«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғажайып құндылықтар қоры

Ғажайып құндылықтар қоры
ашық дереккөз
Ғажайып құндылықтар қоры
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі географиясы» атты жобасы еліміздің тарихи-мәдени және символикалық киелі негіздеріне сүйенеді. Бұл жобаға жататын қасиетті орындар елде туризм индустриясын дамытуға, сөйтіп халықты киелі жерлерге тартуға арналады. Ал «Туған жер» жобасы елдегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге, азаматтарды өлкені жандандыруға, дамытуға бағытталған. Елге, жерге, туған жерге құрмет тарихи орындарды, музейлерді құрметтеу арқылы дамиды. Себебі ауылдың барлық құнары мен бояуы музейлерде де сақталады. Қазіргі таңда тұрғындардың өткенді түгендеуге, елге еңбегі сіңген тұлғаларды көруге, құрметтеуге деген ынта-ықыластары жоғары. Ондай тарихи-мәдени орынның бірі – музей. Біз Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейін аралап, құндылыққа толы екенін байқадық. Жадап-жүдеп тұрған жоқ. Қандай залды араласаң да көңілге қонады. Музейді мемлекеттік жұмыстарда әбден тәжірибе жинаған Өсер Нұрбаев басқарғалы жетістіктер аз емес екен. Мұнда ірі бес зал бар. Ондағы жұмыстармен музейдің экскурсоводы Жанерке Оразова таныстырды. «Даңқ» залы аталған ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлеріне, Ұлы Отан соғысының батырларына және бейбіт күнде де даңқы шыққан азаматтарға арналған. Тіпті мұнда аудан батырларымен шектелмеген. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы туралы да деректер жеткілікті. Ол болашақ ұрпақтар үшін керек, әрине. Аталған ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаев туралы суреттер мен мәліметтер назарды бірден аударады. Бұл залда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған арнайы бұрыш бар. Ол бұрыш арқылы Мәскеудің дәурені жүріп тұрған кезде Қазақстанды ширек ғасыр басқарған, талай қитырқы жол, бұралаң саясаттардан халқын аман алып шыққан Димекеңдей дара тұлғаның биік болмысымен, кемеңгерлік келбеті, еліміздің әр аймағы үшін елеулі істерімен танысуға болады. Археология залынан аудан аумағында жүргізілген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде табылған ортағасырлық архитектуралық көрінісі бар құрылыс заттары, сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, су құбырлары, тұрмыс заттары қойылған. Сондай-ақ Қостөбе, Барысхан, Ақыртас, Түймекент, Шалтөбеден табылған жәдігерлер бар. Этнография залында қазақ халқының көшпенді құрылысының жәдігерлері, киіз үй және оның жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, қазақ халқы тұрмыста қолданған асүй бұйымдары орналастырылған. Мұнда асыққа және ер-тұрман, ат әбзелдеріне арналған бұрышты да көруге болады. Экспозициялық залда Байзақ ауданының тарихи атауын иеленген Жарлықтан бастап, ауданның құрылған кезеңі, әр жылда ел басқарған азаматтар мен еңбеккерлердің суреттері мен озат жұмыстары туралы мәліметтер ерекше көрініс тапқан. Бұл залда саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарына арналған бұрыш бар. Онда қазақтың озық ұлт болуы жолында күресіп, құрбан болған ұлттың қаймақтары мен байзақтық азаматтардың да еңбектері көрініс тапқан. Келушілер ерекше назар аударатын тұсының бірі – мәдениет және өнер залы. Мұнда ауданнан шыққан ерен тұлғалар тегіс қамтылған. Қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынұлы, ақын, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Жақсылық Сәтібекұлы туралы барлық деректер бар. Айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, аты аңызға айналған айтыскерлер Әзімбек Жанқұлиев (марқұм) пен Алтынкүл Қасымбекова, ақындар Қасқырбай Нарбатыр мен Қайыпназар Шотбасов (марқұм), даңқты спортшылар Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Алмас Мұсабеков, әлемдік деңгейдегі төреші Бақытжан Бекпенбетов, қазыналы қариялар, облыс басшысының бірінші орынбасары болған Жұмабек Сапаралиев және Жапар Дидарбеков, Рәш Шәметұлы туралы мол мәлімет алуға болады. Осы тұлғалар және өзге де азаматтардың өмірі, суреттері музейге келушілердің назарын аударары анық. Музейде ғылыми қызметкер Айнагүл Мамытбекова, қор сақтаушы Айдана Шотбасова, бас есепші Төле Наржанов қажырлы еңбек етуде. Суретші-декаратор Мұхтар Мәнекеев пен экскурсовод Жанерке Оразованың да еңбегін атап өтуге тұрарлық. – Өзіңіз көргендей, соңғы жылдары музей көркемдігі жағынан да, экспонаттардың молаюы жағынан да ілгерілей түсті. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов тікелей көңіл бөліп, өзі мұнда жиі келіп тұрады. Қызметтік көлігімізді жаңалап берді. Кейінгі екі жылда музейдегі жәдігерлер санын екі жарым мыңнан үш мың бір жүз данаға көбейттік. Оның бәрі не болса сол емес, маңызы мен тарихы бар дүниелер. Келушілер назарын аударатын жәдігерлер мол. Музейдің фойесіне электронды анықтамалық орнаттық. Қазіргі заманауи үлгіге сай. Оның тетіктерін бассаңыз, сізге қажетті мәлімет, еңбек адамдары, ауданға танымал тұлғалар шыға келеді. Осылайша, ол кісілер жайлы толық мәлімет алуға болады. Енді музейдің артынан қосымша жаңа ғимарат салынып жатыр. Екі қабатты еңселі кешен. Ол аудандық мәслихатта мақұлданып, тиісті қаражаты да бөлініп қойды. Музей – елдің айнасы. Алдағы уақытта да ізгі жұмыстар жалғасады, – дейді мұражай директоры Өсер Әбдіжәлелұлы.  

Есет ДОСАЛЫ

 Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар