Менің алғашқы капиталым: қаржылық жоспарлау дағдылары

Менің алғашқы капиталым: қаржылық жоспарлау дағдылары
ашық дереккөз
Менің алғашқы капиталым: қаржылық жоспарлау дағдылары
Әрбір жасөспірімнің жеке қаражатын жинап жүретін мақсаты, арманы болады. Ал оған жету үшін мақсатты сауатты қоя білу керек. Қойылған мақсат жасөспірімнің осы өмір кезеңіндегі шынайы қажеттілігіне сай келе ме? Ол оқу процесіне кедергі жасамай ма? Оның іске асуы қаншалықты мүмкін? Мақсатты тұжырымдау үшін ата-анамен немесе кеңесшілермен, оқытушылармен кеңескен артықтық етпейді.

Алтын кілт

Велосипед тебуді үйрену оңай ма? Біреудің «оның үйренетін несі бар? Отыр да теп!» деуі екіталай. Жараланған тізе ауыруын және күйінішті жеңу, мұның бәрін Марат жылдам әрі оңай бастан өткерді. Сөйтіп қайта екі дөңгелекті «асау тұлпарды» «жуасытуға» кірісті. Мұның бәрі қарап отырсаңыз еңбек, мұндай кедергілерден өтпей мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Сонда бізді осы қиындықтардан өтуге қандай күш мәжбүрлейді? Табандылық, ыстық құштарлық пен бәрі жақсы болатынына сенім! Әрине, алғашқы қадамдар құлау мен жығылусыз болмайды, бірақ тез арада сүйікті велосипедпен басқа балаларды басып озғанда өзіңнің алғашқы талпыныстарың мен қорқыныштарыңды еске түсіру күлкілі. Егер осы қызықты процесті формула қалпына келтірсек, мақсатқа жету процесі былайша бейнеленеді: «құштарлық+табандылық = табыс». Мұнда жаңа және таңғажайып ештеңе жоқ, алайда бұл формула тек екі негізі болғанда ғана жұмыс істейтініне назар аудару қажет. Бұл – құштарлық пен табандылық. Олардың мағынасын түсіну үшін толығырақ қарастырайық. Егер құштарлық пен табысқа іштей дайындық, бап болмаса, «менің қолымнан түк те келмейді» деген ойлар жаныңызды жеп, біздің барлық күшіміз еш нәтижеге әкелмейді. Велосипедпен мысалды алайықшы. Егер өз күшіңізге, күшіңізге ғана емес, өзіңізге сенім болмаған жағдайда, велосипед тебуді үйрену сәтсіз аяқталады. Қаржының адамға келуі де сол секілді. Нәтиже өзіңізді қалай баптауыңызға тікелей байланысты. Өмірге оң көзқарас пен өзіңізге деген сенімнің болуы маңызды. Біз өзіміз табысты болашағымыздың іргетасын дәл қазір қалай аламыз, бұл үшін жай ғана жоспарлау мен қиялдау жеткіліксіз. Иә, қиялдау қажет. Америка Құрама Штаттарында бірнеше жыл бойы жүргізілген психологиялық зерттеулер көрсеткендей, армандап жүріп біз ментальды деңгейде бапталамыз, егер қаласаңыз, тіпті өз болашағыңызды бағдарламалай аласыз. Көптеген психологтар біздің шынайы өмірімізді өзіміз қолдан жасап, оның ақиқаттылығына сенеміз дейді.

Армандар орындалады

Мысал ретінде ірі әлемдік корпорациямен серіктес бір өнертапқыштың қызықты тәжірибесін келтіруге болады. Ол жаңа машинаны құрап, оған бар күшін салды, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Соңынан ол қиялдай бастады. Аталмыш аппаратты жасап шығарғанын елестетіп, осыған керемет қуанды, баланың ойыншықпен ойнағанындай, онымен ойнап, достары мен әріптестеріне көрсетті. Дәл сол кезде ол оны қалай жасау қажет екенін түсіне бастады. Өнертапқыш оймен қалаған нәтижеге уақыт бойынша алға жылжудың қаншалықты маңызды екенін анықтады. Бұл қарапайым процесс оны итермеледі, бойындағы шығармашылық энергияны оятты. Сөйтіп ол тамаша модельді жасап шығарды. Тағы бір мысал келтірер болсақ, ресейлік табысты кәсіпкер Сергей Филонов кішкентай кезінде ұшуды армандайды. Ержеткенде көптеген адамдар балалық арманы туралы еске алуды қаламайды, бірақ Филонов арманын өмірде қолданып, одан бизнес жасады. Оның Future Telecom және «Ақпараттық индустрия» компанияларында үлестері бар еді, одан табыс жақсы болатын. Жаңа істі ашу туралы ойланып, Филонов өзінің ұмтылған құмарлығы, арманы туралы еске алады. Жеке тікұшақтар нарығында Ресейде бірнеше компания жұмыс жасайтыны анықталды, бұл сала бос емес екен. Бірақ бала арманын іске асыруды қолға алған Филоновты бұл тоқтата алмады. Ол тікұшақ сатып алып, оны басқаруды үйренді. Кәсіби ұшқыштармен достасты. Кәсіпкерлермен және тікұшақпен ұшатын саясаткерлермен байланыс орнатты. Оның құрған компаниясы бағасы онша қымбат емес Robinson тікұшақтарын сата бастады, екі жылдың ішінде 30-дан астамын сатты. Қалыптасқан нарыққа шыққанда жас компания оның өсіміне оңтайлы сәтті аулады. Алайда бизнесінің табысқа жетуіне оның балалық арманы септігін тигізді. Егер екі жыл бұрын көптеген компанияларда тікұшақ сатылымы бірлікпен саналса, оның көрсеткіші ондықтардан асады. «Ал ең бастысы, мен өмірімде бірінші рет бизнесімнен ләззат алдым», дейді Сергей Филонов.

Алдымызға мақсат қоямыз

Сонымен, мақсат дегеніміз не? Бұл біз нәтижесіне кәміл сеніп, табандылықпен ұмтылатын, біз үшін ең маңызды болып табылатын дүние. Алайда мақсатты дұрыс қоя білу қажет. Себебі мақсатқа жету – бұл қажеттіліктеріңді жай ғана қанағаттандыру емес, өзіңді өзің жетілдіру, тұлғаның дамуы, жаңа деңгейге өту. Мақсатқа жету процесінің өзі сол мақсаттың өзіне, біздің күш-жігерімізге, қабілетімізге, міндеттерімізге, көңіл-күйімізге, сенімімізге байланысты ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Бұл процесті былайша елестетуге болады:
  1. Өз қажеттілігімізді анықтаймыз. Өзіңіздің қаржылық жағдайыңыздың анализін жасаңыз да, оны жан-жақты бағалауға тырысыңыз. Мұны «қоймадағы қалдықтарды тексеру» немесе «ревизия» деп атауға болады. Бұл кезеңді қалай атауыңызды өзіңіз білесіз, ең бастысы, оны қапы жібермеңіз.
Өзіңіз үшін ненің тілектер қатарына, ал ненің қажеттіліктер қатарына жататынын анықтаңыз. Екі тізім жасаңыз: «тілектер» тізімі мен «қажеттіліктер» тізімі. Бұл тізімдерге бір тармақ енгізбес бұрын, өзіңізге сауал қойыңыз: Мен неге оны қалаймын? Мен неге оны қажет етемін? Оның пайда болуымен не өзгереді? Мен егер оны сатып алсам, қандай өзгерістер болады, жақсы жаққа ма, жаман жаққа ма? Ал мен үшін шынайы маңыздысы не? Бұл менің ең басты өмірлік құндылықтарым мен артықшылықтарыма сәйкес келе ме?
  1. Алдыңызға мақсат қойыңыз. Өз өміріңізді жоспарлап, мақсат ретінде «қажеттіліктеріңізді» таңдаңыз. Мақсат – бұл шешімі үшін бар күш салынған, нақты міндет. Өз алдыңызға қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттер қою қажет: бір күнге, аптаға, жылға және өмір бойына.

Қаржылық мақсаттарды таңдау

Егер сіз өз қаржылық жоспарыңызды дұрыс құра алсаңыз, ұзақ жылдарға қаржылық табысқа жетесіз. Сіз ертең немен айналысқыңыз келеді? Бұл сұраққа жауап беріп, сіз алдыңызға қысқа мерзімді міндет қоясыз. Жету үшін жыл немесе одан ұзақ уақыт қажет болатын мақсаттар бар. Мысалы, демалысқа немесе аздаған қарыздарды төлеуге қаражат жинау. Қысқа мерзімдерге әдетте екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімді мақсаттарды жатқызады. Ұзақ мерзімді мақсаттар бес жылдан астам – ұзақ мерзімге қаржылық жоспарларды құруды талап етеді. Ұзақ мерзімді мақсатқа, мысалы жоғары білім алуға қаражат жинауды жатқызуға болады. Сіздің қаржылық мақсаттарыңыз – нақты, қолжетерлік, мәнді, уақыт бойынша анықталған болуы қажет.

Нақтылық

Дұрыс қойылған мақсаттар әрқашан нақты және келесі іс-әрекеттерді айқындайды. Мысалы, мотороллер сатып алуға жеткілікті ақша жинау (жай ғана ақша жинауды бастау емес).

Өлшемділік

Алдыңызға қойған мақсатқа жету үшін нақты не істеу қажет екенін, сондай-ақ жоспарыңызға жетуге қаншалықты жақындағаныңызды түсіну қажет. Мысалы, мотороллер 72 мың теңге тұрса, ал сізде 36 мың теңге бар, демек, тағы да 36 мың теңге жинау қажет. «Ақшам көп болсын» деген сияқты мақсаттың жүзеге асуы екіталай. Мұндай тұманды тұжырымдар соншалық бұлыңғыр, тіпті сіздің өзіңіз оған жеткен-жетпегеніңізді байқай алмайсыз.

Қолжетімділік

Сіздің келесі әрекеттеріңіз нақты мүмкін болуы қажет. Мысалы, мен бұл мақсатқа жету үшін бір жыл қажет екенін білемін.

Мәнділік

Алға қойған мақсаттар дұрыс мағынаға сай болуы қажет. Сіздің қажеттіліктеріңізге жауап бермейтін мақсатқа жету үшін күш салудың қажеті жоқ. Мысалы: сізге 20 футболка сатып алу үшін ақша жинау керек емес.

Уақыт бойынша айқындылық

Белгілі бір күні көздеген мақсатқа жетуге тырысыңыз. Мысалы, мото маусымының ашылуы сәуірде, демек мен мотороллерге алты ай ішінде ақша жинауым қажет.
  1. Жаһандық мақсат құру. Сіз өмір бойына жоспар құруды қазірден бастауыңыз маңызды. Өзіңізге сауал қойыңыз: «Мен бес, он, жиырма жылдан кейін қандай табыстарға жетуді қалаймын?»
Бұл мәселе төңірегінде ойланғанда, сіз жасауыңыз қажет болатын әрекеттер мен қадамдарды елестете аласыз. Көзделген мақсатқа жетудің неғұрлым көп кезеңдерін нақтылаған сайын, соғұрлым көп табысқа жетесіз. Содан соң бірінші, екінші кезекте және ары қарай не жасау қажет екенін жоспарлап, қадамдарыңыздың кезектілігін ойластырыңыз.
  1. Әрекеттер жоспарын жасаңыз. Көзделген мақсатқа бірінші қадам – әрекеттер жоспарын жасау. Жоспардың болуы өздігінен мақсатқа жету болып табылмайды, алайда әрекеттер жоспарын жасау кезінде көзделген мақсаттарды бекіту өте маңызды. Осы үшін мақсаттар тізімі жасалады. Осы саладағы сарапшылар бұл тізімді үйдегі көрнекі жерге қойған дұрыс дейді. Олар туралы өз жақындарыңызға айтуға болады. Қағазға жазылған мақсаттарды қайта оқып, сіз олардың өмірге енуіне жағдай жасайсыз.

Үлкендікішіден, мүмкіндімүмкін еместен ажыратамыз

Бәлкім, сізде жаһандық мақсат деген не және неге ол міндетті түрде осындай болуы қажет деген сауалдар туындаған болар. Мәселенің мәнісі мынада, дұрыс қойылған міндет өмірлік басымдықтарды тәртіпке келтіріп, белгілі вектор қояды, соған сәйкес біз дамимыз, оқимыз, ойлаймыз, әрекет етеміз. Неліктен негізгі мақсат қымбат көлік, компьютер, тамаша телефон бола алмайды? Түптеп келгенде, біздің қолымыздағы дүниеміз табысымызды көрсетпей ме? Бұл бір жағынан дұрыс емес. Біз материалдық әлемде өмір сүреміз. Бізге тамаша телефон, керемет компьютер алып, сәнді киім киген ұнайды. Заттарды сатып алып, оны ләззатпен пайдаланудың еш жамандығы жоқ, алайда өмірдің мақсатын заттарға тіреуге болмайды. Қандай да бір затты сатып алу аралық мақсат, сенің ғаламат жоспарыңның бір кішігірім міндеті болуы мүмкін екенін де назардан тыс қалдырмау қажет. Бірақ бұл міндет негізге айналмауы қажет. Себебі заттар өмірлік құндылыққа ие бола алмайды: сән өзгереді, киім тозады, көлік сынады, телефон жоғалады. Жаңа заттарды қуалау – тұлғаны қызықсыз, шектелген адамға айналдыруы мүмкін. Бұған бір мысал келтірер болсақ, Тахмина сәнді және әдемі киінгенді жақсы көретін. Ол қиынға соқпайтын, себебі бай адамдардың қызы болатын, сүйікті анасы мен әкесі еш нәрседен кенде қылған жоқ. Өзінің бос уақытын ол қымбат дүкендерде өткізіп, онсыз да көп киімдерін жаңа киімдермен толықтыратын. Адамдарды тек киімі бойынша қабылдап, тұрпатына қарай сыйлайтын. Бірақ Тахмина «әдемі орамға» тәуелді болды және өз сенімділігін тек осыдан алатын.

Неліктен үлкен мақсатты көптеген кішігірім қадамдарға бөлу қажет?

Біріншіден, бұл сізге уақытыңызды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Негізгі міндеттерді сапалы әрі жылдам орындауды үйрену қажет. Алдыңызға ғаламат мақсат қойып, бар күш-жігеріңізді оны орындауға сарп ету қажет деп ойлау ағаттық болар еді. Екіншіден, сіздің ғаламат міндетіңізге баратын жолда негізгі тармақтың бірі – мектепті табысты аяқтау, отбасы істеріне қатысу, тіпті қоғам өміріне араласу да болар, сонымен бірге өз қызығушылығыңызды, хоббиіңізді ұмытпаңыз. Мұның бәрі өміріміздің құрамдас бөлігі, үлкен мақсатқа жету тармақтары.

Қиындықтармен күрес

Мақсатқа жетудің белгілі бір кезеңінде біз кейде алынбас қамал болып көрінетін қиындықтар мен кедергілерден кездесеміз. Осы сәтте өз табысыңызға жетуден түңілу қатері туындайды. Яғни біз бұрынырақ айтқан – «менің қолымнан түк те келмейді» деген ой пайда болады. Нәтижесінде адамдар осылайша мақсатына жете алмайды. Ал еш қиындыққа мойымастан алға талпынатын және мұны жолындағы уақытша бөгеттер деп түсінетіндер, нәтижесінде табыс «шыңынан» көрінеді. Демек, біз өзімізге деген сенімімізді жоғалтсақ және өз күшімізге сенімсіздік білдірсек, мақсатымызға жете алмаймыз. Франция королі Людовик ХVI ұлы – Луи Шарль туралы танымал оқиғаны мысалға алайық. 1793 жылы Француз революциясы кезінде әкесі қаза болған соң, сегіз жасар баланы қамауға алады. Алайда Луи Шарльдің азабы мұнымен аяқталмайды. Париж коммунасының теңдік рухында «тәрбиелеу» мақсатындағы зұлым ойы бойынша жас ханзаданы етікші жанұясына көмекші ретінде берді. Ол отбасының барлық мүшелерінің аяқкиімін тазалады, ас беру кезінде қызмет жасады, олардың аяғын жуды және әртүрлі қорлайтын жұмыстарды орындады. Қоғамнан оқшаулап, оның корольдік әдеттерін өзгерту, жігерін сындырып, мүлде бөгде сана мен құндылықтарды сіңіру үшін барлық жағдайлар жасалды. Тәрбиелеу әдістері де сәйкес болды. Тамақ бермеу, ұрып-соғу, қайсарлық көрсеткен жағдайда қорлау, егер бала «дұрыс» жүріп-тұра бастаса, ұсақ жеңілдіктер мен ләззат беру. Алайда оның ерік-жігерін түбегейлі сындыру олардың қолынан келген жоқ. «Мен король болу үшін туылған адаммын!» деді ол. Кішкентай ханзада өзінің ерекше міндеті, оның жаратылысы туралы айқын білгені соншалық, ешқандай кедергілер мен қорлықтар оның сенімін мызғытқан жоқ. Қазіргі мектеп оқушылары үшін одан гөрі жақынырақ және біздің заманымыздағы оқиғаны мысалға келтірейік. Нұрияның арманы – сахнада кәсіби ән салу болатын. Музыка мектебін фортепиано сыныбы бойынша аяқтаған қыз өкінішке қарай, вокалдан жетістіктерге жетпеді. Ол ырғақты керемет сезінетін және есту қабілеті де тамаша еді, бірақ ұяң болатын әрі даусы жай шығатын. Сыныптастары: «Нұрия, бізге ән салып берші, торғай» деп мазақтайтын. Бірақ достары қанша күлкі етсе де, Нұрия «болашақта кім боласың?» деген сауалға сенімді түрде «әнші боламын!» деп жауап беретін. Табандылықпен үш жыл оқуының арқасында Нұрия сәнді клубтарда өнер көрсетуші рок группаның әншісі ретінде танылды. Міне, сенімділіктің маңызы. Егер сонда да өз күшіңізге сенімділік жетпесе не істеу қажет? Оның жолдарының бірі – өзіңізге сенім артатындармен және сенімділікті күшейтетіндермен араласу. Өз күшінің арқасында табысқа жеткен адамдармен әңгімелесу де пайдалы. Олардың бастан кешкен оқиғалары күш береді және өз қабілетіңізге деген сенімділікті арттырады. Ең бастысы, өзіңізге және өз күшіңізге сену. «Бұл шаруа сенің қолыңнан келмейді, ол өте күрделі», «мұндай мақсатқа жету үшін сенің қабілетің жеткіліксіз» деген сияқты кертартпа сөздерімен сіздің әлсіздігіңізге сендіруге тырысатындарға құлақ аспаңыз. Шынында да мұндай теріс ойларды жаныңызға жолатпауға тырысыңыз. Барлығы өз қолыңызда! Есіңізде болсын, велосипед сияқты, бастапқыда сіз тек велосипедпен жүру үшін қажетті қабілеттеріңіздің бар екеніне сенесіз, содан соң оқу процесіне өтесіз, нәтижесінде сіз міндетті түрде велосипед тебуді үйренесіз!  

 Дайындаған Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА.

Ұқсас жаңалықтар