«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Нұрлы жол» - экономиканың өсім кепілі

«Нұрлы жол» - экономиканың  өсім кепілі
ашық дереккөз
«Нұрлы жол» - экономиканың өсім кепілі

Газетіміздің өткен санында жазғанымыздай, Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауын кеңінен түсіндіру мақсатында «Нұрлы жол» ақпараттық керуендері мен арнайы пойыздар шалғай өңірлерге жол тартқан болатын. Ақпараттық-насихаттық топтар мүшелері жергілікті жерлерде тұрғындармен кездесіп, жылдың басты құжатынан туындайтын міндеттер төңірегінде келелі әңгіме өрбітіп қайтты.Біз бүгін облыстың бірқатар аудандарында өткен шаралар туралы топтаманы оқырмандар назарына ұсынып отырмыз

Қордай

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын түсіндіру, насихаттау мақсатында облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қордай ауданында болды. Қордай ауылының орталық алаңында «Біз Жолдауды қолдаймыз!» деп ұрандаған аудан тұрғындары топ мүшелерін салтанатты түрде қарсы алды. Облыстан жеткен насихатшылар ауыл-ауылдарға бөлінді. Алға, Қарасу, Ноғайбай, Сарыбұлақ, Степное ауылдық округтерінің тұрғындары, «Береке» колледжінің студенттерімен бірге Елбасы Жолдауын қызу талқылаған «Нұрлы жол» ақпараттық автокеруен мүшелері ондағы маңызды бағыттарға тоқталып, Елбасының сарабдал саясаты жайлы сөз қозғады. Тұрғындар да алуан ой-пікірлерін ортаға салды. Одан кейін Қасық ауылдық округінің мәдениет үйіне бағыт алған «Нұрлы жол» автокеруені осы күнгі ақпараттық-насихаттау жұмыстарын қорытындылау жиынында болды. Онда облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, Қордай ауданының әкімі Қайрат Досаев, аудандық мәслихат хатшысы Біржан Әлімбетовтер тұрғындармен жүздесті. – Бұл Жолдаудың басты жаңалығы – жылдағыдан ертелеу жолданғандығы. Оның себебі де жоқ емес, кейінгі кезде орын алған әлемдегі геосаяси қайшылықтардың ықпалынан туындаған экономикалық дағдарыстың жаңа қарқынмен үрдіс алуы. Елбасы айтқандай, экономикамыз қиын кезеңді бастан өткергелі отыр. Сондықтан, биылғы Жолдау өзінің мерзімінен бұрын, бірінші рет «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында жолданды. Осы орайда, қай кезде болсын, Президентіміз ел үшін қиыншылықтан шығу жолдарын ұсынып, жауапкершілікті өз мойнына алатындығын ерекше айта кеткен ләзім» – деген Бағлан Жиенәліұлы қасықтықтардың жағдайымен танысып, олардың көкейіндегі сауалдарына да жауап қатты. Ал Қайрат Әскербекұлы Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталғанына тоқталып, аудандағы осы сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жемістілігі жайлы сөз қозғады. Аудандық орталық алаңда қонақтардың қатысуымен мерекелік акция өтті. Онда Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов Елбасы Жолдауын ақпараттық-насихаттау мақсатындағы топтың жұмысына табыс тілеп, қордайлықтар қашанда қолдау танытатындарын жеткізді.

Байзақ

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

«Нұрлы жол» автокеруенімен келіп жеткен ақпараттық топ мүшелерін Байзақ жұртшылығы да қошуақ көңілмен қарсы алды. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен басқосуда аудан әкімі Мұратхан Шүкеев топтың жұмыс мақсатымен таныстырып, бұл істің маңызы айрықша елеулі екеніне тоқталды. – Жолдауды бірлік пен ынтымағымызды ұйыта түсетін, ілгерілеуімізге серпін беретін, рухани жаңғыруға жағдай жасайтын нұрлы жол деп білуіміз керек. Ертеңіміз нұрлы, болашағымыз жарқын болатынына сенімді үстей түседі әрі әрбір ел тұрғынының өміріне әсер етуімен де бағалы. Байзақтықтар Мемлекет басшысының болашаққа бастаған батыл қадамдарын қолдап, Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға аянбай еңбек етіп, іспен жауап беретіндігіне сеніміміз мол, - деді аудан әкімі. Бұдан кейін құрамында атқарушы органдардың басшылары, мәдениет, білім және спорт саласының, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері бар ақпараттық топтың мүшелері өздеріне бекітілген аумақтар бойынша насихаттық, түсіндіру жұмыстарын қызу бастап кетті. Барлық ауылдық округтерде болып, жұртшылық өкілдерімен кездесті. Жиындар барысында ауылдың шешімін күткен әлеуметтік мәселелері, жастар тәрбиесі, алға бағдарланған басқа да мәселелер басты әңгіме арқауы болып өрілді. Суханбаев ауылында өткен жиында да ауылдық округ әкімі Марат Өзбеков Жолдауда айтылған жайлар, алға белгіленген бағдарлар халықтың қамы, елдің игілігі үшін жасалып жатқандығын айтып, ауылдық аумақтың алға бағдарланған жоспарымен де таныстырып өтті. Оның айтуынша, келер жылы бөлінер қаражат есебінен мәдениет үйі, жолдар жөнделмек, ағын су, сондай-ақ, сапалы ауыз су жеткізілуіне қатысты түйткілдер де зерделеудің нәтижесінде оң шешімін таппақ. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының өңірлерді дамытуға байланысты тапсырмасы аясында жүзеге асырылғалы отырғаны атап көрсетілді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әуес Қосыбаев, зейнеткер Ермек Тоқымбаев, тағы басқалары Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру ісінен суханбаевтықтардың да шет қалмайтындығына сенім білдірді. ТарМПИ-дың қызметкері Ұлжалғас Қарамырзаева да өзі бекітілген Ынтымақ ауылдық округінде тұрғындардың саяси акцияға бір кісідей атсалысып, қолдау білдіргенін жеткізді. Қысқасы, ел дамуының басым бағыттары белгіленген осынау құжат барлық ауылдар тұрғындарын қуанышқа бөлеуде. Ақпараттық топтың жетекшісі, облыстық тұрғындарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков те ауданда насихаттық- түсіндіру жұмыстары ойдағыдай өткенін айтады. «Барлық жерде де тұрғындар көптеп жиналды, олар Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын айрықша серпіліспен қабыл алуда» дейді ол.

Сарысу

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласы биыл көздің жауын алардай құлпыра түсті. Орталық алаңдағы еліміздің көк Туы осы жетістіктің бәрі Тәуелсіздіктің жемісі екенін білдіргендей күзгі желмен желбірейді. Алаңға Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында облыстан келген ақпараттық-насихаттық топтың мүшелерін қарсы алуға еңбек ұжымдары, халық қалаулылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар көп жиналды. Осы жолдардың авторы Тараз қаласынан облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Нұрлы жол» атты керуеннің облыстың барлық ауданға аттанғанын жеткізіп, Жолдаудан туындайтын міндеттерді еске салды. Одан кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Мадина Пірімбек сөз алып, Елбасының «...Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы жол» міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы!» дегенін еске алып, аудан жастарының Жолдау талаптарын орындауда белсендік танытатындарын атап көрсетті. Жолдауға қолдау білдірген митингтің соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты. Облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Жаңатас қаласы мен ауылдық округтерге бөлініп, түрғындармен жергілікті жерлерде жүздесіп, Жолдауды ел арасында кеңінен түсіндірді. Облыстық әкімдіктің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев аудан орталығындағы бірқатар білім ордалары мен мекемелерде, ТарМПИ-дың сырттай және қашықтықтан оқыту факультетінің деканы Бақыт Мырзабеков Байқадам ауылдық округінде, «Қызыл жарты ай қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Оразкүл Тастемірова Жаңарық ауылдық аймағында, осы жолдардың авторы Жаңаталап ауылдық аймағында тұрғындармен жүздесіп, Жолдауды кеңінен талқылады. Мұндай талқылаулар басқа да ауылдық аймақтарда өтті. Ел өміріндегі аса зор саяси оқиғаға айналған тарихи құжат жарияланысымен ауданнан да ақпараттық-насихаттық топ құрылып, жедел іске кірісіпті. Үлкен де, кіші де Жолдауда айтылғандарды қолдайтындарын, оны іс жүзінде жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар