Жылыту маусымы жіті бақылауда

Жылыту маусымы жіті бақылауда
ашық дереккөз
Жылыту маусымы жіті бақылауда
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтың жылыту маусымына дайындық мәселесі пысықталды. Онда облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов аймақтың алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, аймақтағы жылу 9 жылу энергетика кәсіпорыны мен 565 автономды қазандық арқылы таратылады. Олар жылумен 1647 көпқабатты тұрғын үйді, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысанын қамтамасыз етуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәсіпорындар жылу беруге толық дайын. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 98 пайызды құрап отыр. Моноқалалардың ішінде Жаңатастағы дайындық 96 пайызға жеткен. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов баяндамашыдан «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде орналасқан «Көрме павильоны», «Өлкетану мұражайы», «Көркемдік-бейнелеу өнері галереясы», «Руханият орталығы», «Қолөнер және туризм орталығы» мекемелерін жылумен қамтамасыз ету барысын сұрады. Баяндамашының айтуынша, «КДСМ» ЖШС мамандары онда зерделеу жұмыстарын жүргізген. Күн сәулесінен қуат алатын панельдерді, вентиляциялық жылыту/салқындату жүйелері және ғимарат ішіндегі парокапельдік батареялардың диодтары ауыстырылып, қалпына келтірілген. Сонымен қатар «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған «Достық үйі» ғимаратының жылыту жүйесі де зерделенді. «Қазан айының ішінде демеушілер есебінен барлық бөлмелерге қосымша биметалл батареялары орнатылатын болады», деді баяндамашы. Аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы көмірмен қамтамасыз етілетін білім, денсаулық және мәдениет нысандары туралы да сұрады. Мәселен, білім нысандары – 55110, денсаулық сақтау мекемелері – 4932, мәдениет ғимараттары – 4289, спорт орталықтары – 954 тонна қатты отынмен қамтылуы тиіс болатын. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Ал білім нысандарына 22669 тонна көмір жеткізіліп, көрсеткіш небәрі 41 пайызға ғана орындалған. Соның ішінде Байзақ, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарындағы 48 білім нысаны көмірмен мүлдем қамтылмаған болып шықты. Бір атап өтерлігі, білім нысандарына жеткізілген көмірдің де сапасы сын көтермейді. Яғни, көмір сапасының төмендігі былай тұрсын, өздігінен тұтану жағдайлары да орын алған. Осыған байланысты облыс әкімі білім басқармасына көмірдің сапасына сараптама жүргізу бойынша тиісті тапсырма берді. Сонымен қатар қалған көмірді 10 қазанға дейін барлық білім мекемесіне жеткізуді тапсырды. Ал облыс тұрғындарының қатты отынды тұтыну көлемі 160,3 мың тонна деп жоспарланған. Халықты көмірмен қамтамасыз ету 2023 жылдың сәуір айына дейін жалғасын табады. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс тұрғындары 88,4 мың тонна көмірмен қамтылған. Облыста көмір сатумен 31 нарық субъектісі айналысуда. Олардың 25-і өңірлік операторлар, қазір олардың көмір қоймаларында 15,3 мың тонна көмір бар. Аймақ басшысы қыс айларында табиғи газды, жарықты үзіліссіз беруді, табиғаттың тосын жағдайларына дайын болуды, барлық қауіпсіздік шараларын күшейтуді тиісті басқарма мен департамент басшыларына тапсырды. Сонымен бірге облыс әкімі табиғи газ тартылған елді мекендегі мемлекеттік мекемелерді қатты отыннан көгілдір отынға ауыстыру жайын да сөз етіп, бұл жұмысты жеделдетуді міндеттеді. Тұрғындарды жылумен қамтуды жылу беру орталықтарына тапсырды. Олардың әрбірін орнынан тұрғызып, жылу қазандықтарының жұмысымен жіті танысқан облыс әкімі қала және аудан әкімдерін де тыңдады. Жиын соңында Нұржан Нұржігітов білім нысандары мен балабақшаларға жылуды 5 қазаннан қалдырмай қосуды тапсырып, қалған дайындық жұмыстарын 10 қазанға дейін аяқтап, жылу беруді міндеттеді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар