
Жас ғалымдарға –100 миллион теңге
Еліміздің ғылым және білім министрлігінің қолдауымен 2022-2024 жылдарға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалым-постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыру конкурсында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бес бірдей жас ғалымы жеңіске жетті. Жас зерттеушілерге ғылыми-зерттеулер жүргізіп, экономиканың әр саласын дамытуға септігі тиетін тың жобаларын қолданысқа енгізуге мүмкіндік беретін конкурста М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары әрқайсысы 19 миллион теңгеден грант ұтып алды.
Соның бірі – «Ә.С.Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» ғылыми зертханасының қызметкері, магистр Ерлан Атенов. Конкурста жас ғалымның «Топырақ және құрылыс материалдарын қосу арқылы діңгегі кеңейтілген қадаларды орнатудың тиімді технологиясын әзірлеу» жобасы үздік деп танылды.
Сондай-ақ «Техникалық физика» кафедрасының аға оқытушысы Толқын Қасенова да қаржыландыру сомасы 19 миллион теңгені құрайтын жобаның жеңімпазы атанғанын айта кету керек. Жамбылдық жас ғалымның ұсынған жобасын шетелдік сарапшылар жоғары бағалаған.
Ал «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының «Механика және машина жасау» кафедрасының аға оқытушысы Роллан Нүсіпәлидің жетістікке жеткізген жобасы «Желдің бағыты тұрақты аймақтарға арналған жел энергетикалық қондырғысының жетілдірілген конструкциясын әзірлеуге» бағытталған.
Жас ғалым Нұржан Шаншабаев құрылыстағы қадалы іргетастың тиімді формасын ойлап тауып, үш жыл бойы осы жобаны егжей-тегжейлі зерттеген. Үнемі ізденісте жүретін оның конкурсқа ұсынған жобасы да үздік деп танылып отыр.
«Химия және химиялық технология» факультетінің аға оқытушысы, химия магистрі Рабиға Құдайбергенованың да ұсынған жобасы гранттық қаржыландыру конкурсында ғалымдардың қызығушылығын туғызғанын айта кеткен жөн. Сарапшылар тарапынан жоғары бағаланған еңбек 19 миллион теңгеге қаржыландырылып отыр.
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
медиа-қызметі.
Ұқсас жаңалықтар
Жағдайың қалай, Ұлттық Су университеті?
- 17 сәуір, 2025
Ағаштарды «ауруынан» жазған жас ғалым
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді