«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жол мұратқа жеткізеді

Жол  мұратқа  жеткізеді
ашық дереккөз
Жол мұратқа жеткізеді

17Дәулетбай Есімбеков, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы.

Елбасының Қазақстан халқына кезекті Жолдауы ел экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған. Экономиканың күретамыры жол екені бесенеден белгілі. Оның ішінде темір жолдың өзіндік орны бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «...Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, темір жол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты», – деп ерекше атап көрсетті өзінің Қазақстан халқына кезекті дәстүрлі Жолдауында. Жолдың ел экономикасын және тұтастай қоғамды жаңартуға тигізетін әсері зор. Ол тарихтан белгілі. Әулиеата жерінде темір жол желісі өткен ғасырдың 20-сыншы жылдары тартылған. 1924 жылы облыс орталығын Пішпекпен (Бішкекті бір кездері солай атаған қазақтар) байланыстырған бұл жол 1930 жылы Түркісіб құрылысы аяқталғанда елдегі экономика күретамырының құрамдас бөлігіне айналды. Содан бері бұл жолмен миллиондаған жолаушы сапар шегіп, миллиардтаған тонна халық шаруашылығы тауарлары тасымалданды. Химия өндірісінің шикізат қоры – фосфорит кені мол өңірде аймақты игеру үшін 1946 жылы Жамбыл-Қаратау жол желісі пайдалануға берілді. Оның құрылысы Ұлы Отан соғысы жылдарында жүргізіліп, адамдар нағыз жанқиярлық еңбектің үлгісін көрсетті. Ол жол 1964 жылы Жаңатасқа дейін ұзартылып, онда теміржол стансасы салынды. Қазір осы бағыттағы жолаушылар тасымалы жаңғыртылып, жайлы орындықтар, кондиционер, теледидармен жабдықталған вагондармен ауыстырылған. Бұл облыстық бюджеттен қаржы қаралуы арқылы мүмкін болып отыр. Ал 1953 жылы Мойынты-Шу темір жол желісінің пайдалануға берілуі, 1995 жылы электрлендіру жұмыстарының аяқталуына байланысты Шу-Луговой жол телімінің ашылуына арналған салтанатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы –өңірдегі темір жол тарихына қатысты есте қалар ерекше оқиғалар. Жамбыл жол бөлімшесіне қарасты құрылымдар мен еншілес мекемелерде қызмет атқарып, жұмыс істеп жатқан 12 мыңнан астам теміржолшылардың 56-сы – Қазақстанның Құрметті теміржолшысы атағының иегері. Биыл Қазақстан темір жолы – 110, Жамбыл вагон жөндеу және локомотив пайдалану деполары 90 жылдықтарын атап өтіп жатқан мерейтойлар жылына тарту ретінде біз өткен үш тоқсанда бюджетке 2 миллиард 73 миллион 324 мың теңге салық төледік. Оның 1 миллиард 713 миллион 720 мың теңгесі – жергілікті, 359 миллион 604 мың теңгесі басқа облыстар бюджетіне түсті. Жүк айналымы 17052,3 миллион тонна-километрді құрап, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Елбасының Қазақстан халқына жаңа Жолдауы қарқынға қарқын қосқан құжат. Өйткені, мұнда ел экономикасының күретамыры – жолдар туралы баса айтылған. Бұл – Елбасының көрегендігі. Барыс-келіс, алыс-беріс ел байлығы артып, мемлекеттің іргетасы нығайып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық әлеуеті жақсаруына игі ықпал ететін болады. Біз осы мақсатты жүзеге асыру жолында еңбек етіп жатқанымызды мәртебе санаймыз, мақтан етеміз.

Ұқсас жаңалықтар