Құрылыс жұмыстарын ширату – басты талап
Бүгінде Сарысу ауданы индустриалды-инновациялық аймаққа айналып келеді. Соңғы жылдары қолға алынған жобалар өңірге соны серпін бергені анық. Сонымен бірге салынып жатқан зауыттар да, табиғат көздерінен электр энергиясын алу да ауданда дұрыс жолға қойылған. Оған өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың сапары барысында көзіміз тағы жете түсті. Министр алдымен Сарысу ауданындағы «Еврохим» минералды тыңайтқыштар зауытының жұмысымен танысты. «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бас директоры Игорь Грузияди мен «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС бас директоры Болат Каримов зауыттың өндірістік бөлімінің жұмыс барысы туралы баяндап берді. Бұдан кейін министрге зауыт алаңында қойылған стендтермен және химиялық зауыттың макетін «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС химиялық зауытының құрылысы бойынша жоба жетекшісі Дмитрий Баранов құрылыс алаңын көрсетіп, жұмыс барысы туралы есеп берді. Құрылысы және Химиялық кешен құрылысының инвестициялық жобасының II кезеңін іске асырудың барысымен және басқа да жоспарларымен бөлісті.
Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 660 мың тонна фосфор кенін құрайды. Өндірілетін фосфор ұны 640 мың тонна. Минералды тыңайтқыштар өндірісі жылына бір миллион тоннаны құрап, өндірілген өнім Ресейге өткерілмек. Мұнда жүзеге асырылатын тау-кен кешенінің жобалық құны 126 миллион АҚШ долларын, химиялық кешенінің жобалық құны 900 миллион АҚШ доллары (3 кезеңде) құрайды. Қос серіктестікте 500 адам жұмыс істейді.
Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңі аяқталып, фосфорит кендерін өндіру және бастапқы өңдеу бойынша жобалық қуаттылыққа қол жеткізілген. Екінші кезең бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Нөлдік жер жұмыстары аяқталған. Негізгі капиталға 5,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өндірілген өнім, ұсақталған фосфат шикізаты – 416 мың тоннаны құрады. Қайырбек Өскенбаев зауыттың қолға алынуы тиіс жобаларын тезірек бастауды тапсырды.
Бұдан кейін министр 100 мегаваттық «Жаңатас» жел электр стансасының жұмысымен танысты. Сарысу ауданында төрт жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар оны басқарумен айналысып келеді. Олардың ауданда салған 100 мегаватты «Жаңатас» жел электр стансасы бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр.
«Жаңатас» жел электр стансасы» ЖШС бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, Сарысу ауданында жүзеге асырылған жел электр стансасында жылына 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары Қытай Халық Республикасынан әкелініп орнатылған.
Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ, бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған.
Сөз барысында серіктестік директоры Гуо Ким енді осында 400 мегаватты жел электр стансасын салып, оның көлемін 500 мегаватқа жеткізгісі келетінін айтты.
Мұндағы маман дайындау барысында қолға алынған жұмыстар министрдің көңілінен шықты. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тарту керектігін айтты. Мұнда қазіргі таңда 31 адам жұмыс істесе, оның 21-і жергілікті тұрғындар.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те өндіріс орындары мен жел, күн электр стансаларына қажетті мамандарды облыстың колледждерінде дайындау қолға алынып жатқанын айтты.
Бұдан кейін министр «Qazaq Soda» ЖШС зауытының құрылыс жұмысымен танысты. «Qazaq Soda» ЖШС бас директоры Рамазан Ибраимов құрылыс жұмыстары барысын баян етті. Кальцийленген сода өндіретін зауыт құрылысының инвесторы түріктің «Yildirim Holding» компаниясы. Жобаның құны 123,5 миллиард теңгені құрайды. Жобаның қуаттылығы жылына 500 мың тонна, оны кезең-кезеңімен жылына 1,2 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жоба толық қуатына көшкенде жұмысшы саны 1500 адамға жетпек. Пайдалануға беру мерзімі 2024 жылға жоспарланған.
Министр Қайырбек Өскенбаев шетелдік компания өкілдерімен сөйлесіп, осындай жобаларды бастауға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты. Олар да өз кезегінде Қазақстан Республикасы тарапынан артылған сенім мен қолдаудың арқасында жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді.
«Қазір елімізде көп жобалар шетелдік инвесторлардың күшімен жүзеге асырылуда. Жаңатастағы «ЕвроХим-Қаратау» мен «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС зауыттарына да инвесторлар өз қаржысын құюда. Ол жобаларды серіктестіктер 2026 жылға аяқтауды межелеп отыр. Біз оларға құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырдық. Алдағы жылдың шілде айында тағы келемін. Сол кезде осы құрылыс нысандарын қайта аралап, оның белгіленген мерзімде қалай атқарылғанын тағы зерделейтін боламыз», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Шаһардың айналасы индустриалдық аймаққа айналады
- 29 қазан, 2024
Тараздықтар Республика күнін атап өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді