Қордай аудандық мәдениет үйінде өткен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кезекті XIV есеп беру-сайлау конференциясында бірінші мәселе бойынша партия филиалы саяси кеңесінің 2012-2014 жылдар аралығында атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Бұл бойынша партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сырманов баяндама жасады.
– Қазақстандағы ең ірі саяси ұйым, көшбасшы партия – «Нұр Отанның» аудандық филиалы өз жұмысын Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың 2012 жылдың соңындағы және биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларынан бастау алып, партияның XV съезі шешімдерінен туындайтын тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыру бойынша жүргізіп келеді, – деді ол. – Елбасы Жолдауларын және партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» жаңа доктринасын қордайлықтар да қызу қолдап, аудандық партия филиалы саяси кеңесінде, барлық бастауыш ұйымдарында кеңінен талқыланды. Партияның ұйымдық құрылымын жетілдіру жұмыстары тұрақты жүргізілді. Аудандағы 4800 партия мүшесін біріктіретін 28 бастауыш ұйымдарда билік партиясының бағдарламалық мақсат-мүдделері мен партияның орталық, аймақтық және аумақтық органдарының шешімдерін халық арасында түсіндіру, оларды жүзеге асыруға тікелей атсалысу, партия қатарын нығайту жүктелген. Оның іске асырылу деңгейі бастауыш ұйымдарында өткен есеп беру-сайлау жиналыстары барысында айқындалды. Мәселен, Гвардейский, Сортөбе, Ақсу, Масаншы, Ауқатты, Орталық, Бастау, Қайнар, Өтеген, Жамбыл, Бетқайнар, Қарасай, Қаракемер, Қасық бастауыш партия ұйымдарында партия мүшелерінің саны артқаны, «нұротандықтардың» азаматтық белсенділігінің жоғарылағаны, партия бағдарламаларының мекемелерде тиісті арнасын табуына аталған бастауыш ұйымдардың ауқымды үлес қосып отырғаны байқалды. Ал Қарасу, Алға, Кенен, Балдәурен партия ұйымдарында ішкі партиялық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей, партия басшыларының беделі тиісті деңгейден көріне алмаған. Сондықтан, осындай сегіз бастауыш партия ұйымдарының басшылығына жігерлі, білікті азаматтар сайланды. Жалпы, есепті мерзімде партия құрамының санын емес, сапасын арттыру талабына сәйкес, партия жарғысын сақтамаған 956 адам партия қатарынан шығарылған. Олардан бөлек, өмірден өткені, басқа елге қоныс аударғанын есептегенде, партия құрамы есепті мерзімде 1027 адамға кеміді. Есесіне партия қатарына жаңадан 466 белсенді азамат қабылданды. Аудандық мәслихатта құрамына білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, шағын бизнес және жастар өкілдері енген 16 депутаттан тұратын партияның депутаттық фракциясы жұмыс істейді. Фракция арнайы белгіленген жоспарға сәйкес өзінің өткен отырыстарында аудан әкімдігі бөлімдері басшыларының және ауылдық округтер әкімдерінің есептерін тыңдап, аудандағы жүріп жатқан барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді назарда ұстап отырды. «Нұр Отан» партиясының 2008 жылы құрылған партиялық бақылау жүйесі бүгінде аумақтық партиялық бақылау комиссияларын қамтитын бірыңғай жүйеге айналған. Комиссия есепті мерзімде тоғыз рет отырыс өткізіп, оларда «Балапан», «Бизнестің жол картасы –2020», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» тәрізді мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын талқылады. Жаңадан сайланған мәслихат депутаттары есебінен құрамы 80 пайызға жаңаланған партия аудандық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес те қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзімсіздік ахуалын қалыптастыру бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Партияның қоғамдық қабылдау орындарының жұмысы арқылы тұрғындармен кері байланыс орнатудың сенімді желісі құрылып, азаматтардың өзекті мәселелеріне ден қойылып келеді. Сондай-ақ, 1300 партия мүшесінен тұратын «Жас Отан» жастар қанаты ауданда жастар саясатын іске асырудың белсенді буынына айналып отыр. Баяндама бойынша жарыссөзге аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі А. Шупта, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы директоры Р. Беделбаев, Масаншы ауылдық бастауыш партия ұйымының төрағасы М. Машанло шықты. Конференцияның жұмысына арнайы келіп қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Исақ партия имиджін көтеру, тұрғындардың патриоттық рухын жетілдірудегі партия мүшелерінің рөлі тұрғысында ойларымен бөлісті. Конференцияда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің жаңа құрамы және партия облыстық филиалының XIV есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді