Қайтарымсыз гранттың қайыры көп
Халықтың тұрмысын түзеу, табысын арттыру мақсатында елімізде түрлі әлеуметтік бағдарламар мен жобалар жүзеге асуда. Кез келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау елімізде айрықша басымдық берілген салалардың бірі. Әрине айлығы шайлығына жетпейтін жұмыста уақытыңды ұрлатқанша өз алдыңа жеке кәсіп ашып, ісіңді дөңгелеткенге не жетсін?! Дегенмен көпшілігінің кәсіп жүргізуге қызығушылығы болғанымен, біліктілігі мен қаржының жетіспеушілігі кедергі болып жатады. Қиындықтар мен кедергілерді жою үшін елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жүзеге асқан болатын. Баянды бағдарламаның шарапатын мыңдаған, миллиондаған қазақстандық көрді. Қазіргі таңда бағдарламаның атауы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба болып өзгеріп, қайтарымсыз грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке, яғни 1 225 200 теңгеге өсті. Яғни кәсіп ашуға ниетті азаматтар өз қалтасынан қаражат шығармай, ешқандай несиесіз мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өз кәсібін бастауға үлкен мүмкіндік алады.
Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылғы жылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топқа атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады. Грант алуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі «Business.Enbek» кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Сонымен қатар грант алуға үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша жұмыстарын көрсетеді.
Бағдарламаның тиімділігін түсінген Шу ауданының азаматтары да мемлекет қолдауынан қапы қалмай, өз бақтарын сынауда. Жалпы грант беру тәртібі 4 лекке бөлінген. Әр лектің өтініш қабылдау күні мен тәртібі «Bussines Enbek» порталында көрсетіліп, бекітілген. «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығына сәйкес грантқа өтініш тастау үшін әр үміткер «Bussines Enbek» порталында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн оқуды аяқтап, грантқа әр лектің уақытысы бойынша өтініш тастауы қажет болған. Жыл басынан бері 1 173 шулықтың өтініші қабылданып, комиссия отырысына қатысқан. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша аудан көлемінде 1 792 азамат оқуға жолдама алған.
Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында аудандағы 253 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып, 309 975,0 мың теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 253 азаматқа грант қаражаттары толықтай аударылыпты.
Осылайша жұмыссыздықты жоюға, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге бағытталған бағдарламаның арқасында ауданымыздың бірқатар азаматтары қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп, нәсібін еселеуде.
Мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, өз ісін дөңгелеткендердің бірі – Тохан Әлібек. Әлібек былтыр халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, сертификатын алған. Ол қайтарымсыз грантқа үміткер болу үшін 2022 жылдың сәуір айында қайтарымсыз гранттың бірінші легіне қатысып, комиссия мүшелерінің алдында бизнес жобасын қорғап, 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алды. Жас кәсіпкер алған қаражатына 4 сүт бағытындағы ірі қара малын сатып алды.
Елдің тұрмысын жақсартып, қолын аузына жеткізуді мақсат еткен мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген тағы бір азамат – Таңатар Айсұлтан. Таңатар аталған бағдарламаның екінші легінде бизнес жоспарын қорғап, қайтарымсыз грантқа ие болды. «Тәуекел түбі желқайық» деп алға қойған мақсатынан тартынбай, ойға алған ісін жүзеге асыруда табандылық танытқан азаматтың асығы алшысынан түсті деп айтуға негіз бар. Бүгінгі таңда Айсұлтан Шу қаласындағы Сәтпаев көшесінде орналасқан «Brilliant» салонында барбершоп ашып, бизнесін бастап кетті. Бастаған ісінен оңды нәтиже шығарып, шулықтардың сұранысына сай қызметін жасап, нәпақасын сүйікті кәсібінен айырып отырған Айсұлтан үшін мемлекеттің қолдауы айтарлықтай демеу болды.
Ал, Совхан Батыр жоғарыдағы азаматтар секілді бағдарламаның бағыттарын бұлжытпай орындап, өзінің кәсіпке ниетті екенін дәлелдеп, 1 225 200 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты қолына алады. Ол «Сауда-Сервис» орталық базарынан бір дүңгіршек ашып, халыққа түрлі шырынды сусындар, кофе, коктейль ұсынып отыр. Бұл іске де асқан ыждаһаттылық пен төзім керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің басты міндетінің бірі болып қалатынын баса айтқан болатын. «Жас келсе – іске» демекші, жігерлі жастарымыз қолдау барда қарап қалмай, заман ағымына сай тірлік еткені абзал. «Еңбегі аздың өнбегі аз» деген халық мақалы да бел жазбай еңбек етуге үндейді. Әр адам осылай шағын кәсіп ашып, оны ерінбей жүргізсе, кәсібі нәсібіне айналатыны сөзсіз.
Айғаным АСҚАРБЕК,
журналист,
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді