Осыдан алты жыл бұрын «Үркер» ашылғанда батасын берген Әбіш Кекілбай: «Үркер» – уақыт пен табиғаттың ең саф сипаттарын алдын ала айқын аңғара алатын ең елгезек және елеулі самалалар шоғыры» дей келіп, «Жаңа басылым оқырман қауым жүрегіне жаңа шайқалған майдай шық ете қалар шынайы ой мен сезім дарыта алатын даусыз дарындарға ғана ықылас танытқандай.
Оның берік қақпасын биік талғам күзетіп, табалдырығынан тек қапысыз Талант қана аттай алғай!» деп қайырған-ды. Құдайға шүкір, қазақтың сөзі дарынға кенде емес. Сөз қадірін түсінер қалам иелері көбейіп келеді. Біз етек-жеңімізді жинай алмай жатып, осындай жалынан сипаттас аласүрең шақта жаңа көйлек киіп, жаңа түйме тағуға жоғары қолұшын беріп, саусағын созған үмітімізді жалғап жіберсе деп жалтақтамай сенім арттық. Сол үшін де танылмай жүрген таланттарға қарай ойысып, жастар үні болуға бет бұрдық. «Ұйқы басқан қабағын, сол қазақты сүйемін» деген Мағжандай, біз де өзімізге-өзіміз сүйіспеншілікпен қарай отырып, қолына қалам алғанмен жүрексініп, өзін көрсете алмай булығып жүрген жастарды «Үркердің» бетінде жариялап, тұсауын кесуге бел будық. 80-жылдары «Жалын» баспасында «Өркен» сериясы ашылса, енді «Жас толқын» боп жалғасып жатыр. Кезінде «Арман қанатында» мен «Қанат қақтыға» шыққандар қазір алпысты алқымдады. Сол алпысты алқымдағандар сол дәуірдің әдебиетке деген қамқорлығын тамсана еске алады. Осынау дағдарыс кезеңінде көркемсөз деген киені бәрінен биік қойып, ашып айтсақ, жоқтан бар жасап, «Үркердің» бетінде дарынды жастардың жолын ашуды мойынға ап отырмыз. Таланттар – еліміздің түкпір-түкпірінде қаламын қолға қыса ұстап, кенет кезіккен дағдарыстың ызғарымен бетпе-бет келе алмай, әдебиет аулын айналсоқтап, жалтақтап, Алматыға жете алмай жүр. «Үркер», міне, дәл осындай шаң мен құмның ортасында жүріп, жүрегі өлең боп жырлаған, қара сөздің қадірін бойына сіңірген жігіт пен қыздың қайнайтын қара қазаны. «Үркер» – жас таланттардың томағасын сыпырып, тұсауын кесетін өмір өткелі. Осында Б.Беделханұлы, Ұ.Нұрғалым, Ж.Қабдікерімұлы, Д.Мәлікова сынды ақындардың, Л.Қоныс, Д.Бейсенбекұлы, Е.Қаныкейұлы секілді жазушылардың, Е.Байтілес, Ж.Әшімжан секілді журналистердің, А.Сейілова, Е.Жүніс, Т.Таңжарық секілді әдебиет сыншыларының, т.б. көптеген жас қаламгерлердің дүниелері жарияланды. Бірақ, бұлардың бәрі жақын жердегі жалт еткен таланттар, Алматы мен Астананы қоныс еткен, қолында «электронкасы» бар жүйріктер. Бізге түкпірдегі түтінге қақалып от жағып, екі ауылдың арасында май-май боп жүріп жол салып, жүрегін әдебиет деген алаумен жылытып жүрген жырақтағы жас таланттардың көзін ашып, қалам бедерін көпшілікке паш етуіне мұрындық болуымыз керек. «Үркер» – әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журнал. Проза мен поэзия айдары қамтыған «Қауырсын қалам», «Туған әдебиет тағдыры», жастар болашағын бағамдайтын «Кім болам?», «...білімді мыңды жығар», «Мамандығым – мақтанышым», қалам және қоғам қайраткерлері-нің бейнесін сомдайтын «Жастық дәурен», «Ірілерден қалған із», сондай-ақ «Ұлттық дәстүр ұлағаты», «Халық мұрасы», «Бүгінгі спорт», «Экономика», «Дәстүрдің озығы бар...», т.б. айдарларымыз жастардың еркін қалам сілтеп, қоғамның бүгінгі ерекшеліктері хақында көсіле ой айтуына арналып отыр. Жас – жасты іздейді, «Аққан жұлдыз» айдарымен шыққан Алтынбек Сәрсенбаев туралы «Тауман Амандосов таныған тарлан» және белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың жастық кезеңін сөз еткен «Асқар Жұмаділдаев МГУ-ге қалай түсті?» атты материалдарға пікір білдіріп, сұрау салушылар көп болды. «Үркер – үміт» бәйгесіне түсіп, жарық көрген шығармалар да жер-жерлердегі тұсауы кесілген таланттардың мәресін аңдыған оқырманның жан азығына айналғандай. Жас жазушы Элмира Ерікқызы бас бәйгені иемденсе, «Нұр Отанның» «Заңғар» шығармашылық бірлестігі жеңімпаздардың дүниелерін жеке кітап қып шығарды. Бұл бәйге жалғасады. Иә, жүре білсе жол даңғыл. «Жыл құсындай жаңалық сеземіз» деп, жастарды қанаттандырған ұлы Әуезов лекция оқыған Ұлттық университет шәкірттері мен жер-жердегі әдебиетсүйер студент қауым бар, осының бәріне ұйытқы болар 14 облыстағы Жазушылар одағының бөлімшелері бар, «оқимын» деген оқырманға жол даңғыл. Бәрінен де басылымға жазылып, хат тасушы қоңыр сөмкесіне сап үйге әкеп тастағанға не жетсін! Қазір компьютер заманы. Жұрттың бәрінің қолында интернет, факс пен электронды пошта жоқ. Бізді бұрынғыдай қарлығаштың қанатындай ақ конверт байланыстырып тұрса, дәлізімізді қуаныш кернер еді. «Құрметті редакция!» деп басталған ақ қағаздағы көңіл толқыны қоғамның арқа сүйері – алыстағы жас қауымның жүрек лүпілі деп білеміз. Әр ауылдың «ағарту үйшігі» – пошта бөлімшесіне барып, жазылып, әркімнің жүрек сөзін жария етер кітап тектес басылымды күту де жан-дүниенің өмірге деген құлшынысын арттырар бір рахат әлем емес пе?! Сіз «Үркер» арқылы жас адамның өмірдегі алар орны қандай болуы керек деген жүрекжарды сауалға жауап табасыз. «Үркер» – ұл-қызыңыздың үміті. Журналға «Қазпоштаның» байланыс бөлімшелері арқылы жазылуға болады. Сондай-ақ «Евразия-пресс», «Еврика-пресс», «Дауыс» бөлімшелері арқылы да жазыла аласыз. «Үркерге» жазылуға асығыңыз, көзіқарақты оқырман!
Қуандық Түменбай, жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді