Құқықтық сауаттылық –уақыт талабы
Қазіргі таңда қоғамда жасөспірімдерге қатысты орын алып жатқан кейбір келеңсіз әрі орны толмас өкінішті жайттарға ең әуелі ата-аналар қауымы жауапты. Бұл ретте ата-ана мен мектептің, қала берді қоғамның бірлескен әрекетін үйлестіру маңызды. Осыған орай, жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарының өкілдері бірлесіп, білім ошақтарында жасөспірімдермен арнайы кездесу өткізуді қолға алды. Дәл осындай игі шараның бірі – Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде және аудандық «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Жиынға аудан орталығы мен оған жақын орналасқан мектептердің барлығынан оқушылар жиналды. Колледждегі басқосуға аудан прокуроры Бауыржан Жанұзақұлы және аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысты. Жиын барысында сөз алған Бауыржан Жанұзақұлы жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, олардың қоғамдық және көпшілік орындарда өздерін қалай ұстау қажеттігі жайында, сонымен қатар Қазақстан Республикасының тиісті Заңдарымен көзделген әкімшілік құқықбұзушылық, қылмыстық құқықбұзушылықтың салдарлары турасында кеңінен ой қозғап, нақты ақпараттар мен мысалдарды келтіре отырып, жиналғандарға құқықтық тұрғыда кеңестер берді. Бұдан әрі басқосу аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасты.
– Оқушылармен кездесудегі басты мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу. Айта кетейік, келер жылдан бастап ауданда мобильдік топ жүйелі жұмыс істейді. Оның ішінде өзім де бармын. Ол шаралар барысында сіздерден анонимдік сауалнамалар алынады, пікір алмасулар болады. Сіздердің көкейлеріңізде жүрген сұрақтарыңыз болса, оған тиісті жауап береміз. Олардың құқықтық мән-мағынасын түсіндіреміз. Жалпы заң аясында нәтижелі жұмыс жасауға мүдделіміз. Әрине, сіздермен болған кездесулер пайдалы да мағыналы болады әрі болашақта кәделеріңізге жарайды деген сенім мол. Мәліметке сүйенсек, біздің облысымызда кәмелетке толмаған 442 мың жасөспірім бар. Оның ішінде 248 мың жеткіншек мектепте оқиды. Ата Заңымыздың 27- бабында неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауында болады деп тайға таңба басқандай жазылған. Аталған баптың екінші тармағында атап көрсетілгендей, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті. Осы ретте тағы айта кететін мәселе, он сегіз жасқа толған еңбекке қабілетті азаматтар еңбекке жарамсыз ата-аналарын бағып, оларға қамқорлық жасауға міндеттеледі. Бұл да Ата Заңда көзделген маңызды баптардың бірі. Жалпақ тілмен айтқанда, сіздер он сегіз жасқа толғанға дейін ата-аналарыңыз сіздерге тәрбие беруге, бағып-қағып өсіруге міндетті. Ал он сегіз жастан кейін ата-аналарыңыз, оның ішінде, зейнеткерлікке шыққан ата-аналарыңызды бағу сіздерге жүктеледі. Бұл – баланың ата-ананың алдындағы перзенттік борышы, – деді Бауыржан Жанұзақұлы.
Жиын барысында қылмыстық ұғым жөнінде де кеңінен айтылды. Құқық қорғау саласының мамандары дәйекті мысалдарды келтіре отырып, жасөспірімдерді тура жолдан тайқымауға, керісінше, мүмкіндік бар кезде орта білім алуға шақырды. Жалпы, ҚР Қылмыстық Кодексінің 10-бабына сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстар және қылмыстық теріс қылық болып бөлінеді. Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығынан шектеу немесе айыру түріндегі жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты жасаған, қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыс деп танылады. Аудан прокуроры өз сөзінде қашанда құқықтық тұрғыдан сауатты болып, заң талаптарын жетік білген жасөспірімдер ешқашан теріс әрекеттерге бармайтынын атап өтті.
– Заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан кез келген жағдайды сараптап, қай кезде және қай жерде болсын саналы әрекет еткендеріңіз дұрыс. Ал мұндай теріс әрекеттерге жол берген жағдайда жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстардың санатына және дәрежесіне қарай олар 14 және 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұның салдары өте жаман. Қылмысты жасаған кез келген азамат өз өміріне, болашағына балта шабады. Бұл – оның ұрпағына да зор зиянын тигізеді. Қылмыстық жауаптылыққа тартылған адам өмір бойы мемлекеттік қызметте, құқық қорғау орындарында және басқа да білім беру, денсаулық сақтау салаларында жұмыс істей алмайды. Осыны ұмытпаңыздар!
Сіздер еліміздің ертеңі, халқымыз үміт артқан азаматсыздар. Ата-аналарыңыз, ұстаздарыңыз болашақтарыңыздан үлкен үміт күтіп отыр. Сіздер ең алдымен, тәрбиелі, еңбекқор, өмірге құштар табанды азамат болып өсіп, қалыптасуларыңыз керек. Сонда ғана құрметке ие боласыздар. Жақсы азамат болу – өз қолдарыңызда, – деді аудан прокуроры.
Еркін форматта өткен жиын соңында оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, оған тиісті жауаптар алды. Ал құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сендірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді