Білім саласының биігіне ұмтылған Судаба
Елімізде татулық пен бірлік – басты мұрат. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Отанның тұтастығы мен ынтымағын, тыныштығын, өзара достығын ойлап, ізгілікке шақыру ләзім. Ортамызда елімізді ерекше құрметтейтін өзге ұлт өкілдері аз емес. Жуалылық Судаба Металимова солардың бірі. Еңбек жолын Б.Момышұлы ауылындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясында программист болып бастаған кейіпкеріміз кейіннен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінде этномәдени орталықтармен жұмысты үйлестіруші инспектор болып еңбек етті. Міне, осы кезде ол ұлттар достығына, олардың арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға өзінің сүбелі үлесін қосты.
Судаба Тагирқызы қазақ тілін туған тіліндей біледі. Олай болатын жөні де бар. «Шыр» етіп өмірге келгеннен жергілікті ұлттың ортасында келе жатыр. Айналасындағы достарының бәрі де қазақ. Осылай ол қазақ тілін бүлдіршін кезінен жақсы меңгерді. Әкесі Тагир мен анасы Гүлшанның да айналасындағы араласатын ортасы, достарының бәрі –қазақтар. Судаба Көлбастау ауылындағы орта мектепті 2004 жылы бітіріп, Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне информатика мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейіннен Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік -педагогикалық халықтар достығы университетін информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бұл – 2018 жыл болатын.
Оның қазақ тілінде жақсы сөйлеуі көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Өзге ұлт өкілдері арасында түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, қазақ тілінде таза сөйлей алатындығының арқасында жеңіске жеткені бар.
Бүгінде Көлбастау ауылында тұратын әкесі –Тагир кәсіпкерлікпен айналысады. Ал анасы –Гүлшан бес баланың тәрбиесімен үй шаруасында. Олар да көрші қазақ отбасыларымен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Көрші-қолаңның бәрі Тагирдің отбасын ештеңеден қалдырмай, тіпті құдалық, соғымбасы, тәтті шайларға шақырып тұрады.
Судаба қазіргі таңда жұмыс бабымен Тараз қаласына ауысқан. Жақсы маманға қай жерден де сұраныс көп емес пе? Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
«Қазақстанда туып-өстім. Менің Отаным –Қазақстан. Мемлекетімнің дамуы мен бірлігі, ынтымағы жолында барынша үлес қосуға дайынмын», дейді Судаба.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Дәрі тапшылығының алдын алу маңызды
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді