Саясат
Шарасыз жағдайдағы көмек: банкроттық туралы жаңа заң наурыз айында қолданысқа енеді
- author «Ақ жол»
- 11 қаңтар, 2023
- 209
Шарасыз жағдайдағы көмек: банкроттық туралы жаңа заң наурыз айында қолданысқа енеді
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz сайты. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың шектен тыс кредит алуын азайту жұмыстары аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданғанын мәлімдеді.
Оның аясында халықаралық тәжірибені ескере отырып, бірқатар тиісті рәсім қарастырылған. Мәселен, соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл орайда борыш 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс.
Екінші рәсім – сот банкроттығы, оның мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігі көзделеді.
Банкроттықтың салдары: 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа); банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі; 3 жыл бойы қаржы жағдайының мониторингі.
Сонымен қатар осы мәселе бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.
Премьер-Министр «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енетінін атап өтті.
«Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жоғарыда айтылғандай, заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Мұндай рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастамашы бола алады», — деді Әлихан Смайылов.Үкімет басшысының айтуныша, сондай-ақ азаматтардың міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курстарынан өтуі көзделіп отыр. Бұл орайда осы Заң күшіне енгеннен кейін азаматтардың да жауапкершілігі артатын болады.
«Алдағы уақытта жылдам қарыз алу үшін кредиттік тарихының дұрыс болуына азаматтардың өздері мүдделі болуы тиіс. Банкрот деп мойындау қарыздарды төлемей кету емес, тек шарасыз жағдайдағы көмек екенін әркім білуі керек», — деді Премьер-Министр.Әлихан Смайылов тиісті заңға тәуелді актілердің бәрін жедел әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ онлайн-режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беру үшін азаматтардың өтініш беру және оларды электрондық түрде өңдеу процесін автоматтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды. Одан бөлек, Премьер-Министр Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірге жеке тұлғаларға кредит берген кезінде қазіргі талаптардың сақталуын қамтамасыз етуі қажет екенін айтып өтті.
«Тұтынушылық кредит алудағы тәуекелдерді азайту және халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету үшін шаралар қабылдау қажет», — деді Әлихан Смайылов.Сөз соңында Үкімет басшысы халық арасында заң нормалары мен заңға тәуелді актілер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмысын қамтамасыз етудің маңызды екенін айтты.
«Қажетті ақпарат барлық платформаларда және әлеуметтік желілерде қолжетімді әрі ашық болуы тиіс», — деп түйіндеді Премьер-Министр.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді