«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дамуымыздың басты бағдары

Дамуымыздың басты бағдары
ашық дереккөз
Дамуымыздың басты бағдары

14Әбсамат Асанов, «Береке құрылыс холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы Жолдауында әлемдік экономиканың бүгінгі жағдайы мен оның алдағы дамуына байланысты пікір білдірумен қатар, еліміз үшін оны еңсерудің нақты жолдарын айқындап берді. Мұның өзі Елбасы ұсынған Жаңа Экономикалық Саясаттан көрініс табады. Ол еліміздің тұрақты әрі жасампаз дамуына, күшті әлеуметтік саясатқа негізделген. Дендеп келе жатқан қаржы экономикалық дағдарыс жағдайында Президент қаржы қорын ел экономикасына мейлінше тиімділік беретін салаларға бағыттауға ұсыныс жасады. Жолдауда «Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатта қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған», – деген жолдар бар. Мемлекеттің мақсаты – осынау күрделі кезеңде халықтың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Білім, денсаулық сақтау және ауылшаруашылығын дамытуға қатысты бағдарламалар жүзеге асырыла береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сумен және жылумен қамтамасыз ету де мемлекеттің басты назарында болады. Әсіресе, халыққа төмен пайызбен ұсынылатын әлеуметтік жалға беру тұрғын үйлерінің құрылысы басталатындығы айрықша қуантады. Елбасы бұл Жолдауда да шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастыруға тапсырма берді. 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің еліміздің ішкі жалпы өнімін еселеудегі үлесі 50 пайызға жетпек. Мұның өзі республика тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуда елеулі орын алатын орта тап өкілдерінің саны мен сапасын жақсартады. Мен жетекшілік ететін «Береке құрылыс холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республика аумағында әлеуметтік нысандар салумен шұғылданады. Компания құрылған 15 жыл мерзімде ондаған мектеп, балабақша және көпқабатты тұрғын үйлер салып, пайдалануға берді. Бұған қоса кейінгі кезде әскери нысандардың да құрылысын жүргізудеміз. Құрамында 60 адам тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорын жыл сайын 500 миллионға жуық теңгенің құрылыс құрастыру жұмыстарын атқаруда. Білікті мамандар шоғырлануының нәтижесінде ұтып алған нысандарымызды уақтылы әрі сапалы тапсыруға күш салудамыз. Биыл құрылысшылардың орташа айлық жалақысы 80 мың теңгеге жетті. Бірқатар ірі нысандарда қосалқы мердігер ретінде де жұмыс істеудеміз. Үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында әскери нысандар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын ұтып алып, оларды белгіленген мерзімде бітірдік. Әлемдік қаржы дағдарысы алқымнан алып жатқанына қарамастан, еліміз Елбасы Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуде. Құрылыстың ел экономикасын алға сүйрейтін қозғаушы күш екеніне қазақстандықтардың көзі айқын жетуде. Адамда арман көп. Біздің компанияның арманы – Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысына қосалқы мердігер ретінде қатысу. Келешекте бұл мақсатымыздың орындалатынына кәміл сенімдіміз.

Ұқсас жаңалықтар