«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қалидың қыстауында отырған мұратбектің 830 бас қойы бар

Қалидың қыстауында отырған мұратбектің 830 бас қойы бар
ашық дереккөз
Қалидың қыстауында отырған мұратбектің 830 бас қойы бар

Азынаған желін алып қараша да жетті. Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай демекші, биыл оның ерте түсетін түрі бар. Бір қары жауып, сесін көрсетіп те қойды.

Мұратбекті өткен жылдың желтоқсанында көр­генмін. Әкесі Қали етжеңді, ірі денеліден еді, ұлы орта бойлы, әбден бейнеттен пісіп, қақталғанның нақ өзі. Жұрт Қалекеңді «тесік тамақ» деп айтатын. Жаһандық соғыста кеңірдегін оқ тесіп өткен сарбаз Жаратушының жарылқауынан жетпістен асқан шағында қайтыс болды. Адамның «ит жанды» екендігіне бұл да бір мықты дәлел. Артына мәуелі бұтақтай жайқалтып ұл-қыздарын қалдырып кетті. «Адам тамырынан көктеп, бұтағынан көркейеді» демекші, ажал мен ауруға дес бермеген Қалекеңнің үрім-бұтағы бүгінде аталарының абыройына дақ түсірмей келеді. Құм шетіндегі ауыл саналатын Бөлтірік ауылына бұрылар жолда Қалидың қыстауында оның ұлы Мұратбек отыр. Таластың бір сағасы қос төбенің арасынан сыздықтай өтіп Мұратбек үйінің тұсын маңайлап барып, ары қарай ауыл іргесіндегі су қоймасына барады. Мұратбек 1995 жылдан бері осында қыс қыстап, жаз жайлайды. Мектеп бітірген соң, кеңшар тарасымен ол да біраз уақыт қаланы жағалап, содан кейін 1992 жылы орман шаруашылығы мекемесінде қорықшылықты атқарған екен, ағасы кенеттен қайтыс болысымен шаруа қожалығының тізгінін өзі ұстаған. Одан бері де жиырма алты жылға жуықтапты. Әке дәулетін төкпей-шашпай, басын құрап, қиын-қыстау кезеңнен өткен Мұратбек пен келіншегі Баян екеуіне бұл қыстақ ыстық, қимас мекеніне айналғаны кішкене фазендасының көкке көмкеріліп, қора-қопсының тап-тұйнақтай екендігінен білінсе керек-ті. «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің киесі» демекші, түздегі шаруаны дөңгелетіп жүрген Мұратбек те, қыстаудағы үйді қаладағыдан кем етпей жайнатып отырған келіншегі – Баян. Бұлар қалаға көш десе де, көшпес еді. «У-шуы мол, жүйкеңді жұқартатын мекемесі мен базары көп қала қол емес», – Мұратбек осылай деп ой қорытады. Торы атқа мініп, тораңғы сапты қамшыны нық ұстап, даланың таза ауасын бойына сіңіріп өскен азаматқа өзінің туған жері ыстық. Мал өсіріп, семізін сойып жүргеніне ғана мәз емес Мұратбек, онысы сатса – айлық, ішсе – айран, сүт, мінсе – көлік. Ешкімнен алақан жайып, қарызға ақша сұрамайсың. Өзің би, өзің қожа. Әрі қыстауы мығым, қора жайы қымтаулы, техникасы сақадай-сай және жемшөбі жеткілікті. Баяғы совхоздың тракторшылары жоқ. Көбісін өзі атқарады. Ара-тұра адам жалдайды. Соның арқасында шаруасын шалқытып отыр. Алдында 830 бас қазақы қой бар, оның 200 басы Еділбай қойы, С.Шәкіров ауылындағы «Ахай» шаруа қожалығынан 22 қошқарды биыл сатып алды. Ол қожалық әрбір бас малын 35 мың теңгеден бағаласа, оның 8 мың теңгесі мемлекеттің субсидиясы арқылы өтелген. Сонда қалтасынан бір мал үшін 27 мың теңге шығып отыр. Бұл бір, екіншіден, қой малын асылдандырып, түрлендіру мен жемшөбін дайындауға Үкімет әрбір бас саулығына субсидия есебінен 1500 теңге және төлейді. Мұратбектің 86 бас сиыры бар. Олардың да тұқымын асылдандырып, түрлендіру үшін «Алашбайұлы» шаруа қожалығынан 3 бұқаның әрқайсысына 400 мың теңгені санап берсе, оның 154 мың теңгесін тағы да мемлекет субсидиялап отыр. Субсидия – ол Үкіметтің шаруаның шаруасын дөңгелетуіне жасап отырған біржолғы қайтарымсыз беретін қаражаты. – Екі жақты субсидиялаудан 2 миллион теңгедей қаражатқа ие болғаныммен, ол бар жыртығымызды жамауға жете бермейді, – дейді Мұратбек. – Сондықтан, ішкі мүмкіндікті есепке аламыз. Шығындар да аз емес. Мысалы, малын бағатын екі малшыға ай сайын 50 мыңнан төлейтін еңбекақысы бар. Мұнда егін жоқтың қасы, азын-аулақ жемді базардан сатып аласың. Оның үстіне, орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жерді пайдаланғаны үшін 67-100 мың теңге тағы төлеуің керек. Міне, соның барлығына малды жаратуға тура келеді. Жекеше болған соң шығынға қатаң есеп. Оның барлық есеп-қисабын Мұратбектің келіншегі Баян жүргізетін көрінеді. Былайша айтқанда, бас есепші, бас экономист – Баян. Судың да сұрауы бар. Мемлекет субсидия берген соң, ұятың да «оянуы» керек. Елбасы берген тапсырма – ет өндіру. Оған Мұратбектің мүмкіндігі бар ма? – Бар, – дейді ол. – Мал бордақылайтын алаңды, үлкен қора-жайды соған лайықтап отырмын. Жыл-он екі ай бордақыласаң, 18-24 айлық өгізшелердің салмағы 450-500 килограмға жетіп, етке сатуға шығаруға болатын сияқты. Ол үшін әрине, мал тұқымын түрлендіріп, асылдандыру ісін жеделдету керектігін түсініп отыр. Кейіпкеріміз фермер Мұратбек Ордабаевтың бизнес жоспары ірі мақсаттарға негізделген. Оның қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетер. Әзірге малы жайлауда, 700 орама шөбі қорада жинаулы. Қысқа қапысыз дайындалып-ақ жатыр.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Бөлтірік шешен ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар