Санға емес, сапаға жұмыс істеу маңызды
Серіктестік негізінен көше және ішкі жарық жүйелеріне қажетті үнемді электр шамдарын шығарумен айналысады. Мұнда көше және ішкі жарық шамдарының 60 түрі құрастырылады. Оған қажетті шикізат Германия мен Швейцариядан жеткізіледі екен. Бұл елдерден әкелінген өнімді арнайы цехтарда өңдеп, дайындап алып, біртіндеп құрастырып, жинақтайды. Бұдан бөлек, зауытт а мет алл өңдеу, трансформатор жинау цехтары да жұмыс істеуде. «ENERGY» Company» ЖШС директоры Даурбек Нұрымғалиевтің айтуынша, үнемді шамдар цехында бір айда 3-4 мың шам құрастырылады. Тапсырыс берушілердің сұранысына қарай зауыт үнемді шамдардың түр-түрін дайындап бере алады. Ал бұл цехтың жылдық қуаты 36 мыңды құрайды. Қазіргі таңда 30 мың шам жасалып, отандық нарыққа жолданып, өткеріліпті.
– Қарап отырсаңыз, қазір Еуропада және Қытайда жасалған әралуан үнемді шамдардың түрі көп. Олардың көбінің сапасы төмен. Біз өз өнімімізді солармен салыстыра отырып, отандық өнім бағасы жағынан ғана емес, сапасы жағынан да бәсекеге қабілетті екеніне кепілдік бере аламыз. Біз өз тауарымыздың әрбіріне 3-4 жылға кепілдік береміз. Егер бізге алған үнемді шамдарды көшедегі жарық бағандарына орнатып, ғимараттардың ішіндегілерін ауыстырып беру туралы ұсыныс түсетін болса, ол үшін арнайы жасақталған құрылыс бригадамыз бар. Олар жер қазып, бағандарды орнатып, электр желісін жүргізіп, шамдарды салып, тексеріп бере алады. Олар барлық техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, – дейді серіктестік директоры.
Зауыттың құрылыс бригадасы алдыңғы жылы Астана қаласындағы Сарыкөл көшесіне бағандарын орнатып, жарық шамдарын ауыстырып беріпті. Мұндай тапсырыспен Тараз қаласының көшелерінде жұмыс істепті. Аудан орталықтарынан да тапсырыстар алған. Сонымен бірге қала ішіндегі кейбір шағынаудандардағы ойын алаңдарындағы жарық шамдарын зауыттың құрылыс бригадасы орнатыпты.
Үнемді шам цехы негізгі ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Онда ондаған адам үнемді шамдарын құрастырып, арнайы қағаз қораптарға қаттап салуда. Ал оның ішіндегі схемаларды орналастыру, корейлік автоматтандырылған құрал-жабдықтарда дайындалып, құрастыру цехына жіберіліп отырады екен. Мұнда шикізат күйінде келген жабдықтар металл өңдеу цехында кесіліп, түрлі қалыпқа енгізіліп, содан кейін осында жеткізілетіндігін білдік.
Бұдан кейін зауыттың трансформатор цехында болдық. Цехтың жылдық қуаттылығы 300 дана трансформатор құрастыру. Оның шкафтары металл өңдеу цехында дайындалып, қалған құрал- жабдықтары біртіндеп жиналады. Ал металл өңдеу цехында балалардың ойын алаңдарына арналып жасалған темір ойын құралдарының арасында ағаштан құрастырылғандары да бар. Сонымен қатар саябақтар мен аллеяларда күнде көріп жүрген орындықтардың дені осында жасалыпты. Ол орындықтардың темірі мет алл өңдеу цехында дайындалып, үстіне арнайы ағаш рейкілер бекітілген. Айтқанға оңай көрінгенімен оны дайындаудың өзі темір дәнекерлеушінің біршама уақытын алатын көрінеді.
Осы арадан қалаішіндегі дәмханалар мен демалыс орындарында көзіміз шалып қалған шатыры, үстелі мен орындығы бар бесеткалардың да барын аңғарып қалдық. Сөйтсек мұнда көп дүние жасалады екен. Қазір қаладағы шағынаудандарда тұрғын үйлердің абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлер балалардың ойын алаңдарына қажетті құрал- жабдықтарға тапсырысты осында беретін болып шықты.
Цехтағы жұмыстың қызып тұрғанының үстінен түстік. Дәнекерлеушілердің мойын бұрып қарауларына уақыттары жоқ. Кіре берісте бір топ жұмысшы темір беседканы әрлеп, темір жонғышпен жонып, сәнін келтіріп-ақ жатыр. Темірден түрлі оюмен өрнектеліп жасалып жатқан шатырлы шайланың аз тұрмайтыны жұмысынан- ақ көрініп тұр. Одан әріде дәнекерлеушілер жұмыс істеуде. Бұл цехта «ЧПУ» станогының операторы Əлшер Көбеевті сөзге тартқан едік.
– Осында жұмыс істеп жатқаныма сегіз жыл болды. Негізгі мамандығым электрик. Осында электрик болып жұмысқа орналасып едім басында. Қазір мына автоматтандырылған станокты меңгеріп алып, темірден түрлі формадағы кескіндерді кесемін. Біз тек компьютерге бағдарламаны салып бақылап отырамыз. Барлық жұмысты ст анок өзі істейді. Жұмысым өзіме ұнайды, – деді ол.
«Бүгінгі таңда зауытта барлығы 150 адам жұмыс істеуде. Олардың 30 пайызын мүмкіндігі шектеулі азаматтар құрайды. Осылайша қолынан іс келетін бұл топтағы азаматтарды көптеп тартудамыз. Алда электр техникалық зертханасын ашу жоспарымызда бар. Ол зертханада жұмыс істеп тұрған электр құрал- жабдықтарын тексерумен қатар, істен шыққандарын ауыстырып беру сынды жұмыстарды атқару да қаралған», – дейді директор.
Зауыттың өнімі еліміздің барлық өңіріне таратылады. Енді серіктестік Астана мен Алматы қалаларында өздерінің тапсырыс қабылдайтын филиалдарын ашпақ ниетте. Содан кейін ол қалаларда да осындай цехтарды ашу жоспарларында бар. Осылайша зауыттың қуатын арттырып, жұмысты жандандыруды көздеп отыр. Сонымен бірге алдағы жылы ағаш цехын іске қоспақ. Сөйтіп бір мезгілде металл және ағаш өңдеу цехтары жұмыс істеп, орындық, үстел, басқа да балалар алаңдарына арналған ойын құралдарының көлемін арттыруды жоспарлауда.
Жалпы зауыт ауласында ғана емес, цехтар мен негізгі ғимаратта күрделі жұмыстың жүргізілгені көрініп тұр. Кейбір бөлмелерінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қызметкерлеріне серіктестік жыл мезгілдеріне қарай фирманың сырт киімдерін тегін таратуда. Сонымен бірге жұмысшыларын ыстық тамақпен қамту да дұрыс жолға қойылыпты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді