«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құрылыс қарқыны қуантарлық

Құрылыс қарқыны қуантарлық
ашық дереккөз
Құрылыс қарқыны қуантарлық
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты осы және алдыңғы Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елді мекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту жайы назардан тыс қалдырмаған еді. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Соңғы жылдары ауданда елді мекендерді таза ауыз сумен, табиғи отынмен және жайлы автомобиль жолымен қамту бағытында жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бүгінгі таңда таза ауыз сумен қамтылған елді мекендердің үлесі – 63, көгілдір отынмен – 85, қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамту 68,6 пайызға жетіп отыр. Биыл ауыз су және табиғи газ жүйесі құрылысы мен автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін 28 жоба жоспарланып, оған 3,3 миллиард теңгеге қаралған. Оның 494 882 мың теңгесі 2023 жылға өтпелі. Автомобиль жолдары бойынша айтатын болсақ, биыл ауданда 18 жобаны іске асыру көзделген. Осы жобалар аясында 45,987 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілуде. Оның ішінде аудандық мәндегі 26,49 километрді құрайтын үш жол бар. Атап айтсақ, біріншісі, Шыңбұлақ ауылына кіреберістегі 7,6 километр автомобиль жолы. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Екіншісі, «Күйік-Теріс Ащыбұлақ» арасындағы 10,63 километр жол, үшіншісі, «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автожолы. Оның ұзындығы – 8,26 километр. Осы қос жолда орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрамақ. Ауыл ішілік жолдар бойынша 15 жоба жоспарланып, 19,3 шақырым автомобиль жолдарына, (22көше) орта жөндеу жүргізу жоспарланып, жұмыстар атқарылуда. Аталған жобалардан 13-і жергілікті бюджеттен, екеуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жыл қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрамақ. Халықтың тұрмысын жақсарту, елді мекендерді таза ауыз сумен қамту біздің жоспардың бір бағыты. Яғни Президенттің Жолдауда айтқан «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазір таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны арта түскен. Бүгінгі таңда ауданда орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекен саны – 31, ол 63 пайызды құрайды, яғни, аудан халқының 85 пайызы таза ауыз су тұтынуда. Таза ауыз сумен қамтылмаған 18 елді мекен бойынша айтатын болсақ, биыл жеті елді мекенде жоспарлы жұмыстар атқарылу үстінде. Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарында таза ауыз су құбыры тартылуда, оның жалпы ұзындығы 55 километрді құрайды. Оның ішінде Тасбастау-Кәріқорған, Бәйтерек ауылдарының жұмыстары алдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ Ақтасты ауылындағы ауыз су жүйесіне «Жуалы Су» мекемесі тарапынан ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыз су кіргізілуде. Ағымдағы жылдың қорытындысымен таза ауыз сумен қамтылған елді мекендер 35-ке жетпек. Ақтасты ауылындағы құрылыс жұмыстары аяқталса ол 36-ға жетіп, аудандағы елді мекендердің таза ауыз сумен қамтылуы 73,4 пайызды құрамақ. Бұдан бөлек, үш елді мекенге таза ауыз су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Тағы бір ескеретін жайт, ауданда бұдан бөлек, халық және аула саны аз 7 елді мекен бар. Аталған елді мекендерге суды тазартудың кешенді блок модульдерін орнату жоспарланған болатын. Ол елді мекендер санатына Көктас, Қарасу, Күркіреусу, Қаратас, Амансай, Қазбастау, Әбдіқадыр ауылдары кіреді. Бүгінгі таңда халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Биыл 5 елді мекенге табиғи газ кіргізу жоспарланса, бүгінгі таңда 4 елді мекенде, атап айтсақ, Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған, Ақтасты ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталып аудандық газ мекемесі теңгеріміне өткізу жұмыстары басталып кетті. Ал Қошқарата ауылындағы құрылыс жұмыстары өтпелі болғандықтан ол келесі жылы пайдалануға берілмек. Осы нысандар пайдалануға берілген тұста аудандағы елді мекендерді табиғи газбен қамту үлесі 45 ауылға жетіп, ол 91,8 пайыз құрамақ. Яғни, 9697 аула көгілдір отынға қосылып, пайыздық үлесі 96,8-ге жетіп, 51563 тұрғын, яғни аудан халқының 97,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көреді. Сонымен қатар қалған Билікөл аймағындағы Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қарауынан шығарылды, аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Уақыт талабына сай көшелерді, жаяу жүргінші жолдары мен саябақтарды жарықпен қамту бағытында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы алты көшеге жаңадан жарық жүйесін орнату көзделген. Жыл соңына дейін 272 ауылішілік көшенің 192-і, яғни 70 пайызы жарықтандырылады. Құрылыс саласына тоқталатын болсақ, бұл бағытта да атқарылып жатқан жобалар баршылық. Биыл бұл сала бойынша 28 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 26 жоба бойынша жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін 23 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Қалған бес нысан алдағы жылға өтпелі. Білім саласында алты білім ошағын қайта салу, жеті мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында «2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салу жөніндегі» жол картасына аудан бойынша аталған 6 білім ошағы енгізілді. Биыл Диқан ауылында 180, ал Алатауда 100 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Ал 2022-2025 жылдар аралығында 4 мектепке жаңа құрылыс, 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ойда бар. Бұдан бөлек, үш мектепте, атап айтсақ, Мыңбұлақ пен Көктөбе орта мектептерінде және Т.Тастандиев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Спорт және мәдениет салаларында бір амбулатория мен мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жалғасуда. Тұрғын үй мәселесі де билік назарында. Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде – 710, тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегінде 3 354 адам тұр. Кезектілік мәселесін шешу мақсатында өткен жылы Б.Момышұлы ауылында 18 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, биыл аяқталды. Ендігі жерде оның инженерлік инфрақұрылымын тарту жұмыстары қалып отыр. Ол үшін қосымша қаражат қарастырылуда. Бұл көпқабатты тұрғын үйді биыл пайдалануға беру жоспарымызда бар. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 36 жас маманды, «Асар» жобасымен 14 отбасын тұрғын үймен қамту көзделген. Биыл Б.Момышұлы ауылында 60 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйдің және 18 пәтерлі 3 қабатты бір үйдің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді. Қаражат бөлінген жағдайда, 2025 жылға дейін кезекте тұрған 636 адам пәтермен қамтылатын болады. Ал жер телімі кезегінде тұрғандарды жер телімдерімен қамтамасыз ету үшін жұмыстар басталып кетті. Атап айтсақ, өткен жылы Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе тұрғын алқабынан 170 жер телімі кезектегі азаматтарға үлестірілді. Биыл үш тұрғын алқапта, атап айтсақ, Теріс, Нұрлыкент пен Қосбөлтек елді мекендерінің әрқайсысынан 63-тен жер телімі беріледі. Ол тұрғын алқаптар электр желісімен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда ауыз су мен газ желілері тартылуда. Ауданда халыққа 47 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Б.Момышұлы ауылында орталық ауруханаға жаңа ғимарат қажет. Сонымен бірге бірнеше елді мекенде дәрігерлік амбулатория, ФАП пен МП салу жоспарланған. Мәдениет саласында да дәл осындай жағдай. Бірнеше елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Алдағы үш жылда Көлбастау, Кәріқорған ауылында 149 орындық мәдениет үйлерін салу, Шақпақ пен Күреңбел ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Спорт саласында биыл 2, алдағы жылы 4, одан кейінгі жылдары 8 нысан салу жоспарда бар. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауында тапсырылған бағыттар мен бағдарды басшылыққа ала отырып, жұмыс жалғасын таба беретін болады. Мемлекеттік жобалардың тиянақты, әрі сапалы орындалуына күш салатын боламыз.  

Асхат ЖАБАҒЫ,

аудан әкімінің орынбасары.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар