Шаруалықтар мемлекеттің қолдауын сезініп келеді

Шаруалықтар мемлекеттің қолдауын сезініп келеді
ашық дереккөз
Шаруалықтар мемлекеттің қолдауын сезініп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту керектігі туралы айтты. Президентіміз «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», деп жауапты мекемелерге тапсырма берді.

Қазір нәсібін кәсіптен тауып отырған шаруа қожалықтар мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Көпшілігі өркендеу жолына түсті. Соның ішінде «Өркен» шару қожалығы да бар. Оны 22 жылдан бері басқарып келе жатқан Қыдырбек Әбдиханов Президенттің ауыл шаруашылығы саласына назар аударуы, қожалықтардың жұмысын жандандыра түседі деген сенімде. – Жолдаудың көтерген жүгі жоғары. Ауыл шаруашылығы саласында жүрген біздерге, шаруаларға қолдау болатынын естіп, қуанып қалдық. Шынын айту керек, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау аз емес. Субсидия бөлінуде, арзандатылған жанар-жағармай да берілуде, тыңайтқыш та алып жатырмыз. Ағын судың да мәселесін шешіп берді. Жаңа технологияларды алуға лизинг жүйесімен несие қаралған. Шаруаға осындай қолдаудан артық не керек, – дейді Қыдырбек Әшімханұлы. Қожалық алғаш құрылғанда оның үлесіне тигені 4 гектар егістік жер болыпты. «Басқа шаруа қожалықтар сияқты біз де қиын кезеңді бастан өткердік. 1997 жылы ағайындар құрған ұжымнан бөлініп шыққан соң үлесіме тиген азғана егістік жерді тиімді игеруге көштім. Бастапқыда өзіміздің техника болмады. Өңіріміздегі көп шаруа қожалықтар сияқты техникасы барларға жалынып, жұмыс істеуге тура келді. Бұл қиындықты да еңсеріп, аз жылда шаруамызды түзеп алдық», деді ол. Бүгінде қожалықтың егістік көлемі 1000, жайылымы 300 гектарға жетіп отыр. Жұмысын жолға қойған тұста, егістік жерден түскен өнімге екі дана «Т-150» тракторын, бір «Нива» комбайнын сатып алыпты. Бұл техникаларды қожалық жаңа күйінде Қырғыз Республикасынан әкелген. Сол техникалар әлі күнге шаруаға жарап тұрса керек. Бұдан бөлек, шаруашылықта «Газ-53» пен «Газ-52» автокөліктері және ауыл шаруашылығы тіркемелері бар. Қыдырбек еңбекке ерте жастан араласқан. Мектептің 5-сыныбында оқып жүргенде-ақ ат тырма айдап, қырманға шығыпты. Мектеп бітірген соң колхозда жұмыс істеп, іле әскерге азаматтық борышын өтеуге аттанады. Келген соң Қырғыз мемлекетіндегі Скрябин атындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1985 жылы «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын көрші елдегі Талас облысының Қарабура ауданындағы ТРЕС пемканың зертханасында инженер болып бастайды. Кейіннен сол мекеменің басшысы болады. Ал тоқсаныншы жылдары Талас облыстық су шаруашылығы мекемесі басшысының орынбасары болып қызмет атқарады. 1997 жылы туған жерге оралып, «Ақсай су» шаруашылығында қызмет істейді. Қайда жүрсе де Қыдырбек Әшімханұлы іскерлігімен, көзге түсіпті. Оның бұл іскерлігін байқаған Қырғыз Республикасы, Талас облысының басшылығы сатылап көтерген. Елге кету туралы ойын білгенде басшылық қызмет те ұсыныпты. Бірақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымды ұстанған ол елге еш ойланбастан қайтқан. Келе сала қызметке араласқан ол көп ұзамай өз шаруа қожалығын ашып, қарапайым тұрмысты жөн көреді. «Президент Жолдауда су мәселесін жайдан-жай көтерген жоқ. Еліміз ағын судан тапшылық көруде. Бұл ең алдымен диқандар қауымына қиын соғуда. Мемлекет басшысы «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы», деді. Су мәселесі шынында бәрімізді алаңдататыны белгілі. Өйткені біздің облыс судың 80 пайызын көрші Қырғыз елінен алып отыр. «Көксай» каналының қалай таласқа түскенін ұмыта қойғанымыз жоқ. Оның өзін Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауы аясында арнасын қайта жасауға мүмкіндік алдық. Оның игілігін жүздеген шаруа қожалығы көріп, азық-түлік қорын жасақтауға үлестерін қосуда», деді Қыдырбек. Жерге дән сеуіп тастап, қарап жатқаннан өнім болмайтыны белгілі. Шаруаны көтеру өзіңнің іскерлігіңе де байланысты. Оның іскерлігі болар, 2009 жылы тәуекел етіп Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруа қожалықтар арасында ұйымдастырған конкурсына қатысып, май өңдеу цехының қайтарымсыз грантын ұтып алады. Оны Нұрлыкент ауылына құрып, былтырға дейін пісте майы өндіріп келіпті. «Цехтың тәуліктік қуаттылығы 500 литр. Онда пісте мен мақсары майы өндірілді. Алғашқы кезде күніне 150-200-ге дейін май өндірсек, кейін өнім көлемін екі есеге арттырдық. Дегенмен шикізаттан тапшылық болмай қоймады. Ал дайын өнімді өткеруде мәселе туындаған емес. Тараздан алушылар табылып, өздері цехтан келіп, литрлеп әкетіп отырды. Цехтың жұмысын жүргізу үшін 120 гектарға мақсары, 50 гектарға күнбағыс септік. Басқа шаруа қожалықтарының да өнімін қал-қарекетімізше сатып алып өңдедік. Былтыр цехтың жұмысын уақытша тоқтатқан едік. Енді оны Талапты ауылына, үйдің жанына көшіріп жатырмыз. Таяуда цехты қайта іске қоспақпыз», деді ол. Енді ол тәулігіне 5 тонна жем өңдейтін цех ашуды ниет етіп отыр. Биыл қожалық егіс алқаптарынан жақсы өнім жинаған. Бұдан бөлек, картоп, күнбағыс жинастыруда. Дәнді және майлы дақылдарды тазалау үшін дән тазалағышты он жыл бұрын Ресейдің Владимир қаласынан әкеліп орнатса керек. Ол да шаруашылықтың дән тазалау жұмыстарына жарап тұр. Сонымен қатар шаруашылықтың жем-шөп қоры да шешілген. Жем-шөп қолда бар азын-аулақ малға сегіз гектар жоңышқа мен сай-саладағы шабындығы есебінен дайындалған. Оның жартысын сатып, қожалық шығынын жауып, жұмысшыларының жалақысын шығарып отыр. Бүгінгі таңда шаруашылық күздік себуді бастап кеткен. Биыл 100 гектар алқапқа күздік себу жоспарланса, қазіргі таңда дән 10 гектар егістікке себілген. Дән себу жұмыстарын бір аптаның көлемінде аяқтамақ. Бұл жұмыстарды інісі Қасымбек, ұлдары Дархан, Қуаныш, Есжан мен Данияр атқаруда. Өздерінде бар техникаларды тізгіндеген олар ортақ іске жұмыла кірісіп кеткен. – Әкем бізді жастайымыздан еңбекке баулыды. Біз де өзіміздің соңымыздан ілескен балаларымызға еңбекпен тапқан нанның тәтті болатындығын айтып, науқан кезінде қасымызға ертіп алып жүрміз. Ондағы мақсатымыз біздің не істеп, қалай табыс тауып жүргенімізді көрсін деген ниет. Ал осы кәсіптің арқасында жаман болып отырғанымыз жоқ. Табысымыз жақсы, – деді ұлы Дархан. Бүгінде Қыдырбектің төрт ұлы да азамат.Үлкені Дархан өзінің шаруашылықтағы оң қолы. Ортаншы ұлы Қуаныш Алматы қаласында тұрады. Сондағы бір фирмада жұмыс істейді. Есжаны ауылда мал дәрігері. Кенжесі Данияр аудандағы спорт мектебінде жаттықтырушы. Ал інісі Қасымбек шаруашылықтың бас есепшісі. Барлығын бақылап, қадағалап, сауда-саттығын ұйымдастырып отыр. Қожалық төрағасы алға қойған мақсатымен де бөлісті. Оның айтуынша, алдағы жылдары мал бордақылау алаңын, сүт фермасын салмақ. Сонымен қатар диірмен салып, наубайхана ашпақ. Жуырда май және жем өңдеу цехтары ашылса, ауылдың 20-дан астам тұрғынын жұмыспен қамтығалы отыр.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы.

 

Ұқсас жаңалықтар