Қазақстанда жасалған
«Made in Kazakhstan» деген белгімен Таразда тағы бір отандық өнім тұтынушыларына жол тартуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында хабардар болдық. Былтырдан бастап өз жұмысын бастаған «JS brand fabric» бүгінде 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. – Қазір ел арасында «Бизнес бастау» жобасы арқылы берілетін қайтарымсыз грант жайлы түрлі қауесеттер тараған. «Қаржы мақсатсыз жұмсалуда», « Ол ақша кәсіп ашуға жетпейді» деген сыңайдағы пікірлерді естиміз. Бірақ біздің кәсіп ашуымызға сеп болған – қайтарымсыз грант. Бұл негізі үлкен мүмкіндік деп есептеймін. Көзін тапса бәрін де жеткізуге, орайын табуға болады. Ұлым Нұрсұлтан 2 миллион теңге көлемінде грантты ұтып алып, ол қаржыға Қырғыз елінен 30 тігін машинасын сатып алдық. Матаны, өзге де жұмысымызға қажетті тауарларды Бішкектен алдырып тұрамыз. Ең алғаш кәсіпті 5 адаммен бастадым. Қазіргі таңда 70 тігінші қалдықсыз технология бойынша жұмыс істеуде. Яғни, қалған матаның қиындыларынан сөмке, бір реттік тәпішкелер де тігуде.
Негізінен спорттық киімдерге бейімделгенбіз. Бір күнде 20 шақты киім тігеміз. Киім тігіп қана қоймай, қазір облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан жіберілген адамдарды да осы өнерге баулып, тігіншіліктің қыр-сырын үйретудеміз. Тіпті қолына ине ұстап көрмеген келіншектер қазір түрлі киім үлгілерін тігуді меңгерген, – дейді кәсіпкер Жанар Серікбай.
Сапасына қарай 4500-12000 теңге аралығындағы спорттық үлгідегі киімдер әзірге негізінен фабриканың өз дүкенінде сатылуда. Ал осы жерде тігіншілік өнерін меңгеріп жүргендер қатарында жасы да, жасамысы да бар. Мәселен, біз сөзге тартқан Елена Сүйімбаева – 57 жаста. Негізгі мамандығы – бухгалтер. «Менің ойымша, оқу оқып, ілім-білім игеруге адам әрдайым ұмтылуы керек. «Кеш қалдым» деп ойлаған адам қателеседі. Өзімнің үш дипломым бар. Бірақ тігіншілікке бұрыннан қызығушылығым болған соң, үйреніп алып, немерелеріме түрлі киім үлгілерін тігіп беріп, қуантқым келді. Мұнда бір ай теория оқып, қазір екі ай тәжірибе жүзінде үйреніп жүрміз. Әзірге жеткен жетістіктерім де жаман емес», дейді ол.
Біз бас сұққан келесі нысан – «Тараз халвасы» ЖШС шығаратын халва мен козинактың дәмін татпаған қазақстандық бүгінде кемде-кем. Осыдан 25 жыл бұрын ашылып, жылына 600 тоннаға дейін өнім өндіретін серіктестіктің тәттілерімен бұл күнде көршілес Ресей, Қырғыз елінің де азаматтары шай ішуде. Негізгі мамандығы инженер-құрылысшы болғанымен, кәсіпкерліктен нәсібін айырып жүрген Нұрлан Аханов бұл істі 1997 жылы қолға алыпты. Алдымен Алматыға барып, бұл істің қыр-сырын зауыттан арнайы үйреніп келген соң тараздықтарды тәттілерімен қуанта бастаған. Алғаш 6 адам болып бастаған серіктестікте қазір 60-қа тарта жұмысшы екі ауысымда еңбек етуде. Мұнда қазір халва мен козинактың 12 түрі, жылына жалпы алғанда 600 тоннадай өнім шығарылады.
– Бізде халваға қажетті шемішкеден бастап, барлық өнім – отандық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сай, сертификатымыз бар. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 120 мың теңге көлемінде. Алдағы уақытта кәсібімізді ұлғайтып, өнім түрін арттырсақ деген жоспарымыз бар. Ол үшін қосымша жер телімі қажет болып тұр, – дейді өндіріс бастығы Ерлан Аханов.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Жамбыл жерінде 26 медициналық нысан салынады
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді