпен хабарласқанбыз. – Кешегі жәрмеңкеде саудаға шығарылған тауарлар түгел саудаланып, 48 миллион теңгенің 192 тонна тауары сатылды. Енді келесі жәрмеңкеге келетін аудандарды анықтап, оларға үлкен сұранысқа ие тауарларды әкелуге тапсырыс бергелі жатырмыз, – деді ол. Келесі аптада орталық «Достық» алаңында тағы да жәрмеңке. Онда ауылдықтар қала тұрғындарына өздерінің сапалы әрі бағасы қолжетімді тауарларын ұсынатын болады.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді