«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылшаруашылық алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылуда

Ауылшаруашылық алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылуда
ашық дереккөз
Ауылшаруашылық алқаптары мемлекет меншігіне қайтарылуда
Кеше жетінші шақырылған облыстық мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша әуелі облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов облыстағы жерлерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажетіне қарай пайдалануды жоспарлау жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. – Облыстың жер қоры 14,4 миллион гектарды құрайды. Облыс аумағының 72 пайызы егін және мал шаруашылықтарын дамытуға қолайлы. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың тиімділігін арттыруға кері әсер етіп отырған факторлар да жоқ емес. Оның негізгісі – жер пайдаланушы субъектілердің ұсақтығы. Ұсақ шаруа қожалықтары материалдық, техникалық және қаржылық жағынан әлсіз. Салдарынан егістік жерлердің біраз бөлігі жыл санап игерусіз қалып қояды. Екіншіден, облыс егістікті суландыратын ағын судың 80 пайызын көрші Қырғыз елінен алатындықтан суармалы егістік жерлердің қайтарымы төмен. 2017 жылдан бастап егістік жерлердің игерілуін космос арқылы мониторингілеу тәсілі қолданысқа енгізілді. Қазір бұл шараны республикалық бюджет есебінен Ауыл шаруашылығы министрлігі іске асырып келеді, – деген басқарма басшысы тиісті жұмыстардың нәтижесінде игерілмеген 236 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. Сондай-ақ Б.Көпбосынов Президент тапсырмасына сәйкес жайылым тапшылығын 2023 жылдың соңына дейін жою бойынша қолға алынған жұмыстардың нәтижесіне де тоқталды. Бұл мәселе бойынша тағы үш спикер жарыссөзге шықты. Жерді тиімді пайдалану бойынша Шу ауданында біраз кемшіліктердің анықталғанына байланысты аудан әкімі Сәкен Арубаев баяндама жасады. Осыдан соң жарыссөз тоқтап, шешім жобасын мәслихат депутаттары бірауыздан қабылдады. Сессияда жануарларды құрықтаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту туралы облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасап, депутаттар ережені мақұлдағанымен, кейбір нормаларды реттеу бойынша жұмысшы тобы құрылатын болды.  

Сәндібек ПІРЕНОВ

Ұқсас жаңалықтар