«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол
ашық дереккөз
Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Мемлекет басшысының Қазақстан  халқына Жолдауы

Құрметті қазақстандықтар!

23 24 25 18Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда. Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақ­стан, әлемдік экономиканың бір бөл­шегі және геосаяси қысым­­ның эпи­центріне тікелей жақын орна­лас­қан ел ретінде, барлық осы үдеріс­тер­дің теріс ықпалына тап ке­леді. Нәти­жесінде не болып жатқа­нын біз көріп отырмыз: әлемдік нарық­тарда баға құлдырауда және тұтас­тай алғанда, экономикалық өсім баяу­лауда. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз. Бүгін менің тапсырмам бойын­ша Үкімет белсенді жұмыс­қа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған рес­публикалық бюд­жет­тің пара­­метрлерін қайта қара­дық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экс­порттық шикізат ресурс­та­рына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет – барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Дағдарыс жағдайларында, әлем­­дік тәжірибе көрсетіп отырғанын­­­­­дай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қол­­­­­да­у­ды экономикалық өсім мен жұмыс­­­пен қамтуда аса үлкен мульти­­пли­ка­тивті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жыл­дардағы дағдарысқа қар­сы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырған­­­дарыңыздай, өмір біздің жоспар­лары­мызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрцикл­ды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құры­­лымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді? Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнім­дерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлт­­­­­тық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы ор­нық­­­­­­тылығын, оның ішінде, табиғи ­рес­­урс­­­тарға баға төмендеген жағ­­­­­дай­­­да да, жоғарылату болып табылады. Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсе­­­ріп, экономикамыздың өсімін ынта­­­­ландыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шаралар­ға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айт­қанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын. Бірінші. Шағын және орта биз­несті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы не­­­сиелер қорын қосымша 250 мил­­­­ли­­­ард теңге көлемінде капитал­дан­­­­­­дыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» ар­найы экономикалық аймақтары инфра­құрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңын­да бізге Астананың көліктік инфра­құрылымын дамыту туралы ойлас­тыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максимал­ды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрметті қазақстандықтар! Экономиканы дамытуда жаңа сырт­қы тәуекелдерді есепке ала оты­­­рып,­­­ бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Эко­­­номикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жарияланғалы отырған Ин­­­­фра­­­­­­құрылымдық дамудың жос­­­пары бо­лады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік ком­па­­ниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бес­­­­жылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвес­­­­тициялық портфель 6 триллион тең­гені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз. * * * Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық ай­мақ­тар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға ай­налуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, эко­но­микалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ. * * * Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральды автомобиль, темір­жол және әуе жолдарымен шұ­ғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань. Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын. Екінші. Индустриялық инфра­құ­рылымдарды дамыту. Инфра­құ­ры­лымдық жобаларды жүзеге асы­ру құрылыс материалдарына, көлік­тік-коммуникация­лық, энер­гетика­лық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады. Осыған байланысты, бірін­шіден, жұмыс істеп тұрған арна­йы экономикалық аймақтарда инфра­құрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі. Үшінші. Энергетикалық инфра­құрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрия­ландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистральдық желі­лердің шектеулілігі елдің оңтүс­тік өңірлерінде электр энер­гия­сының, орталық және шығыс облыс­тарында табиғи газдың тапшы­лығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желі­лер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Төртінші. Тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажет­тілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды. Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу- және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ. Бесінші. Тұрғын үй инфрақұ­рылымдарын нығайту. Агло­мера­циялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жар­наның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз. Алтыншы. Әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі инди­каторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс. Индустрияландыру бағдар­ла­малары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын. Жетінші. Шағын және орта биз­нес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет. Құрметті қазақстандықтар! Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі. Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге сал­ғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс. Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек. Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс. Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада эко­номиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі. Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз. Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет. «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­ми­калық Саясаты біздің эконо­ми­камыздың таяу жылдардағы өсімі­нің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын арте­риялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты. Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түк­пірлерін орталықпен берік байла­ныстырады. Жүк тасымалы жедел­дейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің аза­маттарымыз заманауи және са­палы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауру­ханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады. Құрметті қазақстандықтар! Алда үлкен де жауапты жұ­мыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жас­тарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды. Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы! Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. «Қазақстан, тек алға!» атты біздің басты қағидатымыз та­рих­тың жаңа жауапкершілікті ора­­мында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін! Қадірлі халқым! Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм деге­німіздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы! Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жал­пыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз. 2015 жыл – ұлттық тарихы­мызды ұлықтау және бүгінгі биік­терімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Ел бірлігі – біздің барша табыс­тарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халық­аралық ЭКСПO-2017 көрмесін табыс­ты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

Астана, 11 қараша 2014 жыл.

Ұқсас жаңалықтар