«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қағаз қалдығын кәдеге жаратқан

Қағаз қалдығын кәдеге жаратқан
ашық дереккөз
Қағаз қалдығын кәдеге жаратқан
Жамбылдық кәсіпкер Дәулет Әсілтаев облыста алғашқылардың бірі болып қағаз қалдығын кәдеге жаратып отыр. Оның қайта өңдеу цехында қоқысқа тасталған қағаздар жаңаша кейіпке еніп, өндіріске қайта оралуда. Қытай мемлекетінде білім алған ол сондағы қайта өңдеу технологиясының қыр-сырын барынша меңгеріп, елге оралған соң өз кәсібін ашқан. Бүгінгі таңда «Упакжұм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған Дәулет Үсенұлы «Аса-Тараз» бағытындағы жол бойында жұмыс істеуде. Осы бағытта шағын цех салып, оның құрылыс жұмысына шамамен 80 миллион теңге жұмсаған. Серіктестіктің жауапты өкілі Мейірбек Құрманбектің айтуынша, мұндағы технологиялар мен құрал-жабдықтар қолдан құрастырылыпты. – Қытай мен Таиланд мемлекеттерінде қайта өңдеу технологиясы жақсы дамыған. Шетелдердегі тиімді тәсілді өзімізде жүзеге асырып, ауыл маңынан қайта өңдеу цехын ашып, сегіз адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Цехтың жұмысы туралы айтар болсам, кез келген қоқыс қағаздары, картон бұйымдарын арнайы сүзгіден өткіземіз. Ол арнайы бассейндерде жұмсартылады. Ол жерден тазаланып, көбік күйге дейін әзірленеді. Мұнан соң арнайы құрылғылар арқылы қалыпқа түсіріліп, одан жұмыртқа салатын лотоктар әзірленеді. Ұзындығы 80 метрге жететін рельстік технологиямен 200 градустағы пеш арқылы лотоктар кептіріледі. Дайын өнім қоймадағы екі жұмысшының қолына тиген соң әр бумаға 100 лоток қапталады. Жұмыс тәулік бойы жалғасады, – дейді ол. Ондағы алып пештің іске қосылғанына бірнеше ай болған. Күніне Тараз қаласынан қағаз қалдығы цехқа жеткізіліп отырады. Қағаздың әр килограмын кәсіпкер 70 теңгеден қабылдауда. Мұнда тәулігіне үш тонна қағаз қалдығы өңделіп, одан 40 мың жұмыртқа салатын лоток дайындалады. «Цехта дайындалған өнімге тапсырыс Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Петропавл қалаларынан түскендіктен сол қалаларға жіберіп отырамыз. Әр өнімнің бағасы 17 теңгеден өткеріледі. Жұмысшылар күндігіне 7-10 мың теңге аралығында табыс табады. Алда цехтың жұмысын кеңейту, құрал-жабдықтарды арттыру жоспарымызда бар», дейді Мейірбек Әсілтайұлы. Кәсіпкердің цехында болған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы да оның жұмысына сәттілік тілеп, кәсіпкер жұмысына жоғары баға берген еді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар