Үкіметтік емес үш ұйымның жұмысымен танысты
Ашық қоғамдағы биліктің бір өкілі – үкіметтік емес ұйымдар болып есептеледі. Сондықтан елімізде 2018 жылы жұмысын бастаған Азаматтық орталықтар бүгінде ҮЕҰ әлеуетін арттыруға күш салуда. Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Тараз қаласында алғаш рет «Жамбыл облысындағы үкіметтік емес секторының тиімді жұмысы» атты study- турдың ұйымдастырылуы соның бір айғағы деуге болады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобасы бойынша «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалардың бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының қолдауымен және «Жамбыл облысының азаматтық альянсы» ЗТБ-мен бірлесіп ұйымдастырған турға үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өздерінің кәсіби қызметінде бірегей болып табылатын облыс орталығындағы үкіметтік емес 3 жетекші ұйымның жұмысымен танысты. Study-турға қатысушылар алдымен қаладағы «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.
«Шебер шаңырақ» ҚБ 2021 жылы құрылған екен. Мақсаты – отандық өндірісті дамытуға ықпал ету, қауымдастықтың өз өнімдерін нарыққа шығару, ұлттық дәстүрлі өнімдерді заманауи жаңғырту, күнделікті іске асыру. Сондай-ақ бірлестік еліміздегі әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта ұйымдастыру, оларға өз бизнесін бастау мүмкіндігін ашу, орта және шағын бизнес иелерін өз бизнестерін дамытуға бағыттау, тәжірибелерімен бөлісу, ақпараттық базаны қамтамасыз ету, өндірістік базада оқыту жүйесін енгізу, мүгедектігі бар адамдарға олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру арқылы ұсыныстар беру және қайырымдылық акцияларын өткізумен де айналысады. Бұл туралы қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Анар Бексұлтанова айтып берді.
– Өзімнің қол өнерімен айналысып келе жатқаныма 10 жылдың жүзі болды. Бұл өнер маған балалық шағымнан жақсы таныс болғандықтан, осы істі қолға алып бастап кету қиынға соққан жоқ. Бүгінде мен басқаратын «Шебер шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің еліміз бойынша алғашқы болып Әлемдік шеберлер ассоциациясына қабылдануын мақтанышпен айтамыз, – деген Анар Сағынтайқызы жиналғандарға өздерінің қолдарынан шыққан түрлі бұйымдарды көрсетіп, алдағы жоспарымен бөлісті.
Келесіде турға қатысушылар «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қоры» қоғамдық қорының жұмысымен танысуға мүмкіндік алды. Ұйым үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетуді жүзеге асырады екен. Сонымен бірге мұндағылар облыс тұрғындарының онкологиялық аурулар туралы хабардарлығын арттырып, онкологиялық науқастарға көмек көрсетуге бағытталған жаппай акциялар ұйымдастырып келеді.
Анжелика Сарьян жетекшілік ететін бұл қордың мүшелері соңғы сатыдағы онкологиялық ауруы бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызметтер және психологиялық қолдау көрсетуді міндеттеріне алған. Қоғамдық қордың бүгінде 19 қызметкері бар және қор паллиативтік көмек көрсету бойынша Қазақстанда алғашқы және әзірге жалғыз көпсалалы команда құрғанын ерекше атап өткен жөн. «Амазонка» қоры – «Жылжымалы хоспис» жобасы үлгісімен жұмыс істейтін республикадағы жалғыз ұйым. Ұйым өз командасымен және еріктілер тобымен бірге ауыр науқастарға өмір сүру сапасын жақсартуға, ауырсынуды және басқа физикалық белгілерді азайтуға немесе жоюға, пациентке әлеуметтік, психологиялық және рухани мәселелерді жеңілдетуге немесе шешуге мүмкіндік беріп келеді. Қоғамдық қордың бастамасымен 2015 жылы қаладағы медициналық колледж білімгерлерінің арасынан паллиативтік көмек көрсету бойынша еріктілер тобы ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Анжелика Грантовнаның айтуынша, «Жылжымалы хоспис» бөлімінде 2 мобильді команда құрылған. «Амазонка» қорының онкологиялық аурухананың медицина қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуі паллиативті науқастарға тиімдірек көзқарасты қамтамасыз етуде. Қордың өзінің техникалық базасы, мамандандырылған көлігі бар. Мұнда декубитке қарсы шеңберлер, мүгедектер арбасы, балдақтар, таяқтар, жаялықтар айықпас ауруға шалдыққан адамдарға өтеусіз негізде беріліп келеді. 2015 жылдан бастап «Амазонка» ФПОБ» ҚҚ дәрігерлерге, медбикелерге, психологтарға, әлеуметтік қызметкерлерге арналған кәсіби семинар-тренингтер өткізуді қолға алып, оған қатысушыларға паллиативтік көмек негіздерін, созылмалы ауырсынуды емдеу тәсілдерін үйретеді. Сонымен бірге онкологиялық науқастардың туыстары да оқытылады.
«Амазонка» қоғамдық қоры 2013 жылы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығын жеңіп алғанын ұйымның үлкен жетістігі деуге болады. Ал 2014 жылы облыс әкімдігі қорға «Жылжымалы хоспис» орналасқан арнайы көлікті сыйға тартқан екен. Қоғамдық қордың облыстың және Тараз қаласының көптеген билік органдарымен және ұйымдарымен бірлескен жұмысы мен ынтымақтастығының арқасында ауру адамдар өмірінің соңына дейін таңдау және сапалы қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болып келе жатқаны қуантады.
Study-турға қатысушыларға «Жамбыл облысы іскер әйелдерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы туралы ұйымға өткен жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан белгілі кәсіпкер-ресторатор Меруерт Лештаева жан-жақты айтып, бірлестіктің жаңа офисімен таныстырды.
– Ұйым 1997 жылы құрылған, осы 25 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз аз емес. Ұйым бүгінде «Әйел және бизнес», «Іскерлік байланыстар», «Менторинг», «Мастерминд», «Әйел және жұмыспен қамту» және «Өз біліміңмен бөліс» бағыттары мен авторлық бағдарламалар бойынша көптеген жобаларды іске асыруда. Сондай- ақ «Отбасын қолдау мектебі», «Саналы ата-ана мектебі», «Жас отбасы» ақпараттық курсы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен агрессорларға арналған кеңестер, қоғамдық қабылдаулар және тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде облыстың іскер әйелдер қауымдастығы 2021 жылдың қорытындысымен республикалық «Жомарт жүрек» байқауының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша үздік болып танылды, – деді Меруерт Қаттабайқызы.
Study-турда коммерциялық емес ұйым өкілдерімен бірге облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев та жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктерді аралап, «ҮЕҰ мен мемлекеттік билік органдарының өзара іс-қимылын күшейту – мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың кепілі» атты еркін форматта кездесуге қатысты. Басқосуда «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айнұр Заурбекова, халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысы облыстық филиалының төрайымы Раиса Рысқұлбекова, «Қызыл ай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оразкүл Тастемірова, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ облыстық филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, бүгінде облыста 800-ден астам коммерциялық емес ұйым тіркелген болса, оның 200-ден астамы ғана өңірдің тыныс- тіршілігіне араласып, азаматтық қоғам институттарының дамуына үлес қосып келеді. Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара іс-қимылының маңызды бөлігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру болып табылады десек, ҮЕҰ-ның қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыратын құралдардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету жобалары. Жалпы өткен жылдар ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ынтымақтастығы жүйелі сипатқа ие болып үлгерген. Қазіргі таңда қоғам үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттің тең серіктесі ретінде қарайды.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Суретті түсірген
Юрий КИМ.
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді