«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір жапырақ қағаз білімнің көрсеткіші бола ала ма?

Бір жапырақ қағаз білімнің көрсеткіші бола ала ма?
ашық дереккөз
Бір жапырақ қағаз білімнің көрсеткіші бола ала ма?
Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұраны етіп ұстанған белгілі бір топ пайда болды. Бұл топтың өкілдері баланы мектепке дайындайды, үй тапсырмасын орындатады, сабағына көмектеседі, тіл үйретеді, олимпиада ұйымдастырып, білімдерін сынатып, мақтау қағаздарын береді... Тек, мұның бәрі ақылы! Бір сыныптағы 30 оқушыға бүгінгі қағазбасты мұғалімнің энергиясы жетпейтінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орталықтарға амалсыз апарып жүр. Бүгінде қаламызда ақысы 15 мыңнан басталатын мұндай оқыту орталықтарының қарасы көп. Оның сыртында таңертеңнен кешке дейін оқытатын ақылы мектептер де көп. Демек, «балам үшін» дейтін ата-ана аянып қалып жатқан жоқ. Тапқан-таянғанын санап берсе де көштен қалып қоймаудың қамын жасауда. Бұл да бүгінгі білім жүйесінің бағытын айқындап беріп отыр емес пе? Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сыныптың мұғалімдерінің біліктілігі талапқа сай болса... Ата-ана аузындағысын жырып беріп несі бар?! Орталықтың көбейгені мектептердің олқылығынан болып отыр демеске амалың да қалмайды.

 Ақылы олимпиадаларға тоқтау бар ма?

Кезінде Асқар Жұмаділдаев халықаралық оқушылар олимпиадаларында орын алып жүрген ат төбеліндей ғана балалардың барын айтқан болатын. Сол 20-30 оқушылардың жартысы бұрынғы қазақ-түрік лицейінің, бүгінгі білім-инновация лицейлерінің оқушылары. Қалғандары – қарапайым мектептеріміздің білім алушылары. Ал одан қалғандары ше? Олар қандай жарыстарда бақтарын сынайды? Ара-тұра өткізілетін, мемлекеттің бюджетінен қарастырылған тегін олимпиадаларды айтпағанда, мұндай оқушыларымыз үшін де түрлі жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Тек олардың тегін өтпейтіні өкінішті. Астанада отырып алып, сонау еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мектептерге хат жіберіп, ондағы оқушыларды да, оқытушыларды да әбігерге салатын бұл қандай олимпиадалар? Бақсақ, мұның астарында талай құйтырқылық жатыр екен. Ол былай. Ақша тапқысы келген адам өзіне жеке сайт ашып алады. Осы сайты арқылы оқушылар арасындағы олимпиада, конкурс, байқауларды еркін ұйымдастырады. Ақылы, әрине. Мәселен, мына бір «SABAQ.kz» сайтында кез келген марапатты сатып алу жолы бар. Олимпиада қорытындысы бойынша оқушы 600 теңгеге, мұғалім 1000 теңгеге диплом сатып ала алады. Ал IQ – интеллектуалды білім порталының республикалық оқушылар байқауының жарнасы – 500 теңге. «INDIGO» республикалық білім орталығы өткізетін «Қысқы марафон» атты I республикалық шығармашылық байқауының өзі ақылы екен. Қатысу жарнасы – 890 теңге. Диплом электронды түрде жіберіледі. Оны тағы сатып алушы өзі шығарып алуы керек. Бір қызығы жеңімпаз қаласа 4500 теңгеге қосымша медальға тапсырыс бере алады. «Сазды ән мен жыр дастан» республикалық қазақ ақын-композиторларының шығармашылығынан жас өнерпаздар арасындағы ән-жыр байқауының жарнасы бұл олимпиадалардың жарнасын он орап кетіпті. «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 18 ақпан күні өткізілгелі отырған өнер байқауына қатысу құны 9 000 теңге тұрады. Бір мекемеден он адамнан артық жеке орындаушы қатысса – 8000 теңге түсіреді. Ал егер топ болып қатысса, топ мүшелерінің әрқайсынан – 4500 теңге алады. Жатар орын, тамақтану, келіп-кету шығынын қатысушы өзі көтереді. Сонды бұл жарыстың мақсаты не болды? Білімнің де, өнердің де саудаға түскені болып тұр ғой. Міне, осылай тізсек кете береді, кете береді... Барлығының талаптары да бір. Қатыстырған оқушы саны ең көп мұғалімге арнайы сыйлық бар. Мұның астарынан оқушының сапасы емес, жинайтын жарнасы маңызды болып тұрғаны көрініп тұр.

№514 бұйрықтың күші қандай?

Былтыр экс Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 2011 жылы жарияланған бұйрық негізінде нақты тапсырма беріп, мұндай «пысықтарға» шектеу қойған болатын. Бұл бұйрық негізінде тек тізімге енгізілген ақысыз олимпиадалар мен конкурстар ұйымдастырылуы тиіс. Басқасының ешқайсысына мемлекеттік білім ошақтары қатыспауы міндетті. Мақаламызды жазу барысында біз де «SABAQ.kz» сайтын жүргізіп, ақылы олимпиадалардың түр-түрін ұйымдастырушыларға хабарластық. Өзін «Мөлдірмін» деп таныстырған қыз бала: «Біз «№514 бұйрық» бойынша ұйымдастырмаймыз. Бізге министрлік тарапынан ешқандай шектеу қойылып жатқан жоқ. Қазіргі таңда мұндай сертификаттар, дипломдар оқушыға да, мұғалімге де керек. Олар аттестациялаудан өтеді, өздерінің санаттарын жоғарылатады. Соның бәріне жетістік ретінде бізден алған қағаздарын тіркейді. Біздің бұл бағытта жұмыс істеп отырғанымызға 9 жыл болды. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша қаншама мың оқушылар ақылы олимпиадаларға қатысты. Біздің жұмысымыздың өзі сұраныстан туған» деді. Ал керек болса?! «Сонда сіздерге министрліктің арнайы бұйрығы жүрмей ме?» деген сауалымызды жауапсыз қалдырды. Содан кейін тұтқаны алмай қойды. Дың.. дың... Әрине, министрлік тарапынан мұндай орталықтарға арнайы тоқтау жүргізілмесе, кейбір мектеп директорлары әлі күнге дейін мұндай байқауларға оқушыларының да, ұстаздарының да атсалысуына тыйым жасамай отыр. P.S: Білім және ғылым министрлігі мұндай білім додаларының өтіп жататынынан хабары болмауы да мүмкін. Соны пайдаланған белгілі бір «пысықтар» білім саласымен «біте қайнасып» кетті. «Қазақ мектептеріне бәрі де бола береді» деген немқұрайлылық бәзбіреулердің қалтасын қампайтып жатыр. Олардың бәрі бала жүрген жерде ата-ананың ақшаны аямайтынын біліп алған. «Ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын мұндай «алаяқтарға» министрліктің бір тоқтауы неге болмайды? Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат. Не дейсіз? Назым ЕРАЛИЕВА, Амангелді орта мектебінің директоры: – Расында да, мұндай жарыстар, білім додалары көбейіп кетті. «Қашықтықтан өткізу әдісі» деп айдар тағып алған жарыстарымен «қатысушылар басқа өңірлерге бармай-ақ, өзге жақтың оқушыларымен бірге жарысқа түседі» деп алдайтынын қайтерсіз? Егер бала сол шығарманы комиссия мүшелерінің қатысуынсыз үйінде жазып жіберетін болса, оның жауабын электронды түрде ала салатын болса, бұл екі жақтың да өздерін өздері алдауы деп есептеймін. Меніңше, мұндай жарыстарға, әсіресе, шалғайдағы ауылдардан қатысатындар көп. Себебі ауылдың мұғалімдеріне сонау Астанадан келген хат ерекше көрінуі мүмкін. Екіншіден, біздің қоғам мұғалімнің біліктілігін осындай жарыстардан алған қағаздармен, дипломдармен, сертификаттармен айқындайды. Мәселенің барлығы осы жерден басталып тұр. Мұны тоқтату керек. Саны бар да сапасы жоқ білім додаларына балаларды беталды қатыстыра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Эльвира БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ, ата-ана: – Қызым қазіргі таңда Байзақ ауданында 3-сыныпта оқиды. 1-сыныптан бастап бізге ақылы онлайн олимпиадаларға қатысу туралы мұғалімдерден хабарламалар келе бастады. «Дарын онлайн», «Кенгуру», «Сова» деп аталатын олимпиадалар халықаралық, республикалық, зияткерлік деп аттарын аспандатып қойған. Оның әрқайсысы ең аз дегені 300, 500 теңгеден басталады. 1-сыныпта балаларымыз олимпиадаға қатыспақ тұрмақ, толық әріптің басын құрап оқи алмайтын. Оны айтқан ата-аналарға мұғаліміміз «балалардың орнына өздеріңіз кіріп, қатыса бересіздер немесе мен өзім қатыса саламын. Бұл кейін өздеріне жақсы, жетістіктері болып, оқуға түсерде пайдасы тиеді» деді. Өзіміз не мұғаліміміз қатысқан білім сайысы балаға қандай білім болмақ? Қатысушылардың бәріне түгел 1-2 орын беріп онлайн таратып беретін сертификат, дипломдарының қажеті қанша? Сол себепті мен олардың бәрінен бас тартып, қатыстырмадым. Қашықтықтан емес, оффлайн өтетін білім сайыстары болатын болса, онда әңгіме басқа. Ең өкініштісі, қазір мұндай саны бар, сапасы жоқ, бизнестің көзіне айналған олимпиадалар білім ғана емес, өнер саласында да көбейіп кеткен.  

 Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар