«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кемел келешекке бастайтын құжат

 Кемел келешекке  бастайтын құжат
ашық дереккөз
Кемел келешекке бастайтын құжат

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жарияланған Республика Президентінің барша қазақстандықтарға арнаған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауы облыстың еңбек ұжымдарында, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, қоғамдық ұйымдарда әрқилы форматта ұйымдастырылған іс-шаралардың барысында талқыланып, қолдау табуда. Осындай іс-шараның бірі ретінде облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында өткен дөңгелек үстел отырысын айтуға болады. Оған саясаттанушы ғалымдар, аумақтағы саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтардың және жастар бірлестіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Басқосуды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды. Ол Елбасы Жолдауының халықаралық қауымдастықтағы геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруге қосымша кедергі тудырып отырған қазіргідей жағдайда тығырықтан шығудың жолдарын айқындап берген бірден бір құжат болып табылатындығын айта келіп, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Зейнел-Нәби Сұлтанбаевқа сөз берді.

Басқарма басшысының орынбасары Елбасының жаңа Жолдауы бойынша республика Үкіметіне Ұлттық қордан шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлуді, банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы проблемалық несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды, «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруды несиелеуге 40 миллиард теңге және Астана аэропорты жаңа терминалының құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртуға 29 миллиард теңге бөлуді тапсырғандығын айтып, қарастырылған қаржының қолға алынған жобаларды аяқтауға және аса өткір мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Дөңгелек үстелде сөз алып, ой-пікірін ортаға салған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов Елбасы Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінгендігіне, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Ұлттық қор инвестицияларының экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформаларды жүзеге асырумен қоса жүргізілетіндігіне, Қазақстанның Коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің төрайымы Жанна Мамашева Республика Президентінің биылғы Жолдауының жылдағымен салыстырғанда ерте жарияланғандығы құжатта қарастырылған мәселелерді биылғы бюджетті белгілеген кезде ескеруге толық мүмкіндік беретіндігіне және Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда елдегі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың тізе қосуға тиістігіне, ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Мұхаббат Тұрдиева барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлының елдің тұтастығы мен бірлігінің, татулығы мен тыныштығының үнемі басты назарда болатындығын атап өткендігіне, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Балғабаев, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов және басқалары тарихи құжатта еліміздің өмірлік мүдделеріне қатысты өзге де өзекті мәселелердің көтерілгендігіне тоқталды. Елбасы Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел басындағы кеңесті облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов қорытындылады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар