«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Еңбек еткеннің еңсесі биік
ашық дереккөз
Еңбек еткеннің еңсесі биік
Құс шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлердің қатары соңғы жылдары артып келеді. Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Зару Қалмұрзаева да сондай жанның бірі. Бұл кәсіппен оның айналыса бастағанына он жылдан асыпты. «Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Бірақ тәуекелге бармай тағы болмайды. Біз жұбайым Данияр екеуміз 2012 жылы Алматы қаласынан ауылға қайта көшіп келген кезде осы қадамға барған едік. Бір жағы жаспыз, оның үстіне екеуміз де жұмыссызбыз. Жұбайым автокөлік жөндеп табыс табады. Тапқаны күнделікті тұрмысымыздағы қажеттілікке жұмсалып кетеді. Жұбайыма демеу болайын деп, жиған-тергенімізді түйіп, 90 қаздың балапанын алып, ісімді бастап едім», дейді Зару. Қаздан бөлек, түйетауық пен үйрек, тауық асырап, жұмыртқа бастырып, балапан шығарып, құс басын көбейтеді. Тауық жұмыртқасын дүкендерге 18 теңгеден өткізіп, табыс та табады. Алғашқы жинаған қомақты табыстарына жас отбасы балалары үшін сауын сиыр сатып алады. Осылайша жыл санап құс санын біртіндеп арттырып, негізгі күнкөріс түріне айналдырады. «Құстың басынан басқасының барлығы кәдеге жарайды. Еті, жұмыртқасы, қауырсыны, өкпе-бауыры, ішек құрылысына дейін өтіп кетеді. Сұраныс та жоғары», дейді Зару. Құс басын көбейту үшін кәсіпкер мемлекеттік жобаларға қатысып, өз бағын да сынап көреді. Атап айтсақ, 2018 жылы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген «Бастау Бизнес» жобасы аясында арнайы курстан өтіп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының сертификатына ие болады. Осыдан кейін «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантты ұтып алып, 100 бас қаз алып, оны көбейтеді. «Құс ұстау үшін қора-жай салып, еденіне жылу жүргізіп, бар бабын жасадық. Өйтпесең жұмыртқа баспайды. Қазбен қатар тауық, түйетауық, үйрек те асырадық. Әрқайсысының өз бабы бар, бабы келіспесе құс жұмыртқа бермейді. Кейбіреулердің ойынша, құс ертең ерте есігін ашып қоя беретін, кешке қамай салатын шаруа емес, қарамасаң жауы көп. Көкте – құс, жерде – ит іліп кетуі мүмкін. Сондықтан өзіміз шығарып, қой өргізгендей жайып келеміз. Қаз бағудың машақаты деген жетіп-артылады. Оған ең бастысы – су керек. Ауылдың айналасында өзен-көл, су тоғаны болмағандықтан арық жағалап, жол бойына шығарып жаюға тура келеді», дейді ол. Кәсіпкер құс шаруашылығын дамыту мақсатында ферма салу үшін әкімдіктен 2 гектар жер телімін сұрап жүр. Әзірге арманы жоба күйінде қалуда. Ал қаз басын бір кезде 600 басқа дейін жеткізіпті. Оны көбейтуге қазды өргізетін өрісі, су болмай қол байлаған. Зару Тараз қаласындағы жеке кәсіпкер Иван атты кісіге құс жұмыртқасын өткізіп, соның инкубаторынан балапан бастыруды қолға алған. Балапанын базарға шығарып өткеріп, одан қала берді өзінің тұрақты тапсырыс берушілеріне келісіммен үлестіріп, кәсібін кеңейткен. Биыл төрт мың тауық, екі мың қаз балапанын бастырып, саудаға шығарыпты. «Бұрын балапанның бір бөлігін табиғи жолмен бастырсам, бір бөлігін сатып алатынмын. Енді тараздық серіктесімнен алудамын. Бизнесімді үлкейту үшін ендігі жерде жер керек. Жер болса, қора-жайды өзім реттеп, бір құс фермасын салып, халықты жұмыспен қамту да ойымда жүр», – дейді. Зару қалайда қаз басын мыңға жеткізгісі келетінін айтты. Қазір қолында 500 басы бар. Бордақылап, етке өткізбек ниетте. Бұдан бөлек, ол осы кәсібінің арқасында аудандық орталық базардан үш сауда нүктесін ашып, жұмысын бастаған. Оның бірі – гүл, екіншісі – тұрмыстық химия заттары, үшіншісі киім дүкені. Қазір кәсіпкер екі көпбалалы ананы жұмыспен қамтып отыр. Бұл кәсіпті Зару құс шаруасымен бірге үйлестіріп қойған. Атап айтсақ, құс етін Зару өз көлігімен Алматы қаласына тасымалдайды. Қайтар жолда өзі ашқан дүкендеріне зат ала қайтады. «Мен ең алдымен Аллаға шексіз ризамын. Одан кейін менің қандай бастамам болса да бетімді қақпай, қажет кезінде қолдауын көрсеткен жұбайым Даниярға алғысым шексіз. Қандай істі бастасам да ақша үшін емес, өз ойымды жүзеге асыру үшін істеймін. Өз басым жұмыс жоқ, мен көпбалалы анамын деп мемлекеттен көмек сұрап отыратындарға айтарым, талпыну керек. Адам жақсы, жайлы өмірді қаласа, соған қарай ұмтылуы керек. Ұмтылған адам ғана мақсатына жетеді. Әрбір кәсіптің, әрбір істің қиындығы мен қызығы бар», – дейді Зару.  

 Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар