Еңсеміз биік, мұратымыз айқын
Қайрат Досаев, Қордай ауданының әкімі.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария еткен Қазақстан халқына кезекті «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында қазіргі әлемде жалғасып жатқан жаһандық экономиканың дағдарыстық жағдайында еліміздің экономикасын қайта бағдарлау мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы таяудағы жылдар сынақтар кезеңі болатынын ескертіп, жаңа экономикалық саясаттың өзегі – жеті бағыт бойынша инфрақұрылымдық даму жоспарларын айқындап берді. Енді біздің алдағы барлық іс-қимылымыз етек-жеңімізді жиып, экономикалық жоспарларымызға түзетулер енгізе отырып, Жолдау жүктеген жаңа міндеттерді шешуге бағытталатын болады. Өзім басшылық тізгінін қолға алған өткен сегіз айда Қордай ауданы экономикалық әлеуеті жоғары, ең бастысы – адамдары белсенді, көпұлтты халқының ынтымағы жарасқан аудан екеніне көзім жетті. Облыстың шығысында жалпы жер көлемі 9 мың шаршы шақырымды алып жатқан сулы да, нулы өңірді қазақтармен бірге жиырмадан аса ұлт өкілдерінен барлығы 140 мыңға жуық халық мекен етеді. Ауданның бүгінгі басты байлығы да – осы халқы. Мұндай күшпен кез-келген межені еңсеруге болады. Еліміздің басты құндылығы елдегі бейбітшілік пен бірлікте, экономиканың тұрақтылығы мен ұлтаралық татулықта. Отбасындағы береке, адамдардың қауіпсіздігі, еңбекпен қамтамасыз етілуі, кәсіпкерліктің қалыпты өркендеуі бәрі-бәрі тыныштыққа тәуелді екенін өз өмірлік тәжірибелерінен жақсы білетін қордайлықтар оны көздің қарашығындай сақтап келеді. Соның арқасында еңбек көрігін қыздырып, табысты нәтижелерді еселеп арттырудамыз. Өткен жылы өнеркәсіп орындарында 6,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, биылғы тоғыз айда ғана бұл көрсеткіш 5 миллиард 554 миллион теңгенің үстіне шығып, былтырғы осы кезеңдегімен салыстырғанда 18,9 пайызға артық нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Оның ішінде кен қазу және өндіру – 2156,9 миллион, қайта өңдеу өнеркәсібі 2828,0 миллион теңгені құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы жобалық құны 9 миллиард 151 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар – «Куликов сүт өнімдері», «Үміт Қордай», «VISTA INTERNATIONAL», «Central Asia Gold Production» және «ҚазБарит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Елімізде алғашқы болып күн сәулесінен және желден қуат өндіретін электр стансаларының құрылысы қарқын алуда. Енді екі жылдан кейін «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізбекші болып отырған еліміздің «Жасыл даму» кешенді жоспарына біздің ауданнан мол үлес қосылады дей аламыз. Мәселен, «VISTA INTERNATIONAL» ЖШС желден электр энергиясын өндіру бойынша Қордай асуында былтыр төрт қондырғы орнатқан болса, қазір осындай бес қондырғыны қойып іске қосу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, индустрияландыру картасына енгізу көзделген «КазЭковатт», «Изенсу» және «Ветро Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірегей жобалары да күн сәулесінен және желден электр қуатын өндіруді еселеп арттыруға жол ашатын болады. Отар елді мекенінің жанынан күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансаның қанатқақты жобасы іске қосылса, Қордай асуының үстіндегі желден қуат өндіретін қалбағайлы биік мұнаралардың қатары көбейіп келеді. «ЭКСПО-ның» қазақстандық көрмесінің басты тақырыбына айналған «Болашақтың энергиясының» біздің өңірдегі беталысы осындай. Ал «Central Asia Gold Production» ЖШС биылғы жылдың соңына дейін Көгадыр қырқаларынан бағалы және түсті металдарды өндіру зауытын іске қоспақшы. Қазір онда қуаты 2500 квт қосалқы электрстансасы орнатылып, қуаты 35 квт 12 шақырымдық электр желісі тартылды. Ұсақтау-агломерациялық кешеннің монтажы аяқталды, жөндеу механикалық цехы салынды. Сондай-ақ, жүз орындық жұмысшылар қалашығы тұрғызылып, алтын өндірудің алғашқы технологиялық сынақтары өткізілді. «ҚазБарит» ЖШС-ның Нарқызылдан барит кенін өндіру және қайта өңдеу кешенінің жобасын іске асыру мерзімі 2018 жылға дейін. Бұл жобаның құны 300 миллион теңге және қуаттылығы жылына 30 мың тонна өнім өндіру болмақ. Міне, бұлардың қай-қайсысы да аудан экономикасына алдағы уақытта елеулі серпін беретін болашағы кемел жобалар екені даусыз. Сан саланы қамтыған «Қордай ауданын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жаңа сатыға көтеруді көздеген ауқымды шаралар рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Өнеркәсіпте «Ақтас» ЖШС 1431,8 миллион теңгеге әктас пен 265,5 миллион теңгеге шағалтас, «Куликов и К» ЖШС 32,6 миллион теңгеге кондитерлік, «Первомайские деликатесы» ЖШС 830,4 миллион теңгеге шұжық өнімдерін, «Үміт Қордай» ЖШС 75,3 миллион теңгеге лимонад пен сары май, «Алкас бетон» ЖШС 19,2 миллион теңгеге шағалтас және бетон бұйымдарын, «Ақ ниет бурга» ЖШС 48,8 миллион теңгеге өнеркәсіп өнімдерін өндірді. Шағын және орта бизнес саласында өндірілген өнімдер мен көрсетілген қызметтер көлемі 42,9 миллиард теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 13 пайызға артты. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 9053 тұлға тіркелген. Онда жалпы 33409 адам жұмыс істейді, бұл да былтырғыдан 15,8 пайызға жоғары. Жол – бар тірліктің арқауы. Жақсы жолдарсыз қатынас қиындайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің 18 миллиард 290 миллион теңге игерілген біздің аудан аумағымен өтетін сексен шақырымдық бөлігі жуырда пайдалануға беріліп, Тараз бен Алматы аралығындағы жол ұзақтығын қырық шақырымға қысқартты. Жобалық құны 1 миллиард 487 миллион теңгеге бағаланған Қордай ауылының сыртымен өтетін Қарасу кеден бекетіне дейінгі 17,7 шақырымдық жолдың да құрылысы аяқталды. Он жеті шақырымдық «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автомобиль жолына 201,5 миллион теңгеге орташа жөндеу жүргізілді. Қашықтығы 28,8 шақырым «Қаракемер-Қарасай» жолын жетілдіруге биылға бөлінген 125,1 миллион теңге игеріліп, жұмыс аяқталуға таяу. Аудандық мәндегі жолдарды күтіп ұстау үшін бөлінген 5 миллион теңге игерілді. Ауылшаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі биыл 16,5 миллиард теңгені құрап отыр. Аудан бойынша 14 ЖШС, 2014 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс істейтін болса, олардағы ауылшаруашылығының егіс көлемі 17500 гектар күздік бидайды қоса есептегенде, 102000 гектарға жеткізілді. Биыл шаруашылықтар 224,1 миллион теңгеге 65 дана жаңа техника алды. Жыл өткен сайын егіншілікке енгізілген заманауи технологияның ауқымы артуда. Былтыр 6304 гектар егістік тамшылатып суарылса, биыл оның көлемі 1070 гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, 1400 гектарда тамшылатып суару қондырғылары пайдаланылды. Бұл тұрғыда «Қордай Халал Ет» ЖШС, «Самғау», «Нөсер», «Алмаз», «Сабыр», «Сұлтан Бейбарыс» тәрізді шаруа қожалықтары жүгері, қытай бұршағы, пияз, көкөніс, жоңышқа алқаптарында тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясын қолдануда. Сонымен қатар, 2012 жылдан бері облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып минимальдық және нөлдік технологияны енгізе бастаған «Сұлутөр» ЖШС биыл егіс көлемін 1800 гектарға жеткізді. Ылғал үнемдеудің осындай озық тәжірибелерін батыл қолданудың нәтижесінде биылғыдай аса қуаңшылық жағдайда да егіншілеріміз өнімсіз болмады. Дихандарымыз 44812 гектардан 40331 тонна астық бастырды. 5578 гектар майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 5 центнерден айналды, 7385 гектар дәндік жүгеріден бұл күндері гектарына орташа есеппен 60 центнерден таза дән алынуда. Өткен жылы да, биыл да егіншілікте ылғал үнемдеудің, мал шаруашылығында асыл тұқымды мал түрлерін өсірудің озық тәжірибелерін насихаттауға арналған облыстық «Егінжай күні» семинар-кеңесі біздің ауданда өткізілсе, бұл қордайлықтардан өзгелердің үйренетін жайлары бар екенін көрсетеді. Мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы аясында алты шаруа қожалығы («Игілік», «Қабыл-Нұр», «Құтпанов», «Елдос», «Мадина», «Ақтасты») 85 миллион теңгеге 491 бас сиыр, 21 бұқа сатып алды. Сонымен қатар, «Афион-Қордай» ЖШС өз қаражаты есебінен биыл 167,5 миллион теңгеге Канададан шетелдік селекциядағы жоғары репродукторлы асыл тұқымды 34 бас «Ангус» және 188 бас «Герефорд», барлығы 222 бас ірі қара әкелді. Ал, аудан бойынша соңғы жылдары шетелдерден әкелінген асыл тұқымды ірі қара төлдерімен қоса есептегенде 2382 басқа жетті. Мал шаруашылығын субсидиялауға – 560,6 миллион, оның ішінде асыл тұқымды мал өсірушілерді қолдауға – 294,9 миллион, мал өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыруға 265,7 миллион теңге төленді. Бүкіл аудан жаңа құрылыстар алаңына айналды деуге негіз бар. Соңғы үш жылдың көлемінде заманауи үлгідегі ондаған мектеп, балабақша, медициналық нысандар бой көтерді. Тек биылдың өзінде Кенен ауылында 600 орындық, Алға ауылында 180 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілсе, Масаншыда 140 орындық балабақша ашылып, Сортөбе ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Аудан елді мекендерінде бес медпункт, екі ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылды. Енді Қақпатас және Қордай ауылдарында тиісінше 250 және 300 орындық екі жаңа мектептің, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасымен Қордай ауылында 50 пәтерлік бес қабатты коммуналдық тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілуде. Аудандағы он тоғыз ауылдық округке қарасты қырықтан аса елді мекендердің қай-қайсысында да соңғы кездері бой көтерген көз тартарлық сәнді ғимараттардың, тұрғындардың өз қаражаты есебінен салынған тұрғын үйлердің саны артуда. Елді мекендердің бас жоспарлары әзірленіп, жаңа тұрғын үй алқаптарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге қаржы бөлінуде. Алматы мен Бішкектей екі ірі мегаполиске жақын орналасқан, бір өзінде 36 мыңдай халық тұратын аудан орталығында да қалаға тән белгілер көбейіп, сәулетті жаңа ғимараттар қатары артып, көше жолдары жаңартылуда. Биыл жаңадан екі бағдаршам, 120 жол белгілері орнатылды. Аудан елді мекендерінде көшелерді жарықтандыруға – 2,4 миллион, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 24,9 миллион теңге жұмсалды. Қордай – Шу табиғи газ магистралі бойындағы сегіз ауылды газдандыру жұмыстары жалғасуда. Ауданда жұмыссыздар есебінде 356 адам тіркелген, жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызды құрайды. Жұмыссыз ретінде тіркелуге 2101 адам қайырылды. Жыл басынан бері үш рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Әлеуметтік қорғау шараларымен 2376 адам қамтылды, олардың 1541-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 395,8 миллион теңге бөлініп, бірқатар ауылдарда мектептер, аурухана, мәдениет үйлері, аудан орталығындағы стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, оларда ашылған жұмыс орындарына 104 азамат жолдамамен жіберілді. Барша ізгі ниетті адамзат қатарында қордайлықтар да Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты мерекелеуге дайындық қамында. Соғыс жылдары 10734 қордайлық қолына қару алып, майданға аттанса, солардың төрт мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті. Соғыстан қайтқан алты мыңдай майдангерлерден бүгінде бүкіл ауданда көзі тірі 35 адам қалған. Оларға барынша құрмет көрсетудің қамы жасалып жатыр. Ауданда, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстардың кең ауқымы өз алдына. Биыл білім саласына 5 миллиард 998 мың теңге бөлінсе, бұл ауданның жалпы бюджетінің 68,3 пайызын құрайды. Сондай-ақ, 26 ауылдық мәдениет үйі мен клуб, 40 кітапхана, екі мұражай және саябақтар халықтың мәдени тынығуына қызмет етуде. Бұл Қордайда кезінде республика басшысы Д.Қонаев, бертінде Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте болып, қонақжай, еңбексүйгіш ел-жұртпен емен-жарқын жүздескен. Ал Елбасының бұл елмен туыстық қатынасын өз алдына бөлек айтуға тұрады. «Нағашы жұртым Қордай жақта» деп Елбасының өзі де айтып жүреді. Президенттің анасы Әлжан апамыз аудан орталығына жақын жердегі Қасық ауылынан еді. Жасөспірім кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы нағашыларында біраз уақыт болып, мұндағы туыстарымен танысып, жаңа достар тапқан екен. Олармен бүгінге дейін қатынасын үзбей, анасы туған атамекенді еш уақытта естен шығармай, уақыт тауып әлденеше рет арнайы келді де. Бұл ауылдың тұрғындарын былай қойғанда, бүкіл Қордай ауданының ел-жұрты үшін асқан мәртебе, зор қуаныш. Өткен жылы Қордай ауылы тұсынан он екі гектар алқапта әрқайсысы екі пәтерлік 70 коттеджден тұратын «Әлжан апа» ықшамауданының құрылысы басталып, бүгінде қызу қарқынмен жүргізілуде. Ұрпақтарының бұл әрекетін жұрт олардың ана рухына ұлы тағзымы ретінде өзгеше өшпес ұлттық өнеге деп таныды. Көпұлтты еңбекшіл елінің бірлігі мен ынтымағы арқасында жыл өткен сайын биікке көтерілген Қордай ауданының бұдан былай да даму мүмкіндігі жоғары деп сеніммен айта аламын. Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы үлкен талап-міндеттер жүктеген болса, Мемлекет басшысының дағдарыс жағдайында халықты ешқандай қиыншылыққа ұрындырмай, аман алып шығуды басты мақсат ретінде алға қойып отырған кезекті Жолдауы баршамызға қолда бар ресурстарды ұқыптылықпен тиімді жұмсауды міндеттейді.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді