Байыпты бағдарламаның лайықты нәтижесі

Байыпты бағдарламаның лайықты нәтижесі
ашық дереккөз
Байыпты бағдарламаның лайықты нәтижесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық даму, ақпараттық технологияларды жетілдіру мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да цифрландыру үдерісі қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі екеніне тоқталып, «Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс. Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеуді» талап етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілмеуі. Бұл мәселе түбегейлі әрі тезірек шешімін табуы керек», деп атап көрсетті. Уақыт талабына сай қолға алынған бастамаларды іске асыруда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тигізіп жатқан шарапаты мол. Бағдарлама басымдықтарының қатарында мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыруға көңіл бөлінуде. Осы мақсаттарды іске асыру үшін бейінделген заңнама, бизнесті, білім мен ғылымды қолдау шаралары, бизнесті жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мемлекетпен өзара әрекеттесу кезінде транзакциялық шығындарды қысқарту түрінде қолдау инфрақұрылымы жасалынуда. Сонымен қатар мемлекет еңбек өнімділігіне уақытты тиімді пайдалану мен экономикалық белсенді мінез-құлықты ынталандыру үшін өз азаматтарының қызмет алудағы қажеттіліктерін барынша ескеріп келеді. Мемлекет ақпараттандырудың алдыңғы кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тікелей немесе жанама түрде араласатын мемлекеттік органдардың базалық инфрақұрылымы мен ақпараттық жүйелері түрінде Қазақстан Республикасының «Электрондық үкіметін» құрды. Бұл тұрғыда 2017 жылдың шілдесінде 740-тан астам қызмет пен сервис электрондық нысанға көшірілді, 83 мобильдік қызмет іске асырылды. 2015 жылы веб-порталда электрондық нысанда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 36 миллионнан асты. 2016 жылы шамамен 40 миллион болды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде тіркелген бірегей пайдаланушылардың саны 6,6 миллион адамнан асты. 2017 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша елімізде 349 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істесе, қазір олардың қатары едәуір артты. Мұндай жарқын мысалдар Жамбыл облысында да жетерлік. Нақты айтар болсақ, жуырда ғана Тараз қаласында көші-қон қызметтері орталығы өз жұмысын бастады. Тараз қаласы, Сүлейменов көшесінің 300-үй мекенжайында орналасқан орталық екі қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта төлемдерді қабылдауға арналған касса, сақтандыру, нотариус қызметтері және басқа да қосалқы секторлар жұмыс істеуде. Ал екінші қабатта консультация секторы, операциялық зал, күту залы орналасқан. Мұнда барлығы 11 штаттық бірлік қарастырылған. Орталықта шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру; ҚР-да уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру; еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу және басқа да мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Жаңа бөлімнің ашылуы фронт-офистерге жоғары жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Байзақ аудандық бөлімінің «New Con» жобасын жүзеге асыру мақсатында жаңа ғимаратқа көшуі де көптің көңілінен шыққан жаңалық болды. 2013 жылы «Электрондық үкіметтің» Call-орталық базасында тегін 1414 телефон нөмірімен Бірыңғай байланыс орталығы құрылды. Бірыңғай байланыс орталығына күн сайын азаматтардан кемінде 14 мың арыз-шағым келіп түседі, жыл сайын арыз-шағымдардың жалпы санының орташа 15 пайызға артуы болжануда. Сәйкесінше операторларға үлкен жүктеме түседі. Электрондық үкіметтің веб-порталында «Ашық үкімет» алаңы құрылды. 2017 жылдың өзінде «Ашық деректер» порталында 2 376 деректер жиынтығы орналыстырылды, 17 132 нормативтік құқықтық актілер жобасы мен заң жобаларының тұжырымдамалары талқыланды, 14 928 бюджеттік құжат жарияланды. Жаңа технологиялардың пайда болуы қазіргі кезде іске асырылған қызметтерге қарағанда жоғары сапалы қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Мысалы, үлкен деректер технологиясын пайдалану халықтың қажеттіліктерді талдауда түбегейлі басқа көзқарасқа, салдарынан қызмет көрсету сапасының артуына әкелуі мүмкін. Әлемдегі дамыған елдердің қатарына кірудің негізгі шарттарының бірі – әлеуметтік-экономикалық дамуда айырмашылықты еңсеру. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінің көрсеткіштерін жақсартуда прогреске қол жеткізу және тиісінше халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасының жоғарғы деңгейін қолдаудың маңызы зор. Денсаулық сақтаудағы цифрлық технологиялар проблемалардың негізгі блоктарын шешуге көмектесе алады. Сонымен қатар денсаулық сақтау еңбекке қабілетті және экономикалық белсенді жасты сақтауды қоса алғанда, мемлекет халқының өмір сүру ұзақтығы мен сапасына тікелей әсер етеді. Денсаулық сақтауды цифрландыру медициналық қателіктердің санын төмендетуге, қызмет көрсетудің сапасы мен жылдамдығын, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде дамыған елдерде іске асырылатын мемлекеттік жобалар азаматтардың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және деректермен алмасуды қамтамасыз ететін ұлттық деңгейдегі архитектураның тұтастығын қалыптастыруға бағытталған. Негізгі мақсаттары – әрбір адамның денсаулығын мониторингтеу мүмкіндігімен бірыңғай ақпараттық ортаны алу, тұтастай алғанда, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, медициналық қателіктердің санын азайту, ортасында емделуші мен оның денсаулығы туралы ақпарат тұратын жүйені құру. Осы орайда 2004 жылдан бастап елімізде Ұлттық телемедициналық желі құрылды. 2016 жылдың соңына қарай ол 204 денсаулық сақтау объектісін біріктірді. Айрықша атап өту керек, бүгінгі күні ақпараттық-технологиялық инфрақұрылым экономикалық дамудың маңызды элементі болып қалыптасуда. Заманауи қолжетімді телекоммуникациялық инфрақұрылымсыз Қазақстанның әлемдік экономикалық және ақпараттық кеңістікте орнығуы мүмкін емес. Сондықтан да кеңжолақты интернетке қолжетімділік FTTх, ADSL сияқты сымды және 3G, 4G және спутниктік байланыс секілді сымсыз технологиялармен қамтамасыз етілуде. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2014 жылы 6-74 жас аралығында интернет желісін (мобильдікті қоса алғанда) пайдаланушылардың үлесі 63,9 пайыз, 2015 жылы – 72,9, 2016 жылы 76,8 пайызды құрады. Халықты 4G желілерімен қамту 2015 жылы 65,5 пайыз, 2016 жылы 69 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш қазір әлдеқайда ілгеріледі. Дегенмен өңірлердің ақпараттық теңсіздіктен арылуы еліміздің географиялық өлшемімен, бір бөлігі алыс шалғайда және қиын қолжетімді жерлерде орналасқан 6600-ден астам ауылдық елді мекеннің болуымен күрделенеді. Әлемдік тәжірибеде бұл мәселе ел халқының ақпаратқа, соның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, отандық хабар таратудың ақпараттық қорларына тең құқықты қолжетімділігі мүмкіндігі, халықтың, бизнестің және мемлекеттің артып келе жатқан ақпараттық қажеттіліктерін озық түрде қанағаттандыруды ұсынатын жерсеріктік байланыс пен хабар таратуды дамыту арқылы шешіледі. Бұл бағытта біздің елімізде де нақты нәтижелер бар. Халықаралық стандарттарға байланысты уәкілетті орган тарапынан Қазақстан Республикасының аумағында 5G технологиясын енгізу бойынша тиісті жұмыс атқарылатын болады. Ақпараттық-коммуникациялық технология саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстанның информатика мен телекоммуникациялардың әлемдік жүйесіне қосылуы қазірдің өзінде мемлекеттік басқаруда, бизнесте, өнеркәсіптік объектілерді басқару жүйелерінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінің қарқынды өсуіне жол ашты, азаматтардың дербес деректерін өңдейтін операторлармен АКТ қызметтерін көрсету салаларын кеңейтті. Баршаға белгілі, мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 2017-2022 жылдар аралығын қамтыды. Таяу уақытта бағдарламаның нақты қорытындылары жарияланатын болады. Осы орайда біз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген байыпты бастаманың жалғасын табатындығына сенеміз.  

 Еркін ЖАПАРОВ,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша

филиалы Бірыңғай байланыс орталығының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар