«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ат әбзелдерінің хас шебері

Ат әбзелдерінің хас шебері
ашық дереккөз
Ат әбзелдерінің хас шебері
Бар ғұмыры аттың үстінде өткен көшпенді ата-бабаларымыз үшін салиқалы көшін салтанатқа бөлеген жылқы малының орны ерекше. «Ерге мінген жігітке – он кісілік күш бітеді» дейтін қазақ жылқы жануарына ерекше күтім жасап, атбегілік өнерімен қоса, ат әбзелдерін жасайтын шеберлерге де үлкен құрмет көрсеткен. Атадан балаға мирас болып келе жатқан өнерді жаңғыртып жүргендердің бірі – ат әбзелдерін жасаудың хас шебері Ардақ Абдуллин. Алтын қолды ұста ұлттық ойын көкпарға арнап сан түрлі ат әбзелдерін жасайды. Нағыз қазақы ортада өскен Ардақ жастайынан әкесінің ер-тұрман жасап, қамшы өргенін көріп жетілген. Әкесі Мұхит ауылына белгілі ұста болған кісі. Ұсталықтың қыр-сырымен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, балаларын осы өнерге баулыған әкесі – Ардақ ұстаның осы өнердегі ұстазы. Әуелгіде әкесіне ер-тұрман жасау ісіне жәрдемдесіп, жасаған бұйымдарын сатысып, қолқанат болып жүретін. «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаса керек. Әкесінің қасында жүріп жастайынан осы өнердің қыр-сырына қанық болып өскен Ардақ бүгінде облыстың ең мықты шеберлерінің бірі. Өзіне мирас болып қалған атакәсіпті дамытып, ұстаханасынан шыққан ат әбзелдерін Жамбылдың брендіне айналдырып үлгерген Ардақтың бұйымдары тек өз облысымыз былай тұрсын, республика көлемінде, тіпті Ресей, Қырғыз, Өзбекстан елдерінің көкпаршыларына да кеңінен танымал. Ардақ әкесіне жәрдемдесіп жүргенде ер-тұрман, қамшыларын сату үшін базарға шығатын. Ол кезде әлеуметтік желілердің қазіргідей дамымаған кезі. Заман ағымына ілесіп, 2017 жылы «Instagram» әлеуметтік желісіне тіркеледі. Таза саудаға үйреніп қалған ұста алғашқы сәтте әлеуметтік желінің беделіне, ықпалына күмәнмен қарағаны рас. Алайда желі қолданушыларының қызығушылығын тудырған парақша Ардақтың кәсібін дөңгелетуіне көп көмегін тигізді. Қазақтың жанына жақын кәсіпті мемлекеттен қаржы алмай-ақ бастаған, жеке дүкенін ашып үлгермеген жігіттің негізгі табыс көзі – осы «Instagram» әлеуметтік желісі. Әлемнің біраз елдеріндегі көкпаршылар мен жылқы малын баптаушыларың басын біріктірген парақша (kokpar_taraz_kz_) тіркелушілерінің саны 115 мыңнан асып жығылады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген кәсіпкердің бұл ісі – отбасылық кәсіп. Әкесінен тәлім алған жігіттің аға-інілері, тіпті қарындасы да ұсталық өнерден алшақ емес. Ұлдардың мұндай өнерге табиғаты жақын, Ардақ әсіресе қамшы өруге әбден машықтанған қарындасының шеберлігін сүйіспеншілікпен айтып отырады. Өз теңін тауып, тұрмыс құрған қарындасы отбасылық кәсіптен қол үзіп қалған. Үлкен ағасы да жұмыс бабына байланысты елордаға қоныс аударған. Бүгінде інісі Мейіржан екеуі ер-тоқым, өмілдірік, құйысқан, үзеңгі, жүген, ноқта, көпшік, шылбыр, айыл, тіпті қамшыға дейін жасайды. Сондай-ақ сатылымдарында «өзбек ер», «қырғыз ер», «Қарахан ер» сынды ерлердің түр-түрі бар. Әлеуметтік желідегі тұтынушыларынан бөлек, ұстаханасына арнайы іздеп келіп, тапсырыс берушілер де аз емес. Он бір жылдық тәжірибесі бар кәсіпкер кімге қай тоқымды сату керек, қазір нарықта қандай ат әбзелдері сұранысқа ие, бәрін жақсы біледі. «Ата кәсібі – бала нәсібі» демекші, қолынан келетін істі кәсіпке айналдырған Ардақтың еңбегі рәтті болды. Ұсталық өнерге бет бұрсам деуші жас жігіттер әкеден мирас кәсіпті лайықты жалғап жүрген шеберді іздеп келіп, дәріс алып тұрады. Ардақ бұл салаға қызығушылық танытқан әр жасқа демеу болып, білгенін үйретуден жалықпайтынын айтады. Осылайша тек кәсіппен айналысып қана қоймай, сондай-ақ икемі бар деген шебер жастарды да осы өнерге баулып жүр. «Шебердің қолы алтын» демекші, Ардақтың ұстаханасынан шыққан дүниелер көздің жауын алады. Әдемілігі өз алдына, сапалылығын айтсайшы! Содан да болар, республика, тіпті көршілес жатқан қырғыз, өзбек елдерінің, Архангельск қаласының ат баптаушылары (басым бөлігі қазақтар) жиі тапсырыс беріп тұрады. Ат-әбзелдерін жасау барысында пайдаланатын шикізаттардың барлығы өзіміздің облысымыздан. Тараз қаласындағы «Кожкомбинат» зауытынан шыққан былғарыны пайдаланады. Бұйымның сапалылығына қатты мән беретін шебер тек киізді ғана Қырғызстаннан алдырады екен. – Атбегілік – қанымызда бар қасиет. Сол себептен осы кәсіпті жаңғыртқымыз келді. Ата-бабамыздан қалған мирас қой. Оның үстіне әкем ұста болғандықтан кәсібім жаныма тіптен жақын. Кәсіпкер ұста ретінде алға қойған мақсаттарымды жүзеге асырсам деген жоспарлар да бар. Мемлекеттен несие алып, одан әрі дамып, жеке дүкенімізді ашсақ дейміз, – дейді ұста жігіт өз кәсібі жөнінде. Кейіпкеріміздің өзі ерекше атап өтсеңіздер деп өтінген бір жайт, жастайынан еңбекке баулып, шеберлігін шыңдаған ұстазы әкесі болса, аталмыш салада өзіне үлгі тұтары, кәсіпкерлікке бет бұруға себепші кісі Кеңес ауылының тұрғыны, ат әбзелдерін жасаудың хас шебері Аят Әбілдаев екен. Атты ердің қанатына балаған халқымыз үшін ер-тоқымның орны бөлек. Атам қазақ шаңырағында ұл дүниеге келсе, ер-тұрман жасауға баулитын болған. Онысы – өскенде ат жалын тартып мінер азамат болсын деген ниет. Оған қоса көкпар мен бәйгеге қосатын сәйгүлікке ерекше мән беріліп, түрлі әбзел жасатқан. Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Сондықтан атадан қалған ұлттық өнерді ұлықтап, ұстахана ұстап, шәкірт тәрбиелеген осындай ұсталарды көргенде ұлттық қолөнердің ұмытылмайтынына көз жеткізгендейміз.  

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ, журналист.

Ұқсас жаңалықтар