«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәртебең аласармасын, мұғалім!

Мәртебең аласармасын, мұғалім!
ашық дереккөз
Мәртебең аласармасын, мұғалім!
Бірде бір үлкен кісі өзіне жәрдемдескен балаға «Мұғалім бол!» деген ғой. Сонда бала: «Қойыңызшы, қарғамаңызшы» депті. Бір кездері қадірі артық, беделі биік аяулы маман иесі болуды енді кеп ар көретін, қарғыс деп қабылдайтын қоғам шынымен қалыптасып үлгерді ме? Өкінішке қарай, солай. Салынбаған мектеп, білім ошағына сыймаған бала, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дұрыс жүйе әлі болмай тұр. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Өйткені ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлар тапшы. Қазір жалпы еліміз бойынша 3 733 мұғалім жетіспейді. Ал сұраныс жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Маман тапшылығын шешу үшін өзге мамандық өкілдерін мұғалімдікке тарту бойынша арнайы заң да қабылданды. Расында, білікті педагог жетіспейтін қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Әбден қордаланған дүниенің түп-төркіні қайда жатыр? Жыл сайын жалақысын көтеріп, әрідегі мәселені әлеуметтік жағдайдың оңалуымен реттейміз деген шешімнің маңызы бар ма? Бұл сауалымыздың жауабын ұстаздар қауымының өзіне қалдырдық та, мәселенің ушығуына әсер етіп отырған негізгі факторларға тоқталуға тырыстық. Оқып, пікір білдірем десеңіз, төр – сіздікі.

 Ахуалың қалай, ауыл мектебі?

Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, елде 7 569 мектеп бар. Қалалық жерлерде 2 мыңнан астам білім ошағы болса, ауылдық жерлердегі мектеп саны 5 мыңнан асады. Қала мен ауыл оқушылары сан жағынан теңесіп отырғанымен, сапа жағынан сан сауалдың астында қалып отыр. Мамандар бұл келеңсіздіктің негізгі себептерін талдауға көшті. Ең алдымен, еліміздегі мектептердің толымдылығында үлкен ауытқушылықтар бар. Ол біз жоғарыда айтып өткен мектепке баланың сыймауы мәселесімен қабысады. Бұл мәселе, әсіресе қалалық мектептерде орын алуда. Яғни, жобалық қуаты 1 200 балаға арналған кейбір мектептерде кемі 2 мың баланың отырғаны осыған дәлел. Ал керісінше ауылдық жерлердегі мың балаға арналған мектептерге бала саны жетпей отыр. Міне, парадокс. Осы жерде айта кететін жайт, оқушылардың құрамы жоғары болған сайын мектептегі криминогенді жайт та көбейетіні дәлелденген. АҚШ-та жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша криминалды инциденттердің 38 пайызы шағын, 60 пайызы орта және 89 пайызы үлкен мектептерде орын алады екен. Зерттеулер бойынша білім беру ортасы, мектеп ғимараты балалардың үлгеріміне ықпал етеді. Температура, желдеткіш және қауіпсіздік сияқты факторлар да – білім беру процесінің бастапқы шарттары. Білім беру ортасының сапасы оқушылардың үлгерімін 25 пайызға дейін арттыруы мүмкін екен. Ал біздің мектептер бұл жағынан кенже қалып отыр деуге толық негіз бар. Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мектептердің 42,5 пайызы бейімделген ғимараттарда орналасқан болса, 28,2 пайызы әлі күнге дейін тасып әкелінетін су пайдаланады. Ауылдағы мектептердің 56 пайызында ғана ауладағы дәретхана бар. 10,3 пайызы пешпен жылытылады. Осыдан кейін ондағы педагогтердің білім сапасын ауызға алмай-ақ, ол білім ошақтарындағы берілетін білімнің деңгейін бағамдауға болады.

Қосымша білімді кім іздейді?

Қаламымызға арқау болып, алаңдаған негізгі мәселеміз – қазақ мектептеріне деген қамқорсыздықтың тоқтамауы. Шыны керек, қоғамымызда қазақ мектептерінің беделі төмен, баласының ертеңіне елеңдейтін ата-ана қазақ мектебінің біліміне сенбейді. Сенетіндер – қолы қысқалар мен сондай биікке шығуға жолы қысқалар. Сенбесеңіз, кез келген қалталының баласы қайда оқып жүргенін қарап көріңіз. Жә, әңгіме ол туралы емес. Әңгіме осындай идеологиямызға иланып, баласының болашағынан үміт күтіп жүрген қарапайым халықтың қалтасын қағушылар жайында болмақ. Бүгінде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді ұран етіп ұстанған белгілі бір топ пайда болды. Бұл топтың өкілдері баланы мектепке дайындайды, үй тапсырмасын орындатады, сабағына көмектеседі, тіл үйретеді, олимпиада ұйымдастырып, білімдерін сынатып, мақтау қағаздарын береді… Тек, мұның бәрі ақылы. Өзінің сабағын әрең түсіндіріп бітіп, бір сыныптағы 25-30 баладан сабақ сұрап үлгермей қалатын ұстаздардың біразы қосымшаға бару жөніндегі ұсынысты кейде өздері де ашық айтады. Көп баланың ішінде өзінің баласына көңілдің қалай бөлінетінін білетін ата-ана баласын осындай ақылы орталықтарға амалсыз апарып жүр. Балаға орын жеткілікті болса, бір сыныпта 20 баладан артық отырмаса, бастауыш сыныптың мұғалімдерінің біліктілігі талапқа сай болса… ата-ана аузындағысын басқаға жырып беріп, несі бар?! Мектептің берер білімі мықты, мұғалімнің кәсіби деңгейі жоғары болса, бала білімді сырттан іздей ме? Орталықтың көбейгені мектептердің олқылығынан болып отыр демеске амалың да қалмайды. Сондықтан қазір қаладағы орта мектепке баратын кез келген баласын әр ата-ана қосымша сабаққа сүйрейді де жүреді. Бұл бүгінде дәл солай болуы керек сияқты қалыптасқан жағдайға айналды.

 Ақылы олимпиадалардың ақыры

Кезінде айтулы ғалым Асқар Жұмаділдаев халықаралық оқушылар олимпиадаларында орын алып жүрген ат төбеліндей ғана балалардың барын айтқан болатын. Сол 20-30 оқушының жартысы – бүгінгі білім-инновация лицейлерінің оқушылары. Қалғандары – қарапайым мектептеріміздің білім алушылары. Ал одан қалғандары ше? Олар қандай жарыстарда бақ сынайды? Ара-тұра өткізілетін, мемлекеттің бюджетінен қарастырылған тегін олимпиадаларды айтпағанда, мұндай оқушыларымыз үшін де түрлі жарыс жиі ұйымдастырылып тұрады. Тек олардың тегін өтпейтіні – өкінішті. Астана мен Алматы, Шымкент қалаларында отырып алып, сонау еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық мектепке хат жіберіп, ондағы оқушыларды да, оқытушыларды да әбігерге салатын бұл қандай олимпиадалар? Бақсақ, мұның астарында талай құйтырқылық жатыр екен. Ол – былай. Ақша тапқысы келген адам өзіне жеке сайт ашып алады. Осы сайты арқылы оқушылар арасындағы олимпиада, конкурс, байқауларды еркін ұйымдастыра береді. Ақылы, әрине. Мәселен, мына бір tarim.kz сайтындағы кез келген конкурсқа қатысу құны 1 500 теңге тұрады. Ал IQ – интеллектуалды білім порталының республикалық оқушылар байқауының жарнасы – 500 теңге. Міне, осылай тізсек кете береді, кете береді… Барлығының талаптары да бір. Қатыстырған оқушы саны ең көп мұғалімге арнайы сыйлық бар. Мұның астарынан оқушының сапасы емес, жинайтын жарнасы маңызды болып тұрғаны айқын байқалады. Міне, қазір осындай «пысықтар» білім саласымен «біте қайнасып» кетті. «Қазақ мектептеріне бәрі де бола береді» деген немқұрайлылық бәзбіреулердің қалтасын қампайтып жатыр. Олардың бәрі бала жүрген жерде ата-ананың ақшаны аямайтынын біліп алған. «Ауылдағының аузы сасық» деп қарайтын мұндай «алаяқтарға» министрліктің бір тоқтауы неге болмайды? Ең өкініштісі, мұғалімнің мәртебесі осындай өтірікке құрылған мақтау қағаздарымен өлшеніп отырған жайы бар. Білім мен біліктіліктің деңгейін бір жапырақ қағазбен өлшейтін жүйе тоқтамайынша, біздегі білімнің жайы еш өзгермейтіні ақиқат.

Ер мұғалім азайып бара жатыр...

Қалай айтсақ та, қазақ баласында тәрбиенің керемет үлгісі бар. Апайын алдап соққанымен, ағайына өтірік айтпауға, оның алдында өзін жігіттерше ұстауға тырысатын тәрбие бастауын айтып отырмыз. Біздің тәрбиемізде ер мұғалімнің алдында баланың бұзықтығы тұсауланып, қыздың ибалығы артады. Мәселе сол ер мұғалімдердің аздығында болып тұр. Ер адамның тәрбиесі үйде де, мектепте де маңызды. Өкініштісі сол, бүгінде мектептегі ер мұғалімдердің саны сиреп кетті. Тіпті мүлде азайды деуге негіз бар. Статистикаға сүйенсек, еліміздегі орта мектептерде сабақ беретін 300 мыңға жуық мұғалімнің 85 пайызы әйел ұстаздар екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Оқу-тәрбие мекемелері мен басқармалары басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Көрдіңіз бе? Баланың үйдегі тәрбиешісі – әйел, мектептегі мұғалімі тағы да – әйел. Бұл жерде біз бала тәрбиесіне байыппен қарайтын әйел-ана-ұстаздарға өкпе артып отырған жоқпыз. Керісінше, дәл осы тәрбиеге келгенде ер адамдардың орны ойсырап тұрғанына налып отырмыз. Ойында отағасылық міндеті мен бала-шағасын асырау міндеті тұрған ер адамның жалақысы жанбағысына жетпейтін ұстаздық қызметті талап ету де орынсыз шығар, бәлкім. Педагогтер мәслихаттарда еліміздің мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдайтын ұстаздар қауымы ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөнінде де ұсыныстар айтып жүр. 1950 жылдардағы әйел мұғалімдердің жетіспеушілігінен Алматыда Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғанын, педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихаттың күшейіп, қыз-келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалғанын ескерсек, бұл ұсыныстардың ұрымтал тұсы көп.

Ұстаздар ұстараның жүзінде тұр

Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова болса елімізде ең жоғары жалақыны мұғалімдер алу керек деп есептейді. «Педагогикалық оқу орындарынан келген жас мұғалімдердің біліктілігін атап айтпағанда, білімінің өзі қазіргі мектеп талабын қанағаттандыра алмайтынына жанымыз ауырады. Оның себебі де көп. Бірақ сол себептердің ішінде, ең бір елеулісі – педагогикалық оқу орындарына негізінен, «ҰБТ» жүйесі бойынша 50-60 балл жинаған түлектер алынып жататыны ақиқат. Ал ондай студент мектепке келу үшін емес, жай ғана базалық білім бар деген диплом алу мақсатын көздейді. Сондықтан болашақ мұғалім болатындарды нағыз білімді түлектер арасынан іріктеп таңдау мәселесі бір шешімін тапса дейміз. Егер мұғалім қоғамдағы ең жоғары жалақыны алса, сапа артып, мұғалімдікке орын таппай жүрер едік» дейді. Маманның сөзінде жан бар. Мұның тағы бір себебі әлеуметтік желілерде ұстаздардың беделін көтеретін әңгімелер айтылмайды. Керісінше мектептегі кездейсоқ келеңсіз көріністер жарқ ете қалады. Ал «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, ұстаздың ұлағаты азайып, ұрпақтың ұяты әлсіреп тұр. Бүгінгі қоғамның ұстаздары (өкінішке қарай, бәрі болмаса да басым бөлігі) мамандық иелерінің ең төменгі сатысы болып, ең нашарлар, сырттай білім алғандар, әйтпесе сатып алғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт болашағын ұсақтатып барады. «Бүгінгі күні ең үздік ұстаз – ештеңе сөйлемесе де, бәрін жазып қоятын ұстаз. Ең үздік сабақ беруші – сабақты қағазда даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай етіп қағазға түсіруші. Оларды баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы. Әрине, ойланатын жағдай… Ұстаздың беделі – қоғамның беделі. Бүгін шәкірт ұстаздың сақалына, ата-ана шаужайына жабысатын күнге жеттік» дейді ол ашынып. Ұрпақ тәрбиесіне баланы 16 сағат тәрбиелейтін ата-ананы емес, 8 сағат білім беретін ұстаздарды жауапты етіп, онсыз да әр үйдің еркесімен алысқан ұстаздарды ұстараның жүзіне салып бергенімізге налиды.  P.S. Әлемдік білім беру жүйесінің сапасы бойынша рейтингінде Қазақстан 71-орында тұр. ТМД елдері бойынша да ең төменгі орындамыз. Ал біз қорқынышты ертегінің тез аяқталуын күтіп отырған бала сияқтымыз. Өкінішті, ә.  

Гүлжан РАХМАН

Ұқсас жаңалықтар