Кооперативтерге тың серпін берген жоба
Өзім диқан болғандықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы агросалаға қатысты айтқандарын қуана қолдадым. Президентіміз әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық. Бұған қосымша оффтейк-келісімшарттарын енгізіп, «ҚазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдаймыз. Осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеміз. Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды жəне өңдеу кəсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер əлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған» деп, агросаладағы түйткілді мәселені дөп басып айтқан болатын. Бұл жерде Мемлекет басшысы ауылда тұратын қарапайым халықты, өздерінің үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарына, яғни қолындағы оншақты ірі қара, қырық-елу қойына сүйеніп тірлік кешіп жатқан қалың бұқара көпшілікті айтып отыр. Саясаттың ендігі бір арнасы – солардың жағдайын жақсарту. Шынын айтқанда, бұған дейін мемлекеттің қаржылай қолдауы көбінесе ірі шаруашылық құрылымдарына – акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге көрсетіліп келді. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар да солардың еншісіне тиіп отырды. Соған қарамастан бұл ірі құрылымдар айтарлықтай дамып кете алмады.
Қарап отырсақ, малдың әлі күнге басым бөлігі, атап айтқанда 70-80 пайызы үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында тұр. Сауда орталықтарын етпен, сүт-айранмен, ірімшік-құртпен қамтып отырған да солар. Бұған дейін мал шаруашылығын дамыту мақсатында өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алынған болатын. Ондағы мақсат ұсақ шаруа қожалықтардың басын біріктіріп, анағұрлым іріленген кооперативтер құрып, мемлекеттің қаржылай қолдауын сол кооперативтер арқылы жеткізу болды. Бірақ осы істің өзі сиырқұйымшақтанып кетті.
Дегенмен 2019 жылдың соңында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» қанатқақты жобасы қолға алынып, 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдап алынған еді. Соның ішінде біздің ауданнан Ақтөбе ауылдық округі еніп, ондағы жұмысты «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативі жүзеге асыруда.
Үкіметтен бөлінген 9,2 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы елге 2,5 пайызбен несие таратылып, мал басы артты. Сонымен қатар үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануға жол ашылды. Әрбір ауылдық округте ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылды. Қазіргі таңда бұл жобаға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қолдау көрсетуде.
Облыс әкімінің бастамасымен жыл басында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қанатқақты жобаға қатысқан кооперативтерден қайтарылған несие қаражаты есебінен тағы үш ауылдық округ жобаға енгізілген болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және өзіміздің аудандағы Ақсай ауылдық округі енген еді. Бұл округтердің 237 тұрғыны мал алу үшін өтініш берген. Оған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 770,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда 6073 бас мал сатып алынған. Оның 584-і мүйізді ірі қара болса, бұл малдың 534-і сауын сиыр. Яғни жобаға қатысып отырған округ тұрғындары сүт бағытын таңдаған. Бұдан бөлек, 920 бас жылқы, 3999 бас қой, 570 бас құс алынған. Қазір біз де сүт бағытында жұмыс істеп, сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткерудеміз.
Округте жобаның бесінші бағыты аясында бес кәсіпкер несиемен қамтылып, өз жұмыстарын бастап кетті. Атап айтсақ, бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылып, олар аудан көлемінде тапсырыс алып жұмыс істеуде.
Ендігі таңда Президенттің тапсырмасымен бұл жоба жалғасын тауып отырғаны қуантады. Атап айтсақ, Үкіметтің қолдауымен жаңа бөлінген 6 миллиард қаржы 10 ауылдық округке бөлініп отыр. Онда 26 елді мекен бар. Бұл ауылдық округтерде 26072 тұрғын тұрады, жалпы аула саны – 4386. Мұнда жалпы 2111 жобаны іске асыру көзделуде, бүгінге дейін ауыл тұрғындарынан 158 өтінім түсті. Оның 82-сі қабылданып, 408,1 миллион теңге несие рәсімделген. Жобаға жаңа қосылған 10 ауылдық округтің ішінде Жетітөбе ауылдық округі де бар.
Бір атап өтерлігі, жобаға енген елді мекендер қатарында ең көбі біздің ауданның еншісінде. Бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округіндегі Кәріқорған, Тасбастау, Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Майбұлақ, Қосмұрат ауылдарының енгені қуантарлық. Сөйтіп, қазірдің өзінде Жуалыда Үкіметтің қолдауымен қанатқақты жобаға үш ауылдық округ, 10 елді мекен еніп отыр. Бұл аудан үшін қуанарлық жағдай.
Жобаға қатысушылар талай жылдан бері игерілмей жатқан үй іргесіндегі жер телімдері мен егістік алқаптарды жаңа құрылған кооперативтер күшімен игеруге кірісті. Бақшалар салынып, көкөністерден мол өнім жиналуда. Алда оны қабылдау орындары кооперативте ашылып, тікелей сауда орталықтарына жеткізу жолдары қарастырылуда. Бұл ең алдымен халық арасында отандық өнімге деген сұранысты арттырып, өңірдегі бағаны тұрақтандыруға да үлкен қолдау болмақ.
Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын», деп ұсақ шаруашылықтардың өндіретін өнімдерін сатып алу, оларды өңдеп, дайын тауарға айналдыру жəне тұтынушыларға дейін жеткізу ісі кешенді түрде қолға алынатынын аңғартты.
Бір атап өтерлігі, Мемлекет басшысы бұл қанатқақты жобаны іске асыруды, осы үшін ауылдан басталатын кооперациялық тізбекті құруды тапсырған болатын. Оған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны көп ірі жəне тығыз шоғырланған өңірлерден бастауды жоспарланған. Сол жоспарға Алматы мен Түркістан облыстарынан бөлек біздің облыс та енген. Əрине, агроөнеркəсіп кешені үшін мұның да тың шаруа екендігі анық.
Бұған дейін ауыл тұрғындарын несиелеудің басты проблемасы олардың қолында кепілге салар мүліктің болмауынан туындады. Міне, сол себеп ұзақ мерзімге берілетін арзан қаражат үй шаруашылықтары үшін қолжетімсіз болып келді. Енді бұл мəселе мемлекеттің кепілдендіруі арқылы шешіліп отыр.
Қорыта айтқанда, елімізде агросалада оң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске асырылуда. Ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсетінін аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болатыны анық.
Дидар КЕНЖЕБЕКОВ,
«Ақсай» ауыл шаруашылығы
кооперативінің төрағасы.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді