Біреуге ор қазба,өзің түсесің
Шариғатта кісінің сыртынан ғайбат сөйлемеу керектігі, оның күнә екені қатаң ескертіледі. Дін өкілдерінің айтуынша, біреудің сыртынан сөз айтқан адамның ақыреттегі жазасы ауыр. Дегенмен дүниенің қызығына алданып, оны ойлап жүргендер шамалы. Қазіргі таңда сөз бостандығы дегенді желеулетіп, беталды сөйлейтіндер көбейіп барады. Әсіресе әлеуметтік желіге кіріп алып, елге құрметті кісілерге аузына келгенін айтып, балағаттап, сол арқылы «Шыншыл, турашыл» атанғысы келетіндер молайды. Қазақта «Біреуге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деген сөз бар. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» дегенді де ескерген жөн. Осы орайда мынадай бір тәмсіл көпшілікке ой салса дейміз... Есте жоқ ерте заманда бір патша ғұмыр кешіпті. Өзі қаһарлы, айбарлы екен. Ел басқару тәсілі де бөлек болыпты. Қаталдығы сонша, патшаға кіріп-шығу былайғы ел түгілі, қарауындағы қызметкерлерге де ауыр тиіпті. Ол маңайындағы уәзірлерінен гөрі патшалықтың бас имамын жақсы көріп, сырласатын болыпты. Патша өзімен ғана ерекше сырласып, жарқын пейілмен сөйлесетін болған соң, бас имамның да дәурені жүріп, сол төңіректе ең сыйлы адамдардың бірінен саналыпты.
Хан сарайына қатыстылардың бәрі бас имаммен тату болуға, сол кісіге жақын жүруге күш салыпты. Уақыт осылай өте береді. Бас имам осы жылдардың жалғаса беруін тілеген тәтті тілекпен жүреді. Патшаға қолы жете бермейтіндердің мәселелері бас имам арқылы шешіліпті. Әміршінің досымен сыйлас болуға ұмтылғандардың есебі болмапты.
Арада жылдар өтеді. Күндердің күнінде сол патшалықта бір сәулетші пайда болады.Ол өз ісінің маманы, өте білімді, ақылды, жаңаша ойлайтын адам екен. Неше түрлі жобаларымен, ғажайып құрылыстың сызбаларымен патшаға кіріп, әміршінің көңілін жаулап, өзіне баурап алады. Міне, осы күннен бастап патша тек сәулетшімен ғана сөйлесіп, соған көп ықылас танытып, бас имам ысырылып қалыпты. Бұл жағдайға бас имам қатты қапаланып, уайымға салынады. Бұрынғы бақ бастан тайып бара жатады. Содан бас имам дереу амал ойлап табады. Сөйтеді де әміршіге барып: «Хан ием, түс көрдім. Түсімде сіздің марқұм әкеңізді көрдім», – деп сөз бастайды. Сонда патша: «Әкемді көрдіңіз бе? Жағдайы қалай екен? Жабырқап жүрген жоқ па екен?» деп кәдімгідей көңіл аудара бастайды. Сонда бас имам: «Әкеңіздің ол жақтағы жағдайы өте жақсы. Жұмақта жүр екен. Бірақ маған бір нәрсені өтініп, балама жеткіз деп аманаттады. Ол жаққа сәулетті, зәулім мешіт керек екен», дейді. «Е, жарайды. Зәулім мешіт керек болса салдырамыз» деп патша қала береді. Артынша патша сәулетшіні шақырып алып, жағдайды түсіндіріп, сол мешітті салуды тапсырады. Сәулетші: «Жарайды, әміршім! Бірақ маған екі күн мұрсат беріңіз. Үй ішіммен қоштасып шығайын», – дейді. Хан рұқсат береді. Ал сәулетші сол екі күн бойы жер қазып, өзі жататын көр дайындайды да, арғы жағынан шығып кете алатын тесік әзірлеп қояды. Бәленің бас имамнан келгенін де іші сезеді. Сөйтіп, уәделі күні патшаға барып, әлгі өзі қазған жерге «жерленеді». Сөйтіп, жеті түнде келесі жағынан шығып кетіп, басқа қалада екі жыл өмір сүреді. Әлгі патшалықтан бой тасалай тұрады.
Сәулетші екі жылдан кейін, әлгі өзін «жерлеген» патшаға қайта оралады. Патша оны таңданып қарсы алады. Ал сонда сәулетші: «Әміршім, анау әлемге бардым. Әкеңіздің зәулім мешітін салып бердім. Ол кісі риза болды. Бірақ балама жеткіз деп бір аманат айтты», дейді. «Ол, қандай аманат?»,– деп патша елеңдеп, құлақ түреді. Сонда сәулетші: «Әкеңіз мешіт өте әдемі салынды. Басқаға сенбеймін. Бұл мешітке имамдыққа баламның қасында жүрген бас имам келсін деді» депті. Сонда патша: «Е, жарайды. Оның жарасы жеңіл. Әкемнің мешітіне жанымдағы сол имамды жіберемін», депті. Сөйтіп, бас имам біреуге жамандық ойлаймын деп өзіне-өзі ор қазып алыпты.
Бұл жерден шығатын түйін не? Бәріміз жұмыр басты пендеміз. Пендеге кемшілік тән. Бұл ниетке де байланысты. Біреудің жақсылығын көргің келсе, жақсылығын көресің. Жамандығын теремін дегенге міндетті түрде жамандығы табылады. Ал ешкімге ор қазбай, кең пейілді, жомарт, қайырымды болсаңыз, Жаратушының да пендесіне берер сыйы мол. Мүмкін болса, адамдарды құрметтеп, өзгеге жақсылық жасап жүргенге не жетсін!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді