Ақпарат алудың мүмкіндігі мол

Ақпарат алудың мүмкіндігі мол
ашық дереккөз
Ақпарат алудың мүмкіндігі мол

Жуырда ғана 75 жылдық торқалы тойын атап өткен облысымыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының жыл өткен сайын қарышты дамып, экономикасы әлеуеттенгені, тұрғындарының әл-ауқаты жақсарғандығы, әлеуметтік мәселелерінің біртіндеп шешімін тауып келе жатқандығы белгілі. Міне, осыған орай, апта аралығында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдау көрсетуі және «Жастардың жарқын болашағы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жамбыл облысының оң имиджін арттыруға бағытталған баспасөз және блог турын ұйымдастыру» атты үш күнге созылған әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Негізінен, аумақтың өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы және денсаулық сақтау салаларына, мәдени өміріне, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жастардың тыныс-тіршілігіне қатысты қол жеткен жетістіктерін жұртшылыққа таныстыруды және насихаттауды ниет еткен облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» газеттерінің журналистері, республикалық және облыстық деңгейдегі блогерлер облыс орталығында, Байзақ, Т. Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Талас, Жуалы аудандарында болып, өңірлердегі орныққан оң жағдай туралы әлеуметтік желілердегі парақшалары, блогтары арқылы шынайы ақпараттар таратты.

Соңғы жылдардың бедерінде, еліміздегі электронды байланыс желісінің жақсы жолға қойылуының нәтижесінде жедел ақпарат таратуда және оны алуда зор мүмкіндіктерге ие болып отырған әлеуметтік желілердің облыстағы және республика көлеміндегі сан мыңдаған қолданушылары жобаның алғашқы күнінің өзінде ғана Тараз қаласындағы жаңа ғимаратқа орналасқан, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған қалалық балалар ауруханасының, электр техникасын, кабельдер, коммуникациялық өнімдер, жарықтандыру құрылғыларын шығаратын, электр монтаждау жұмыстарының барлық түрлері бойынша қызмет көрсететін «Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, фосфор химия өнеркәсібінің алыбы – «Казфосфат» ЖШС-ның мүмкіндіктерімен, Байзақ ауданындағы Нұрбаевтар жанұясының меншігіндегі макарон, кеспе және ұн өнімдерін шығаратын «Rola-7» ЖШС-ның өндірістік әлеуетін арттыру үдерісінің барысымен, Т. Рысқұлов ауданының Жарлы су ауылындағы «Шәушен» шаруа қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаевтың туған ауылына демеушілік қолдау көрсетіп, сәулет өнерінің туындысына пара-пар мешіт ғимаратын, жүз орынға арналған, қазіргі заманғы жиһаздармен жабдықталған екі қабатты интернат-үйін салып берген, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған монумент тұрғызған және жерлестерінің демалып, тынығуы үшін аллея жасақтаған игілікті ісімен, Меркі ауылындағы тарихи-өлкетану музейінің аумақтың өткенінен сыр шертетін тарихи мәндегі экспонаттарымен танысуға мүмкіндік алып, әлеуметтік желілердегі парақшаларға, блогтарға өздерінің ризашылық пікірлерін жазып қалдырды. «Жамбыл облысының оң имиджін арттыруға бағытталған баспасөз және блог турын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру барысында әлеуметтік желіні қолданушылар Шу ауданының орталығы – Төле би ауылындағы жастар саябағының және Талас ауданының Қызыл әуіт ауылындағы белгілі эстрада әншісі Мейрамбек Беспаев дүниеге келген үйдің көріністері орналастырылған посттарға қатысты айрықша белсенділік танытты әрі мыңдаған адам өз ұстанымдарын, көзқарастарын, пікірлерін білдіріп, үн қосты. Блог-турға қатысушылар әлеуметтік желіні қолданушыларға Қордай ауданындағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамығандығы, Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы музейіндегі экспонаттардың бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі тағылымдық мәні, облыстың білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базаларының жақсарғандығы және облыс кәсіпорындарындағы орташа айлық жалақының мөлшері туралы да нақтылы мәліметтерге негізделген ондаған посттарды жөнелтті. Мәселен, «Фейсбук» және «Твиттер» сияқты әлеуметтік желілерде 8,5 мыңнан астам оқырманы бар «Хабар» телеарнасының журналисі, республикадағы белді блогерлердің бірі, астаналық Өркен Кенжебек пен «Гонзо. kz» сайтының бас редакторы, танымал блогер, алматылық Бақытжан Бұқарбайдың әрқайсысы әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға атсалысқан үш күндік тур барысында әлеуметтік желілерге 45-тен 50-ге дейінгі аралықта жазба орналастырып үлгерген. Қалған блогерлер де оқырмандарын жедел ақпараттармен қамтамасыз етуге жұмылып жатты. Блок-турды ұйымдастырған «Жастардың жарқын болашағы» жастар қоғамдық бірлестігінің алдағы жұмыс жоспарына тоқталған бірлестіктің үйлестірушісі, блогер Исламбек Дастан келешекте облыстағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған нысандардың құрылысы барысын қамтып жазуға, облыс аумағындағы тарихи және табиғаты таңғажайып орындарды әлеуметке таныстыруға әрі насихаттауға арналған кешенді әлеуметтік жобаларды ұйымдастыруды діттеп отырғандықтарын жеткізді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар