Қаракемерліктер малды Түркістаннан алады
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы Жамбыл ауданында жалғасын табуда. Жобаның екінші бағыты бойынша жамбылдықтар асыл тұқымды мал басын арттыруға ниетті. Сол үшін асыл тұқымды төрт түлікті көрші Түркістан облысынан алуды ұйғарды. Осы мақсатта аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов Қаракемер ауылдық округінің шаруаларын ертіп Түркістан облысындағы Сайрам және Төле би ауданына жұмыс сапарымен барып, ондағы асыл тұқымды шаруа қожалықтарының жұмысымен танысып қайтты. Қаракемерліктер киелі өңірдегі мүйізді ірі қара, уақ мал мен жылқының күтімімен, бордақылау алаңдары және целекциялық жұмыстың барысымен танысып, олармен пікір алмасты.
– Биыл қанатқақты жоба бойынша ауданда үшінші ауылдық округ ретінде Қаракемер ауылы енгізілген еді. Түркістан облысына жасаған сапарымыз тың жаңалықтарға толы болды. Шаруалар төрт түлік туралы көршілес облыстың тәжірибесімен бөлісті. Оның үстіне осы күнге дейін жоба бойынша сатып алынған мал басы облысымыздың әр аудандарынан алынып келді. Бұл өз кезегінде облыстағы мал басы санының көбеюіне үлес қосып отырған жоқ. Сондықтан басқа аймақтың түлігін өзімізге әкелу ауданымызда ғана емес, облыстағы мал басының көбеюіне септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді Ербол Жұмабекұлы.
Әрине, аудан әкімі орынбасарының тұжырымы көңілге қонымды. Шаруалар да екі аймақтың түліктерін салыстырып, ойдағы сауалдарына жауаптар алды.
Жалпы қанатқақты жоба бойынша аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұловтың айтуынша, Қаракемер ауылдық округіндегі 450 аулада 2641 тұрғын бар. Округте қанатқақты жобаның екінші бағыты бойынша 157 тұрғыннан өтініш түсіп, несие ұйымы тарапынан қанағаттандырылған. Жобаға қатысатын 175 аулада 2970 бас мал алу жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 368,5 миллион теңге қаражат қаралған.
Үшінші бағыт бойынша тұрғындардың аула сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бойынша Құмтиын ауылында «Ырыс Н.Б.К» ауыл шаруашылығы кооперативі барлық саланы қамту бағытымен құрылды. Ауыл сыртындағы жерді кооператив Қаракемер, Құмтиын және Сеңгірбай елді мекендерінің аумағындағы 65 шаруа қожалықтың жалпы жер көлемі 2252 гектар алқапты игереді. Оның 511 гектарын суармалы егістік, 241 гектарын шабындық, 1500 гектарын жайылым құрайды. Ауыл сыртындағы жер телімдеріне алдағы жылдың өнімі үшін 535 гектарына арпа, 96 гектарына бидай, 24 гектарына жүгері, 97 гектарына жоңышқа дақылдарын орналастыру үшін айналым қаражатынан 21,557 миллион теңге несие алу жоспарланған.
Төртінші бағыт кооперативтерді жабдықтау немесе құру бойынша «Ырыс Н.Б.К» ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл сыртындағы алқапты тиімді пайдалану үшін 79 миллион 300 мың теңгеге «Тараз» микроқаржылық ұйымы арқылы 10 ауылшаруашылық техникалар алуға өтінім берілді.
– Жобаның соңғы бағыты бойынша тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларын қаржыландыруға берілетін 15,2 миллион теңгеге 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жем өңдеу цехы, наубайхана бар. Ал бірінші бағыты, үй іргесіндегі жер телімдерін игеру бойынша нақтылау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Ербол Жиенқұлов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ. Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді