Жобалар жалғасын таба береді
Бүгінге дейін облыстың ауыл шаруашылығы саласына 130 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылған. Соңғы 31 жыл ішінде облыста ауыл шаруашылығы саласында 100-ге жуық инвестициялық жобалар іске асырылған. Оның ішінде Қордай ауданында «Greenwill» ЖШС тәуелсіз мемлекеттер достығы елдері арасында гидропоника және аквапоника технологиялары қолданылатын жалғыз жылыжай алаңдарын ерекше атап өту қажет. Сонымен қатар бұл қарқынды жұмыстарды одан әрі жалғастыру мақсатында 2026 жылға дейін 283,2 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда облыста жалпы көлемі 34,6 гектар алқапты құрайтын жылыжай орналасқан. Онымен 66 шаруа қожалығы айналысуда. Бұл жылыжайлардың 14,1636 гектарына көкөніс, дәмдеуіш шөптер және құлпынай орналастырылып, одан 385,1 тонна қияр, 108,6 тонна қызанақ, 88,8 тонна дәмдеуіш шөптер мен құлпынай жиналған. Барлық өнім Тараз, Алматы және Астана қалаларының тұтынушыларына өткерілген.
Тараз қаласында «Империя» жеке кәсіпкерлігі балмұздақ өндіру зауытын іске қосты. Жамбыл ауданында қуаттылығы жылына 50 миллион дана жұмыртқа шығаратын «АсаДаму» ЖШС құс фабрикасы жұмыс істеуде.
Байзақ ауданында 2016 жылы «АулиеАтаФеникс» ЖШС құс етіне алмастыруды импорттау үшін тауық етін өндіру құс фабрикасын, ал 2019 жылы сүйек қалдықтарынан ұнтақ өндіру цехын іске қосты. Құс фабрикасы 2020 жылы 6385,8 мың тонна құс етін өндірді. 2021 жылы 2883 миллион теңгенің 1183,1 тонна құс етін өндіріп, Қырғыз Республикасына экспортталды.
Сондай-ақ Байзақ ауданында жұмыс істемей тоқтап тұрған «ЖамбылҚұс» құс фабрикасының ғимаратын 2018 жылы «АлельАгро» ЖШС сатып алып, қайта іске қосып отыр. Алдағы уақытта жылына 20 мың тонна құс етін өндіру жоспарлануда.
Қордай ауданында «ҚордайҚұс» ЖШС қуаттылығы 30 мың бас құс ұстайтын фабриканы іске қосқан болатын. Меркі ауданынан «Алтын- Құс» жеке кәсіпкерлігі бөдене жұмыртқаларын және ет өндіру бағытында жұмыс істеуде.
Бөдене шаруашылығы бүгінгі таңда 2500 бөденеден күніне 1000 дана жұмыртқа өндіреді. Бұдан бөлек, шаруашылықта айына 100 килограмм бөдене еті өндіріліп, Тараз қаласындағы ірі сауда орталықтары мен тамақтандыру орталықтарына өткерілуде.
Алдағы уақытта инвестор табылған жағдайда жобалық құны 30 миллион теңгені құрайтын бөдене фабрикасы жобасын іске асыру көзделуде.
2014 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласына мол инвестиция тартылуда. Атап айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «Қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім өндіру үшін оны сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүт өңдеуші кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетіліп келеді.
Облыста сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында сауын фермаларын көбейту жоспарланған. Осының аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақ мерзімді концепция қабылданып, 2025 жылға дейін өңірде жаңа 10 сүт- тауарлы фермасын салу жоспарланған.
Алдағы уақытта Байзақ ауданында 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын («Орбис» ЖШС), өзге аудандарда 400 басқа есептелген үш ферма құрылысын бастау көзделген.
Бүгінге дейін «Ақжар» шаруа қожалығы – 700, «Көк-Жайлау» шаруа қожалығы – 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермаларын салып, жұмысын бастап кетті. Облыста 43 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеуде. Онда 7210 бас сауын сиыр бар. Бұдан бөлек, облыста 33 сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативі жеке қосалқы шаруашылықтармен бірлесіп жұмыс істеуде.
Биыл Тараз қаласында «GOOD LOOK» ЖШС 1,1 миллиард теңгеге инвестиция тарта отырып, Чехия мемлекетінен «Семелтау» тұқымдас етті және сүтті бағытта мүйізді ірі қара әкелуді жоспарлаған. Жоспарға сәйкес, жылына 5,5 мың тонна сүт, 300 мың тонна ет өндеу көзделген.
Осы жобаны іске асыру үшін Жамбыл ауданынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Ал ауыл шаруашылығы кооперативтері есебінен сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі 72-ден 82 пайызға жоғарылаған.
Мал басының артуы ет комбинаттарының ет жүктемесін арттырған. Бүгінгі таңда облыста сыйымдылығы 27 мың басты құрайтын 11 ірі бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Өткен жылы облыстың тауарлы шаруашылықтары ет комбинаттарына 12 906 бас бұқашық тапсырған.
Бір ғана «Меркі ет комбинаты» ЖШС-да 31,3 мың бас қозы сойылған. Бордақылау алаңдарының ет комбинаттарына мал тапсыруын ынталандыру мақсатында жалпы шаруа қожалықтардың өткізген мүйізді ірі қарасына 859,9, қозысына 191,6 миллион теңге субсидия берілген.
Бүгінде облыста үш ірі ет өңдеу кәсіпорыны жұмыс істеуде. Одан бөлек, ондаған мал сою алаңдары мен шұжық өңдеу цехтары бар. Олар бүгінде өндіріс көлемін арттыруда. Ет өңдеуші кәсіпорындар өз өнімін шет мемлекеттерге шығаруды заңдастыруда.
Инвесторлар бау-бақша, жеміс- жидек өсірушілерге де қолдау көрсетуде. Бүгінгі таңда облыста бес элиталық жеміс ағаштары көшетін өндіруші қожалық Меркі ауданында жұмыс істеуде. Бұл тұқым шаруашылығы негізінен алма ағаштарының элиталық көшеттерін (Айдорет, Рэд Делишес, Голден Делишес және т.б.) алма, караөрік, алмұрт сорттарын өндіріп, облысты ғана емес көрші жатқан өзге де аймақтарды жеміс-жидек көшеттерімен қамтамасыз етуде. Биыл элиталық шаруашылықтарда 282409 жеміс ағашы көшеттеліп, нарыққа шығарылған.
Соңғы жеті жыл көлемінде облыста 1163,2 гектар алқапқа үдемелі бақтар отырғызылған. Оның 168 гектарын шие бауы құрайды. Мұндай бақтар Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарында жақсы жолға қойылып келеді.
Үдемелі алма плантацияларының артықшылығы – алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы. Яғни ол алқаптар екінші-үшінші жылдары өнім беретінімен ерекшеленеді. Аймақтағы үдемелі бақтарды қоса есептегенде облысымызда 3,5 мың гектарға жуық жеміс-жидек бақтары бар. Бұл алқаптардан жиналған өнімдер өз нарығымызбен қатар экспортқа шығарылуда. Өткен жылы жеміс бақтарынан 26,9 мың тонна жеміс жиналса, оның 21,2 мың тоннасы алма. Биыл 27,9 мың тонна жиналып, оның 22,2 мың тоннасын алма жемісі құраған.
2015-2020 жылдар аралығында жалпы 1145,2 гектар алқапта үдемелі алма бақтары отырғызылған. 2015- 2018 жылы отырғызылған үдемелі алма бақтарынан өнім алынуда. Жиналған өнім облыс және республика тұтынушыларына өткерілуде.
Алдағы жылдары (2021-2024 жылдар аралығында) облыста үдемелі алма бақтарының көлемін 1900 гектар алқапқа арттыру жоспарланған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді