Өзіміздің өндіріс
Тараз қаласын дамытудың үш жылдық картасында көне шаһарды жан-жақты көркейтуге бағытталған жұмыстар қарастырылып отыр. Әлеуметтің әлеуеті көтерілуі үшін ең алдымен өндіріс өркендеуі қажет.
Бұл бір жағынан аймағымыздың экономикасын дамыту үшін де керек. Сондықтан жол картасында 2025 жылға қарай өнеркәсіп өндірісінің көлемін 567,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспары бар. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін, жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылады.
Олардың қатарында қуаттылығы жылына 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «Alina Group», «Металл құю цехын жаңғырту», «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіру», «Полиэтилентерефталат рециклинг бойынша зауыт салу», «Тұрмыстық техника зауыты», «Қант қызылшасы мен мелассаны терең өңдеу арқылы қант өндірісі» жобалары бар.
Сондай- ақ жаңадан құрылған «Тараз индустриалды аймағында жоспарланған жобаларды іске асыру арқылы экономикамыздың әлеуеті артады деп күтілуде. Осы мақсатта жалпы ауданы 184,6 гектар жер телімі анықталып, басқарушы компанияға ұсынылған. Қазіргі таңда инвесторлар құны 55,3 миллиард теңгені құрайтын 5 жобаны жүзеге асыруға кірісіп те кетті.
Тұрғын үй қоры
Қаламызда құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Соңғы жылдары көптеген ғимараттар бой көтеріп, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауы тиіс. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылғы 68,1 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 80,1 миллиард теңгеге дейін артатын болады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіштерді орындау үшін бюджет қаражаты есебінен жыл сайын 50-ге жуық көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілетін болады.
2023 жылы – 47 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы (Сүлейменов көшесінің соңы – 31 үй, Асқаров көшесінің соңы – 16 үй) аяқталып, пайдалануға беріледі.
Мектептер мен балабақшалар
Білім саласының жай-күйі де қуанарлық деңгейге өседі. 2023-2025 жылдар аралығында қалада 14 мектеп салынады. 2023 жылы – 10,8 миллиард теңгеге жоспарланған 5 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындардың игілігіне беріледі.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін No15 шағынауданнан оқушылар сарайы бой көтереді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалады.
Мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, алдағы үш жылда 6,4 миллиард теңгеге 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Алдағы 3 жылдың ішінде жеке кәсіпкерлер тарапынан 11 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті жер телімдері белгіленді.
2023 жылы No15 шағынауданында 1 балабақша пайдалануға беріледі.
Денсаулық сақтау нысандары
Денсаулық сақтау саласына да ерекше мән берілуде. Мемлекеттің басты байлығы – адам мен оның денсаулығы екені баршаға мәлім. Сол себепті бұл саланың дамуы қашанда маңызды.
2023 жылы – балалар жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Ағымдағы жылы көпбейінді балалар ерте араласу ауруханасы, «Үміт» балалар үйі, фтизиопульмонология орталығының диспансерлік бөлімшесі күрделі жөндеуден өтеді.
Бұл жұмыстар қала тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасайды.
Жұмыссыздықпен күрес
Мемлекеттің алға қойған басты міндеттерінің бірі – қала тұрғындарын жұмыспен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар да бүгінде үздіксіз жалғасуда.
Жұмыспен қамту саласында алдағы 3 жылда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде 1500 азаматқа қайтарымсыз гранттар беріледі. 1650 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 900 азамат жастар тәжірибесіне тартылады.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендейді. Ал жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыздан 3,3 пайызға дейін төмендейтін болады.
2023 жылы «Мамыр» саябағының аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған иппотерапия орталығы және 30 орындық монша салынады. 2023-2024 жылдары 15 және 14-шағынаудандарында 2 әлеуметтік бейімдеу орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.
Мәдениет пен өркениет
Ұлттың мәйегі саналатын мәдениет саласында да ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Тараз қаласы дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді. Бүгінгі таңда қаламызда 76 қолөнершілер 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында қолөнер орталығы ашылады.
2023 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы салынады. «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады. 2023-2025 жылдары 14-шағынауданында 1300 орынға арналған орталық концерт залы салынады.
2023 жылы саяжайларды жандандыру мақсатында «Жеңіс», «Қайрат Рысқұлбеков», «Шахристан», «Арбат» және «Үшбұлақ» демалыс орындарында гүлзарлар алаңы, демалыс аумағы, велосипедтер, скутерлер айдайтын арнайы алаң, дүңгіршектер, заманауи үлгідегі аттракциондар салынады.
Этносаралық келісімді нығайту, қала тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды жаңғырту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын 100-ден аса іс-шаралар ұйымдастырылады.
Инженерлік инфрақұрылым
Инженерлік инфрақұрылым бағытында да ілкімді істер аз емес. Инфрақұрылымның игілігін тараздықтар әрдайым сезінуде. Мәселен, 2023 жылы «Казарма», «Құмшағал», «Қызыл Абад», «28 Саяжай», «Шөлдала», «Жиделі», «Көлтоған» массивтеріне ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталады.
15-шағынауданы, Асқаров, Хамукат, Қарасай, Көктем массивтеріне газ құбырлары тартылады. 14,15-шағынаудандары, Шалғай Қарасу, Қарасай, Асқаров, Хамукат, 28-саяжай, Шөлдала, Құмшағал, Шаңырақ, Көктем алқаптарына электр желісі тартылады.
Қаламыздың 3 жылдық даму картасына ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, тұрғындар тарапынан көтерілген ең маңызды мәселелерге басымдықтар берілді.
Атап айтқанда, көше жолдарын жөндеу, көше жарығын орнату, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, арық желілерін қалпына келтіру жоспарлары енгізілді.
Бюджет мүмкіндігіне байланысты барлық мәселелерді бір жылдың ішінде шешу мүмкін емес. Даму картасында өзекті мәселелердің басымдықтары ескеріліп, кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Қала тіршілігі тегеурінді
Шаһар көшелерінің теп-тегіс болатын күні де алыс емес. Ағымдағы жылы 116 көше мен бұрылыстарға орташа жөндеу жүргізіледі.
Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтеді. «Барысхан» және «Бұрыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы басталады. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдардың үлесі 61 пайыздан 75 пайызға дейін артады. Қала көшелерінің самаладай жарқырауы да тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай туғызады.
Бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылуда. Темір бетонды бағаналары бар 68 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады.
Алдағы үш жылда қаладағы істен шыққан арық жүйелері кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Қаладағы «Қарасу-1», «Қапал», «Түйте» каналдарымен Талас өзенінің аумағы абаттандырылатын болады. Қоғамдық көлік саласын дамыту қашанда өзекті.
Сол себепті автобус парктерін жаңарту мақсатында биылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланып отыр. Қосымша 15 жаңа бағыттар ашылып, 120 аялдама орнатылады.
Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады.
Абай даңғылы Балуан шолақ көшесімен қиылысқан аумағындағы теміржол үсті өтетін көлік жолы құрылысы арқылы халық арасында «за линией» аталатын аумаққа жалғастырылады.
Абай даңғылы солтүстік- батыс бағытта жерүсті көлік жол құрылысы арқылы жалғастырып 14-шағынауданы арқылы Алматыға бағытталған жолға қосу жоспарда бар.
Әл-Фараби көшесі оңтүстік бағытта жалғастырылып, Шалғай Қарасу алқабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғастырып айналма жолға қосылады.
P.S: Тараз ежелден бірлік пен достықтың қаласы ретінде ерекше танымал. Қаламызды түлетуде қолға алынып жатқан жоғарыдағы ірі жобалар шаһардың одан сайын көркейіп, дами түсуіне жол ашары сөзсіз. Қала басшысы болып тағайындалған Бақытжан Орынбеков тәжірибесі мол, іскерлігі басым басшы екенін жұртшылық біледі. Осы бағыттағы жұмыстарды шаһар тізгінін ұстаған білікті азаматтың сәтімен жүзеге асыратынына сенім мол.Гүлжан РАХМАН
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді