Саясат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді
- author «Ақ жол»
- 17 қаңтар, 2023
- 262
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді
БАӘ, Абу Даби қаласы Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі «Әл-Уатан» сарайында өтті. Мемлекет басшысының құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылып, Қазақстанның әнұраны орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бір-біріне ілтипат білдіріп, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Президенттер екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы құрмет көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.
– Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен БАӘ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толғанын еске салды. Сонымен бірге осы кезеңде түрлі саладағы ынтымақтастық нығая түскенін, екі ел арасында мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнағанын атап өтті.
– Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Осы сәтті пайдаланып, Сізге зор алғысымды білдіремін, – деді Президент.Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғаннан бері екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейге көтерілгеніне тоқталып, Қазақстанмен саяси және экономикалық байланыстар аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
– Елдеріміздің энергетика, ғарыш, технология, сауда салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті жоғары деп санаймыз. Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктері көміртегі бейтараптағына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұл мақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр. Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін өте маңызды мәселе, – деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті.Келіссөз барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты. Екіжақты ынтымақтастықтың басқа да басым бағыттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Бірлескен мәлімдемесінде жарияланды. Ресми сапар аясында мынадай құжаттарға қол қойылды: 1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация; 2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас азаматтық авиацияның басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «KIDF» қоры және «Masdar» компаниясы арасындағы Қағидаттар туралы келісім; 4. «KIDF» қоры мен «Masdar» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім; 5. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Abu Dhabi Ports» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 6. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісім; 7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; 8. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Ануар Гаргаш атындағы Дипломатиялық академия арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 9. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтері арасындағы Архив ісі саласындағы халықаралық байланыстарды жүзеге асыру жөніндегі келісім.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді