Міндеттер ауқымы кең, біз оларды іске асыруымыз керек

Міндеттер ауқымы кең,  біз оларды іске асыруымыз керек
ашық дереккөз
Міндеттер ауқымы кең, біз оларды іске асыруымыз керек

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша кешенді жоспар ҚР Үкіметінің жедел отырысында қаралды. «Біздің міндетіміз – ел Президенті берген тапсырмаларды қысқа мерзімде әрі сапалы орындау», – деді Кәрім Мәсімов Үкімет мүшелеріне қарата айтылған сөзінде. Премьер-Министр тапсырмалардың ауқымды екенін және оларды іске асыру мерзімдері де нақты көрсетілгенін, сондықтан «арқаны кеңге салуға уақыттың жоқ» екенін атап көрсетті. Осыған байланысты Премьер-Министр тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар шұғыл тапсырмалар берді. «Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 2015-2017 жылдары әр жыл сайын 3 миллиард АҚШ долларына дейін қосымша қаражат бөлу керектігін жариялады. Ұлттық экономика, Қаржы және Әділет министрліктері өзге де мүдделі органдармен бірлесе отырып, тиісті нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын дайындасын және олар ағымдағы жылғы 14 қарашада Үкімет отырысында қаралсын», - деді К.Мәсімов. Сондай-ақ, Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне ағымдағы жылғы 10 желтоқсанға дейін 5 жылға арналған инфрақұрылымдық даму жоспарының жобасын Үкімет қарауына енгізуді тапсырды. Аталған жоспардың нақты бағыттарына жауап беретін мүдделі министрліктерге 20 қарашаға дейін тақырыптық бөлімдердің жобаларын ұсыну жүктелді. Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне үстіміздегі жылғы 1 желтоқсанға дейін кәсіпкерлік субъектілерді қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы қаулы жобасын дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов Ұлттық экономика министрлігіне Президент Әкімшілігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеп, оны Үкіметтің келесі отырысында қарау туралы тапсырма берді. «Президенттің Жолдауда берілген әрбір тапсырмасы – бұл әрбір басшының жеке жауапкершілігі. Оның сапалы әрі мерзімінде орындалуына, Мемлекет басшысы айтқандай, талап өте қатаң болатынын» Премьер-Министр ерекше атап көрсетті. «Біз жұмыстың үйлесімділігі мен Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың тиімді әрі ұтымды игерілуін қамтамасыз етуіміз қажет. Міндеттер ауқымы кең, біз оларды іске асыруымыз керек», - деді К.Мәсімов.

Ұқсас жаңалықтар