Талайларды тамсантқан бал қымыз
Елдің экономикалық жағдайын ілгерілету мақсатында мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Сол мүмкіндіктерді пайдаланып, жеке кәсібін ашқандар өз отбасын асыраумен қатар бірнеше адамдарды да жұмыспен қамтып отыр. Ауылдастарына жұмыс тауып беріп отырғандардың бірі – Меркі ауданындағы жеке кәсіпкер Мақсат Алимсейтов. Ол ұлттық сусынымыз қымызды заманауи технологиямен өндіруде. Адам ағзасына пайдалы әрі таза табиғи өнім саналатын қымызды өндірудің заманауи технологиясы арқылы ұзақ уақытқа сақталатындай пластик ыдысқа құйып, тұтынушыларға ұсынып келеді. Мақсат Орыналыұлы бұл бағытта көп ізденіп, жаңа жүйеге сәйкес бизнес жоспар құрды. Осылайша жұмыс барысын нық жолға қойып, қымыз өндірісін модернизациялап, бір литрлік пластик ыдысқа құю цехын ашты. Өз өнімінің брендін қалыптастырды. Осы салада көмектесіп, жұмыста үзеңгілес, серіктес болып жүрген үлкен ұлының есімімен өнімін «AQ NUR» деп атады.
Жас кәсіпкер бала күнінен мал шаруашылығымен айналысуды армандаған. Ата-анасы да төрт түлікті төлдетіп, ата кәсіппен шұғылданыпты. Ал Мақсат Қамбар ата түлігі жылқы малын жақсы көріп өскен. Жастайынан бие сауып, қазақтардың ұлттық тағамы қымызды ыстап, күбіде пісіп, бабына келтіріп жасауға қызығушылық танытып үйренген. Ауыл жұрты да ата-аналары дайындаған қымызды тамсана ішіп, ризашылықтарын жеткізіп, ақ баталарын берген екен. «Көп тілеуі – көл» деген. Бүгінде Мақсат өрісін өркендетіп, төлін түлетіп отыр.
– Кәсіпкерлікпен айналыса бастағанда 4 бас сауын бие сатып алып, желіге байладым. Күн-түн демей бар ынта-жігерімізбен еңбектеніп, бие сауып, қымыз сусынын өндіріп, аудан тұрғындарын экологиялық тұрғыда таза, сапалы өніммен қамтамасыз етуге ден қойдық. Шүкір, еңбегіміз еш кетпеді, жұмысымыздың жемісін көре бастадық. Отбасымның қолдауымен бірлесіп, бие санын 12 басқа жеткізіп, қымыз өндіру ауқымын кеңейттік. Табыс көзі де ұлғая түсті. Шаруашылықты кеңейту мақсатында ауылымыздағы Жауғаш батыр көшесінде орналасқан жер телімімізге қоражай салып, малға жаңа фазенда жасадық. Таңсәріде тұрып, малды жайғап, күні бойы бірнеше рет бие сауудың машақаты оңай емес екенін мал баққандар біледі. Әрине, еңбек бейнетімен тәтті. Адам сүйікті ісімен айналысса, табысқа жетеді, – дейді Мақсат.
Бүгінгі таңда Меркі жерінде дайындалған қымызы тек бұл ауданда ғана емес, оңтүстік астанамыз Алматы қаласының дүкендерінде де сатылымға шығарылған. «AQ NUR»-дың бал қымызы таңдайда қалар дәмімен елді сүйсіндіріп, сұранысқа ие болып отыр. Бүгінгі күні сауынды бие санын 150 басқа жеткізіп, күніне жаз мезгілінде күн сайын 400, ал қыста 300 литрге жуық қымыз өндіріп, нарыққа шығарылады.
– Алдағы уақытта бабалардан қалған кәсібіміз – мал шаруашылығын дамытып, ұлттық сусынымызды жаңарған түрде танытып, халқымның, елімнің өркендеуіне үлесімді қоссам деген мақсатым бар. Еңбегіммен елімнен алғыс алсам, менен бақытты жан жоқ, – дейді кәсіпкер.
Бейбіт БЕКІ,
журналист.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді