Азаматтық қоғамның айшығы

Азаматтық қоғамның айшығы
ашық дереккөз
Азаматтық қоғамның айшығы
Ауданда қазіргі таңда 26 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 20-сы қоғамдық бірлестік, 2-еуі қоғамдық бірлестіктің филиалы, 4-еуі қоғамдық қор. Бұлардың бүгінде 13-і белсенді жұмыс істеп жатса, 8-і қызметін уақытша тоқтатқан, ал қалған 5-еуі белсенділік танытпай отыр. Биыл ауданда үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Чернобыль атом электр стансасындағы апатқа – 36 жыл, Семей полигонының жабылғанына – 31 жыл, Ауған соғысының аяқталғанына 33 жыл толуына орай оларға қатысқан ардагерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Олардың қажырлы еңбектері жайлы айтылып, арнайы сый-сияпаттар табысталды. Жалпы қоғамдық бірлестік мүшелерінің қатысуымен 47 іс-шара өткізілді. Бірлестіктің белсенді мүшелері ауданда құрылған көптеген жұмысшы тобының құрамына кеңінен тартылды. Мәселен, 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қоғамдық бірлестік жетекшілері мен мүшелері, барлығы 50 адам ауданда орналасқан 25 сайлау учаскесінде тәуелсіз байқаушы болып, сайлаудың әділ өтуіне өз үлестерін қосатын болады. Ауданда үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, яғни қаржыландыру жұмыстары 2013 жылдан бастау алған. Өткен жылы олардың жұмысын (7 жоба) қаржыландыруға 8968,0 миллион теңге қарастырылған болса, биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемі (9 жоба) 2384,7 миллион теңгеге ұлғайтылды. Осыған орай биыл әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мынадай жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған әртүрлі іс-шаралар кешені», «Тұрғындар арасында діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық, профилактикалық, танымдық жұмыстар жүргізу», «Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіруге бағытталған іс-шаралар кешені» және «Отбасы институты мен гендерлік саясатты нығайтуға бағытталған іс-шаралар кешені». Бұл шаралардың барлығын «Жаңа-Ру» жастар коалициясының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырып, өткізіп келеді. «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі болса «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру» жобасы аясында түрлі іс-шаралар өткізіп, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі халықтың әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарына арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынумен айналысуда. «Шапағат» корпоративтік қоры әлеуметтік тапсырыспен Инватакси қызметін ұйымдастыруды қолға алған. Жалпы биыл мемлекеттік тапсырыс аясында қолға алынған 7 жоба бойынша қоғамдық ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстар 30 қарашада толықтай аяқталады. Жыл басынан бері атқарылған бірқатар шараларға кеңінен тоқталсақ, «Тұрғындар арасында діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық, профилактикалық, танымдық жұмыстар жүргізу» жобасы аясында аудан мешіттері имамдарына арналған оқыту курсы ұйымдастырылып, республикаға танымал теолог- дінтанушы Ризабек Батталұлының қатысуымен «Дін және қоғам» атты кездесу өтті. Жаңатас қаласы, Саудакент, Өндіріс, Маятас, Қызылдихан, Жайылма, Ұйым, Ә.Бүркітбаев, Тоғызкент, Жаңаарық, Досбол, Жайлаукөл ауылдарында «Тұрақты қоғам» атты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ деструктивті діни ағым идеясына ерушілермен кешенді және нүктелі оңалту жұмыстары ұйымдастырылып, мешіттердегі жергілікті жамағат арасында ағарту жұмыстары жүргізілді. Мәселен, деструктивті ағымдардан сақтану бойынша үш бейнеролик әзірленді. «Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіруге бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы бойынша да жұмыстар атқарылуда. Бұлардың жұмысын үйлестіруге байланысты аудандағы ҮЕҰ-ның басын қоса отырып, облыстық, республикалық деңгейдегі мемлекеттік гранттарға кеңес беру-кеңес алу семинарлары ұйымдастырылды, үкіметтік емес ұйымдар ақпараттық-консультациялық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған әртүрлі кешенді іс- шаралар атқарылуда. Жоба аясында тамыз айының алғашқы онкүндігінде «Шынықсаң – шымыр боласың!» деген ұранмен өткен 10 күндік таңғы жаттығуға қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды. 27 тамызда дойбы, дартс, қол күрестен спорттық мотивациялық іс-шаралар өтті. Ал осы айдың екінші онкүндігінде «Қамқорлық», «Мейірімді жүрек», «Бәріміз біргеміз!» акциялары қолға алынды. Акцияға 25-30 шақты мүмкіндігі шектеулі бала қамтылып, қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды. 5-15 қыркүйек аралығында емдік иппотерапия іс-шарасы өткізіліп, оған 40 мүмкіндігі шектеулі бала жұмылдырылды. Осы айдың екінші онкүндігінде «Ізгі ниетпен», «Білім арзан, білу қымбат» тақырыптарында 25-30 мүмкіндігі шектеулі баланың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді, кездесу соңында олар естеліктерге ие болды. Айдың үшінші онкүндігінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кәсіптік оқыту семинарлары өтті. Қазан айында аталып өтетін мүмкіндігі шектеулі жандардың атаулы күніне орай «Жібек жолы» мейрамханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, дастарқан жайылды. Олар дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігі ауданмен жасалған шарт негізінде «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Жастардың мемлекеттік құрылымдар қызметіне сенімін арттыру, сондай- ақ олардың азаматтық қоғам институттарымен сындарлы өзара іс-қимылын қамтамасыз ету» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша бірқатар шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Олар «Адал көмек» жобасы аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдерімен, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдерімен онлайн консультациялар ұйымдастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 2 бейнеролик әзірледі. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған халықтың барлық мақсатты топтарымен іс-шаралар кешенін жүргізіп, 20 кездесу ұйымдастырды. Сауалнама жүргізді, «Адалдық елшісі» еріктілер қозғалысын құрып, оның жұмысын үйлестірді. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері «Сарысу – адалдық алаңы» жобасы аясында студенттер арасында «Бірінші бол!» акциясын, бастауыш сынып оқушыларымен «Адал еңбек көрінісі» атты іс-шара өткізіп, тұрғындар арасында «Пара алма!» челленджін бастады. Аталған жоба аясында мектеп оқушылары арасында «Үздік сынып», студенттер арасында «Үздік сценарий», мектеп директорлары арасында «Парасатты басшы» акцияларын ұйымдастырып, студенттер дебатын және «Парасатты отбасы» байқауын өткізуге мұрындық болды. Қазіргі таңда азаматтық қоғам институттары тәуелсіз еліміздің әр саласының айнымас бөлшегіне айналды. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени және тағы басқа салалардың қарқынды дамуына өз үлестерін қосуда. Сол арқылы мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі деген ойдамыз. Бүгінге дейін біз бұл бағытта мол тәжірибе жинақтай алдық. Алдағы уақытта да үкіметтік емес ұйымдармен өзара жұмыс үнемі бақылауда бола бермек.  

 Еркебұлан ЕСМАХАНОВ,

аудан әкімінің орынбасары.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар