Сабын қайнату өнерін жаңғыртқан Жансұлу
Соңғы жылдарда елімізде сабын өнеркәсібі қарқынмен дамып келеді. Кір сабынмен қатар әртүрлі қызықты әрі сүйкімді пішінде жасалған иіс сабындарға сұраныс жоғары. Ел арасында гигиенаға арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік қалыптасқан. Негізінде сабынды үй жағдайында дайындап, кәсіп етуге болады. Мәселен, бір кездері барлық ақпараттық порталдар мен мерзімді басылымдар жарыса жазған қордайлық кәсіпкер Жансұлу Мұқатова сабын шығаруды өндірістік деңгейде жолға қойды. Істі қолға алғанына небәрі екі-үш жыл болса да үлкен деңгейге көтерілді. Жансұлу Мұқатова бала күтіміне байланысты үйде отырғанда өзіне жаңа хобби тауып, сабын жасау ісін қолға алған. Бұл ой оған «Youtubе» желісіндегі бейнероликтерді көрген кезінде келіпті. Қолынан іс келетін Жансұлуға сабын жасау ісі айтарлықтай қиындық туғызбаған. Өз қолымен сабын жасау қызықты әрі тартымды іс болғандықтан оған тез үйреніп, бұл оның сүйікті ісіне айналып кеткен. Мұндағы бір ерекшелік ретінде бірнеше сағаттың ішінде өз жұмысыңның тамаша нәтижесін көруге болатынын айтуға болады. Ал сабынның түсі, түрі, иісі өнер иесінің қалауы мен талғамына байланысты. Жансұлу Мұқатова гүл, мултьфильм кейіпкерлері, жануарлар мен жүрек, тіпті адамның ойына кіріп-шықпайтын банкаға жабылған тұздалған қияр, жеміс-жидектер, аяқкиім секілді түрлі пішіндерді сабыннан жасайды.
Жансұлу жасайтын сабындар тек әсемдік үшін емес, емдік жағынан да пайдалы екен. Мәселен, емдік қоспасы бар сабын әжімді кетіруге, бетті ағартуға, майлы, проблемалы бет терісін қалыпқа келтіру үшін жасалады. Сондай-ақ тапсырыс берушінің қалауымен кез келген пішінде әзірлейді.
Бұл ерекше бұйымдарды ол алғашқы кезде жақындарына ерекше сыйлық ретінде ұсынып жүрген. Бұйымдар оның туыстарының көңілінен шығып, сол сәттен бастап бикеш сабын қайнату ісін меңгеруге бел буды. «Youtubе» желісінде сабын жасау туралы бейнебаяндардағы мәліметтер істі бастау үшін жеткіліксіз болды. Алайда табиғатынан жігерлі Жансұлу осы жұмыстардың майталман шеберлерін іздестіре бастайды. Осылайша ол Нұр-Сұлтан қаласында тұратын шеберге жолығып, сабын жасаудың қыр-сырын үйреніп шығады. Кейіпкеріміздің айтуынша, жай ғана қызығушылықтан басталған ісі кейін табыс көзіне айналады деп ойламаған да екен.
Бірақ бүкіл әлемді шарпыған пандемия салдарынан сабын қайнату ісін кейінге қалдыруға тура келеді. Шикізат пен қажетті материал таусылып, оларды жеткізуге мүмкіндік болмады. Онда да Жансұлу қол қусырып отырмай кондитерлік бұйымдарды пісіруді қолға алды. Ал карантиндік шектеулер жеңілдетілгеннен кейін оның хоббиі толыққанды жобаға айналды. «Мұқатовтардың сабын қайнату өндірісі» атты жобаның әлеуметтік желілерде өз парақшалары және тұрақты сатып алушылары бар. Қазір клиенттер саны ұлғаюда. Іс жүзінде әдемі орамға қапталған қолдан жасалған сабынға қызығатын адам көп болып шыққан. Тапсырыс саны күннен-күнге көбейіп, жұмыс ауқымы да арта түскен.
– Қарапайым компоненттерден керемет өнер туындысын жасап шығару өте қызық. Кейде бұйымды мінсіз жасау үшін екі аптаға дейін уақыт, бірнеше келі шикізат қажет болады. Ойдағыдай шықпаса басынан бастаймын. Сабын қайнатудың екі түрі бар – нөлден, яғни толыққанды өндірістен және дайын қатты негізден. Нөлден бастауға әлі дайын емеспін. Химиялық барлық процестерді игере алмаймын. Ең бастысы сатып алушыларға кері әсерін тигізбесе екен деймін,– дейді Жансұлу Мұқатова. Шағын кәдесыйлардан түймедақ, меруертгүл, ақгүлдің немесе кофенің, француз парфюмдерінің иісі аңқып тұрады.
– Бұл сабындар жақсы көпіреді. Менің сатып алушыларым сабынның өндірістік сабынға қарағанда ұзаққа жететінін айтуда. Дегенмен сатып алушылардың көбісі бұл әдемі бұйымдарды жаратуға қимай, сақтап қояды екен, – дейді шебер.
Жансұлудың айтуынша, тапсырыс берушілер көбінесе гүл шоқтарын немесе туған күнге орай цифрларды ұнатады екен, сонымен бірге «тақырыптық» сабындар да сұранысқа ие.
– Өзімді бұл хоббисіз елестете алмаймын. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы орынды ашып, өндірісті ұлғайтуды, нөлден бастап сабын қайнату процесін меңгеріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын. Барлық бастамаларымды қолдап отырған жолдасыма рақмет. Сабын қайнатудан бөлек тұсау кесу мерекесіне арналған бұйымдарды да жасаймын. Осыған орай оны жасау процесін үйреніп, қажетті құрал-жабдық пен материал сатып алдым. Тапсырыс Қордайдан ғана емес, Астана, Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларына жолданады, – деп алдағы жоспарларымен де бөлісті жас кәсіпкер.
Қоғам талабына сай табыс табудың кілтін тапқан кейіпкеріміз бұл ісіне тек бизнес емес, шаршағанын басатын, шабыт беретін шаруа деп қарайды. Сүйікті ісіңнен ләззат алу деген осы болар, бәлкім.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді