Көп көңілінен шықты

Көп  көңілінен  шықты
ашық дереккөз
Көп көңілінен шықты

«Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының ХІІІ конференциясында филиал төрағасы, аудан әкімі Бахтияр Көпбосынов есеп берді. Ол 2012-2014 жылдар аралығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, осы кезең ішінде көшбасшы партияның қатарының анағұрлым толыққанын, партия мүшелерінің өздеріне тапсырылған іске деген жауапкершілігінің артқанын нақтылы мысалдар келтіре отырып баяндады. Иә, нұротандықтар араласпайтын сала жоқ десе де болады. Өйткені партиялық бақылау постыларының жұмыс ауқымы өте кең.

– Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы қазір әр партия мүшесінің жүрегінен терең орын алды. Осы маңызды құжат біздің нұрлы келешегіміздің бағдаршамы десек те болады. Жолдаудың әр жолын халыққа жеткізу, сөйтіп арнайы іс-қимыл бағдарламасын қабылдауға біз бірінші күні-ақ кірісіп кеткен болатынбыз,– деді баяндамашы. Баяндамашы өз сөзінде мұнымен қатар қол жеткен жетістіктер мен орын алған кемшіліктер туралы да айтты. Әсіресе, партиялық жауапкершілік тұрғысынан алғанда партия мүшесі лауазымды басшы бола тұра бюджеттік қаражатқа қол салып, сыбайлас жемқорлыққа барса онда оған қатаң жаза тағайындау керек екенін ескертті. Бұл мәселеге Елбасының өте қатал қарайтынын, сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексін бұлжытпай орындауын талап етті. Баяндама бойынша жарыссөзге шығып сөйлеген делегаттар Ақтоған ауылдық аймағы әкімі Олжабек Қосубаев, өзбек этно-мәдени орталығының өкілі Юнус Арипов және аудандық жастар орталығының маманы Мөлдір Қапаевалар қанағаттанарлық баға берді. Конференцияға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Сембек Сейдазимов қатысып, сөз сөйледі. Делегаттар ауданның Саяси кеңесіне кейбір өкілеттіктер беру туралы мәселе көтерді. Оны делегаттар бірауыздан қолдады. Конференция күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша қаулы қабылдады. Одан соң Саяси кеңестің жаңа құрамы және оның төрағасы сайланды.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар