«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз – қауіпсіз қала

Тараз – қауіпсіз қала
ашық дереккөз
Тараз – қауіпсіз қала
2020-2022 жылдар аралығында құқықбұзушылық профилактикасы және әлеуметтік-экономикалық саласындағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында «Тараз – Қауіпсіз қала» жобасы мақұлданған болатын. Осыған орай облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Удергенов қатысты. Аталған жоба қоғамдық орындардағы, отбасылық-тұрмыстық саладағы, есепте тұрған тұлғалармен, жастар және кәмелетке толмағандармен құқықбұзушылықтардың алдын алуға және күшейтуге бағытталған. Мемлекет басшысы жариялаған «Балалар жылы» шеңберінде жастардың құқықтық мәдениетін, жайсыз отбасылармен жұмыс тиімділігін көтеруге, оқу орындарында психологиялық қызметтің кәсібилігін арттыруға бағытталған бағдарламалар іске асырылуда. Сонымен қатар жоба шеңберінде қалалық құқыққорғау және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қала аумағында құқықбұзушылықты болдырмау мен қылмыстың алдын алуға бағытталған 32 жедел-профилактикалық іс-шара, кездесулер, түнгі рейдтік жұмыстар, кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, оған 2000-ға жуық жас қамтылған. – «Жұртқа жақын полиция қағидаты» бойынша қала аумағында 3 стационарлық полиция бекеттері, тыйым салынған заңсыздықтарды тоқтату және болдырмау мақсатында облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментке қарасты ЖД-158/2 және 158/4 түзету мекемелерінің іргелес аумағына 6 модульдік полиция пункттері орнатылған. Сонымен қатар бұрын сотталған адамдарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, жол-көлік оқиғалары көп тіркелген жолдар анықталып, аса қауіпті учаскелерінің картасы әзірленген. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында 357 жол белгісі, 572 метр жасанды кедергілер, 69 «Балалар» панносы орнатылып, 57 303 шаршыметрде жол таңбалау жұмыстары жүргізілген. Қала көшелерінің қабырғаларындағы есірткі заттарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелері орналасқан жерлері анықталып, жергілікті полиция қызметі және «Жасыл ел-Тараз», «Тараз жастары» бірлестігінің қатысуымен 305-тен астам граффити жазулары жойылған. Сонымен қатар қала халқын жұмыспен қамту бағытына сай, 10 709 адамның 13 725-і жұмыспен қамтылып, жоспар 128,2 пайызға орындалып отыр. Жоба барысында атқарылған жұмыстардың оң нәтижесі байқалады. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 11,8 пайызға төмендеген, – деді шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков жиын барысында. Алайда кемшіліктер де бар. Осыған орай жиында аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру мақсатындағы жұмыстарды күшейту жайы сөз болды. Алдағы уақытта қаңғыбас иттерді болдырмау, саябақтардағы аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдердің жаппай электронды темекіні қолдануының алдын алу, қала аумағында тротуарлардың болуын және олардың жарықтандырылуын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қолға алынбақ. Жиналыс қорытындысы бойынша 2023-2024 жылдарға «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын жаңадан қабылдау туралы шешім қабылданды.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

Ұқсас жаңалықтар